Тәуелсіздік бізге не берді? #2

Тәуелсіздік бізге не берді? #2
Фото: www.medkras.com, azh.kz

Биыл қазақ елінің тәуелсіздігіне 24 жыл толады. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстан әлемге танылып, тар жол тайғақ кешу мен зұлмат қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, жаңа деңгейге қол жеткізді. Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған тәуелсіз елді әлем таныды.

БАСЫ

Білім саласындағы жетістіктер

Қазақстанның білім саласындағы мемлекеттік саясаты 1991 жылдан кейін заңнамалық базаларды реформалау бағытында жүзеге асырыла бастады. Білім саласын басқару мен оны қаржыландыру білім жүйесі сапасын арттыру міндеттерімен байланыстырылады. Ал еліміздегі білім саласын жеделдете реформалау 1995 жылдан бастау алады.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жоғары білім жүйесін реформалау кезеңін үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі (1991-1994 жж) – жоғары білім берудің заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасы жасалуы. Екінші кезең (1995-1998 жылдар) – жоғары білім жүйесін жаңарту, мазмұнын тереңдету. Үшінші кезең (1995-2000 жылдар) – білімді басқару мен қаржыландыруды орталықтан алу және білім ұйымдарына академиялық еркіндікті кеңейту. Төртінші кезең (2001-2007 жылдар) – Жоғары және орта білім беру жүйесін стратегиялық дамыту. Осы жүргізілген реформалар арқасында білім беруді басқаруда демократиялық сипаттар орныға түсті, білім мекемелерінің өкілеттіліктері кеңейді, мемлекеттік жалпы орта және бастапқы кәсіптік білімнің тегін жүргізілуі кепілдендірілді, білім берудің үштұғырлылығы жүзеге асырылып жатыр. ҚР азаматтарымен қатар басқа мемлекеттерде тұратын қандастарымыздың тарихи отанында білім алуына мүмкіншілік ашылды, елімізге аса қажетті мамандықтарға мемлекет тарапынан білім гранттарының желісі ұйымдастырылып жыл сайын ұлғайтылып жатыр.

Елбасының бастамасымен 2005 жылдан бастап елімізде білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы, Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы, еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

Дарынды жас қазақстандықтарға әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру еліміздегі адами капиталдың дамуына қосылған елеулі үлес болды. “Болашақ” халықаралық стипендиясы Елбасы Жарлығымен 1993 жылы 5 қарашада қабылданды. 1994 жылдан берi жылма-жыл қазақстандық жастар шетелдiң алдыңғы қатарлы оқу орындарына жiберiлiп келедi. Президенттiң бастамасымен ашылғандықтан, бұл бағдарлама түлектерiне қарата айтылатын “Президенттiң балапандары” деген бейресми атау қалыптасты. Ал Елбасының өзi “болашақтықтармен” бiр кездесуiнде оларды “менiң достарым” деп атады. “Болашақ” стипендиясының мемлекеттiк маңызы осы екi жайттан-ақ байқалса керек.

Медицина

Тәуелсіз Қазақстаннның медицинасы да бірден аяқтқа тұрып кеткен жоқ. Кеңес дәуіріндегі жүйе жаңартылып, денсаулық сақтау саласы көптеген қиындықтарға ұшырады. Дәрі-дәрмек, медициналық құралдар жетіспеді. Әсіресе, жалақысы төмен болған медицина қызметкерлері басқа салаға ауысып кетіп жатты. Мамандар тапшы уақытта, қызметкерлердің өзге салаға ауысуы жығылғанға жұдырық болғаны рас. Десе де тәуелсіз елдің аяққа тұруымен қатар, денсаулық сақтау саласының да жағдайы бірте-бірте оңалды. Жыл сайынғы қаржыландыру мен мамандар саны едәуір өсті.

2001 жылы мамандар саны қайта көбейе бастайды. Сөйтіп, 2002 жылы дәрігер саны 53 мыңға жетіп, 113 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс жасайтын болды. 2004 жылы бұл көрсеткіш дәрігер 54 мың, орта буын медицина қызметкері 117 мың адамға жетеді. Республикада халық саны 2009 жылы 1999 жылмен салыстырғанда 49,6 мың адамға өстi және 2004 жылдың басында 14 951,2 мың адамды құрады. 2009 жылы бала туу көрсеткiшi 1000 адамға шаққанда 17,2-ні құрады және 1999 жылмен салыстырғанда 1,2 есе өстi. Республикада бала туудың өсу үрдiсi 1999 жылдан бастап байқалып отыр. 1999 жылдан бастап халықтың өлiм-жiтiм коэффициентi болмашы ғана өскенi байқалды, ол 2009 жылы 1000 адамға шаққанда 1999 жылғы 9,7-ге қарағанда, 10,5-тi құрады. Халықтың өлiм-жiтiм құрылымында жүрек-қан тамыры, онкологиялық аурулар, жарақаттану жетекшi орын алды. Республика халқының болжамды орташа өмiр сүру ұзақтығы 2004-2005 жылдар iшiнде тұрақтанды және 2009 жылдың соңына қарай 65,9 жасты: ерлерде — 60,5 жасты, әйелдерде — 71,5 жасты құрады. Қазақстан Республикасы халқының жалпы науқастанушылық көрсеткiшi серпiндi өстi және 2009 жылы халықтың 100 мың адамына шаққанда 1999 жылғы 47972,8-гe қарағанда 56413,9-ды құрады.

Қазақстан медицинасында орын алған түбегейлі өзгеріс 2010 жылғы Біріңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі. Бұл бағдарлама шетелдік үздік тәжірибелерден үлгі ретінде алынды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі баршаға аян, тәжірибеге 2010 жылдың қаңтарынан бастап енгізілді. Жүйе қабылданбас бұрын нормативтік-құқықтық база сәйкестендірілді. Бұл бағдарлама – еліміздің медицина саласындағы ең ірі бағдарламаларының бірі. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы №1113 Жарғысымен бекітілген 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапты. Ел басының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында БҰДСЖ енгізу үдерісін 2013 жылға дейін аяқтау бойынша тапсырмалар берілді.

Соңғы жылдары Қазақстан денсаулық сақтау саласы қарқынды дамуды бастан кешіріп, алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсететін орталықтар шоғырланған елге айналды. Халық бұрын күрделі ота түрлерін жасату үшін шетел асып ем іздейтін, бүгін республикалық медициналық орталықтар әлемнің үздік медициналық мекемелерімен бәсекеге түсуге қауқарлы. Астана қаласында уақыт талабына сай замануи емдеу технологияларымен жабдықталған ірі медициналық орталықтар жұмыс жасап, тіпті біздің елордаға алыс-жақын шетелдерден дертіне дауа іздеп, ауруынан айығып кетіп жатқан емделушілер қаншама. Бүгін медициналық туризмді дамыту, елімізде сақтандыру медицинасын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2015 жылы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мерзімі аяқталады. Жаңа жылда денсаулық сақтау саласын жетілдіруде бағыт-бағдар берер жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданады деп күтіледі. Ұлт денсаулығы  табысты болашақтың негізі, бақытты өмірдің кепілі. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі ретінде еліміздің барлық аумағында сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бар болғаны маңызды.

Ел болашағы  жастар

Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде: «Ел азаматтарының 5 миллионға жуығы — 14 пен 29 аралығындағы жастар. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болды. Бұл салада «Болашақ», «Жасыл Ел», «Жастар — Отанға», «Дипломмен — ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жас мамандар қоры» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Жастар саясаты саласындағы жобаларды қаржыландыру соңғы 7 жылда 10 есеге артты.

Тек биылдың өзінде жас мамандар баспаналы болуына және оларды қолдау көмегіне 12 миллиард теңге жұмсалды» — деді. Ал 2014 жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауында «Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есік пен жолды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!» - деді.

Ел спортының еңсесі биік

Көзі қарақты жанға белгілі, Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары бұрынғы Кеңес Одағы кезінде салынып, пайдаланып  келген инфрақұрылымдар қысқа мерзімде не тозып, не қолды болып, спортымыздың дамуына пайдасын тигізе алмай қалды. Ал экономикалық ахуалдың күрделілігінен көптеген спорт нысандары жекешелендіріліп, әсіресе бұқаралық спорттың дамуында қиын да күрделі кезең орнады. Бірақ Елбасы елдік істердің бірі ретінде Қазақстан халқының болашағына тікелей тұтқа болатын бұл саланы назардан тыс қалдырмады. Тәуелсіздіктің үшінші жылы табалдырықтан аттаған сәтте-ақ Елбасының нұсқауымен Қа­зақстан Үкіметі «Қазақстан Республи­ка­сы­ның «Қайрат» ауыл дене шынық­тыру-спорт қоғамының жұмысын жетілдіру туралы» №556 қаулысын қа­был­­­­дады. Бұл  ел спорты стратегия­сы­ның көрінісі болған қаулы еді.

Тәуелсіз­дікке қол жеткізіп, дербес мемлекет атанғаннан кейін Қазақстан өзінің бірінші Олимпиадасына 1996 жылы қатысты. Осы жолы әлемнің 197 елі арасында 24-орыннан бой көрсеткен еді. Сонда: «Бұл — КСРО кезіндегі спортты қолдауға бағытталған шаралардың шарапаты. Енді Қазақстанның спорттағы көрсеткіштері төмендейді» — деген пікірлер айтылған еді.

2011 жылы Қазақстан  VII Қысқы Азиада ойындарын өткізді. Құрлықтың 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысқан Ойындар екі қалада — Алматы мен Астанада өткізілді. Біздің құрама 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте І орынды иеленді. Бірінші орын ғана емес, қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартты.

Ал 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ел тарихындағы ең бір жарқын беттер болмақ. Қазақстандық спортшылар 205 ұлттық құрама арасында 12-орынға табан тіреп, елімізді жетекші спорт­тық державалар қатарына қосты. ХХХ жазғы Олимпиялық ойындардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Елбасы: «2006 жылдан бері менің тапсырмам бойынша жоғары же­тістіктер спортын дамыту бағдар­ла­ма­ларын қаржыландыру көлемі 3 еседен де көп өсірілді. Биылғы жыл бюд­же­тінде бұл мақсатқа 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бүкіл еліміз бойын­­­ша 33 мыңнан астам спорттық нысан салынған және іске қосулы. Біздің елімізде 70 мыңнан астам спорттық секциялар қызмет көрсетеді. Спортпен шұғылданатын қазақ­стан­дықтардың жалпы саны 3 миллион адамнан асады» — деді.

Тәуелсіздіктің 24 жылдығын атап өту Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы аса көрнекті оқиғасы болуы тиіс. Оның мақсаты – Қазақстанның жетістіктерін кеңінен насихаттау, тәуелсіздік жылдарындағы қорытындыларды шығару, сонымен қатар еліміздің жетістіктері мен мүмкіндіктерін ел ішінде және одан тыс жерлерде көрсету.

Н. Үсенова