- Негізгі бет
- Қазақ хандығы - 550 жыл
- Таразда Тәуелсіздік монументі...
Таразда Тәуелсіздік монументі ашылды
Киелі Тараз топырағында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейлі мереке өтіп жатыр. Қалаға арнайы ат басын бұрған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барша қазақстандықты мерекемен құттықтап, Тәуелсіздік монументін ресми түрде ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақ хандығына арналған мерекелік іс-шаралар 7 қазан күні басталды. Әлі жалғасып жатыр. Тәуелсіздік монументі, Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштерінің ашылуында Елбасы барша қазақстандықты құттықтап, мерекенің маңызы туралы айтты.
- Барша қазақстандықты Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – татулықтың, бірліктің мерекесі. Ынтымағы жарасқан ұлтымыздың берекесіне айналған мереке. Барлық облыстар мерейтойды тойлауға атсалысып жатыр. Киелі Тараз жақсы көретін өңірлерімнің бірі. Бүгінде бұл аймақта түрлі оң істер атқарылып, талантты жастар өсіп келеді.
Төле би бабамыз айтып кеткендей, бірлік болмаса, тірлік болмайды. Қазақтың басы ыдырағанда ғана жау шабуыл жасаған. Сондықтан да ынтымағымызды нығайтып, бірлігімізді берік ұстауымыз керек. Баршаңыза зор денсаулық, елімізге тыныштық, береке-бірлік тілеймін, - деді Елбасы.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мереке 10 қазанға дейін жалғасады.
О. Сансызбай