- Негізгі бет
- Ақберен
- Шырақ батыр туралы...
Шырақ батыр туралы шындық
Парсы елінің патшасы Дарий І 700 мың нөкері бар қалың қолмен сақтар еліне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Ол кезде мұншалықты көп әскерді көз көріп, құлақ естімеген екен. Міне, «Шырақ» дастанында сақтардың Дарий әскеріне қарсы қаһармандық күресі аңызға айналған тарихи деректер негізінде жырланған. Алайда дастанның өзі сақталмаған. Тек дастанның негізгі сюжеті проза күйінде бізге жеткен. «Шырақ» дастанының сюжетін қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген грек тарихшысы Полиэн еді. Ол өзінің «Соғыс тактикасы» деп аталатын кітабында Шырақ батырдың ерлігін осы дастан бойынша жазып отырғанын айтады. «Шырақ» дастанының сюжеті төмендегідей оқиғалардан басталады. Парсы елінің патшасы жер қайысқан қалың қолмен сақтар еліне жақындап келеді. Елдің қауіпсіздігіне қатер төнеді. Сақ әміршілері Омарк, Саксфар, Оамирис жауға қарсы талай күрес жүргізуді өзара талқылап жатыр еді.
Дәл осы сәтте патша сарайына көздері бейне бір шырақтай нұр шашып тұрған, қапсағай денелі жігіт ентігін баса алмай, жүгіріп кіріп келді де: «Ұлы мәртебелі тәңірқұтым! Мені тыңдаңыз! Жау жақындап келеді. Мен жылқышымын. Бұл өңірдің ой-шұқырын өзімнің бес саусағымдай білемін. Біз қазір шексіз құм даланың, үлкен сахараның бір шетінде тұрмыз. Рұқсат етсеңіз, жаудың қисапсыз қалың қолын мен алдап, сол шексіз сахараның ішіне қайтып шыға алмайтын құм даланың ортасына алып кетем, - деді.
- Алданғанын сезген сәтте-ақ парсылар сені өлтіреді ғой, - деді патша.
- Тірі жанға ертелі-кеш бір өлімнің бары хақ, - деп жылқышы жігіт өршелене түсті. Сіздерден жалғыз ғана өтінішім бар. Балаларым жетімдік көрмесін. Бір адамның өмірі бүкіл сақтар елін аман алып қалса, ондай адамда арман бар ма, әміршім!
- Келістік. Балаларыңызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруге ант етеміз. Ең жүйрік сәйгүлік аттар соларда болады. Ол жағынан қам жеме. Тек атыңды айт, батырым, - деді.
- Атым – Шырақ!-деп жауап берді жылқышы жігіт. Ал енді менің бүкіл денемді, бетімді адам танымастай етіп, қаңжармен тілгілеп тастаңдар. Құлағымды кесіңдер. Аямаңдар, әйтпесе парсылар менің айтқан сөзіме сенбейді.
Алайда батыр Шырақтың денесін тілгілеп тастауға ешкімнің қолы бармайды. Сол сәтте Шырақ беліндегі қанжарын қынынан суырып алады да, өз денесін өзі қан-жоса етіп, аяусыз тілгілеп тастайды. Енді бір сәт Шырақ патшаға тағзым етеді де, көз ілеспейтін жылдамдықпен есік алдында байлаулы тұрған сәйгүлікке қарғып мініп, жау келе жатқан жаққа қарай құйындата жөнеледі.
Ойбай-ай мені құтқарыңдар! Қараңдаршы, сақтар мені қалай қорлағанын! Сақтарға кеткен қанды кегім бар. Парсы бауырларым! Мен сіздерді сақтар әскерінің дәл үстінен түсірем, сонда ғана менің жаным жай табады, - деді Шырақ.
Парсылар Шырақтың сөзіне сенді. Тіпті жол көрсететін адам табылғанына қуанып, шуласып, дүрлігіп қалды. Сол сәтте Шырақ жауға айтар сөзін ұштай түсті.
Құдықтардан су ішпеңдер! Сақтар улап кеткен. Олар жол бойындағы шөптерді де, егістіктерді де өртеп жіберген. Мен сендерді ешкім білмейтін құпия соқпақпен алып барам. Маған еріңдер! –деді.
Шілденің шыжып тұрған ыстығы. Су сұрап аңқасы кепкен нөкерлер. Шөлдеп, күн өтіп, ауырып өліп жатқан, көмусіз қалып жатқан парсы нөкерлерінің қисабы жоқ.
Осылайша Шырақ парсы әскерлерін жеті күн, жеті түн бойы адастырып, шексіз құм басып жатқан даланың түпсіз тұңғиығына енгізіп жібереген еді.
Шырақтың мәңгілік тұтқыны болғанын сезген парсы патшасы Шыраққа төне түсті. Ал Шырақ жалынды қуанышты дауыспен парсы әскеріне айқай салды:
Мен жеңдім! Біз жеңдік! Сақтар жеңді! Отан үшін жан пида. Мақсатыма жеттім. Енді мені өлтіре беріңдер. Мен өлімнен де, сендерден де қорықпаймын!
Шырақтың жалынды сөздеріне бұдан әрі шыдап тұра алмаған Парсы патшасы қылышын сермеп қалды. Шырақ туған жердің топырағын құшақтай құлады.
«Бұл – аңыз емес, тарихи шындық», - деп жазады Полиэн.
Ж. Исакаев