Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау басталды

Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау басталды
Фото: 24.kz

Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтой басталды.

Дүбірлі тойдың куәсі болуға жан-жақтан қонақтар толассыз келіп жатыр. Тек бүгіннің өзінде шаһардың бірнеше жерінде өнер майталмандары дайындаған көптеген концерттер мен театрландырған қойылымдар халық назарына ұсынылуда. Бұдан бөлек халықаралық конференциялар мен форумдар бастау алды. Бүгін Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тойдың шымылдығы түрілді. Еліміздің барлық өңірлері мен алыс-жақын шетелдерден қонақтар келіп жатыр. Шаһардың әр аудандарында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, көпшіліктің көңілін көтеруде. Жалпы, ұлы тойға еліміз бен шет елдерден бас-аяғы 30 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде. Олардың алғашқылары болып бүгін саяхатшы байкерлер жетті.

Тарихи тойдың негізгі бөлігі 8-9 қазан күндері өтеді. Жалпы, шара барысында «Мәңгілік ел» республикалық ақындар айтысы, «Ұлы дала ойындары»: аламан бәйге, ұшқыр жарыс бәсекелері және қазақ күресінен «Еуразия барысы» турнирі өткелі отыр. Сондай-ақ, «Қазақ хандығы» монументі ашылады. Онда қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібектің мүсіндері бейнеленген.

Тараз маңында сырттан келген қонақтар назарына ұсынатын 3274 тарихи орын мен құнды жәдігер бар. Олардың негізгілері «Қазақ хандығы» монументі мен «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы болып отыр. Оны туристерге таныстырып, түсіндіру үшін негізгі үш тілді меңгерген 400-ден астам еріктілер тобы да жасақталған. Сонымен қатар тойда мәдени-шаралар өтетін бағыттар бойынша арнайы қоғамдық көліктер бар. Ал қонақтарды орналастыру үшін 40-қа жуық қонақүй мен демалыс орындары дайындалған.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы