Ақмола облысында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарыс өтті

Ақмола облысында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарыс өтті
Фото: inform.kz

Ақмола облысының Шортанды ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарыс өтті. Бұл туралы  аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып ҚазАқпарат хабарлады.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ерлан Мұхамедин қатысып, жиналған жұртты құттықтады.

«Бүгінгі күні біздің ауданымызда ат спорты түрлері бойынша жарыс өткізілуде. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған осындай шараның Шортанды жерінде ұйымдастырылуы - біз үшін үлкен қуаныш. Жарысқа Ақмола облысымен қатар,  Астана қаласы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан спортшылар келіп отыр. Жеңімпаздарға әзірлеген бағалы сыйлықтарымыз бар.  Баршаңызды осынау мерекемен құттықтап,  сәттілік тілеймін», - деді аудан әкімінің орынбасары.

Еске сала кетсек,  Шортанды ауданында осымен 5 жыл қатарынан ат спорты түрлері бойынша жарыс өтуде. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл жолғы жарыс барысында көрермендер аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға, қыз қуу, аударыспақ және көкпар тәрізді ұлттық ат спорт түрлерін тамашалады.

Жарыс қорытындысына бойынша 7 шақырымдық жорға жарысында 1-орынға Евгений Чибисов лайық деп танылса, 2-ші және 3-ші орындарды Виктор Патрикеев пен Николай Бабичев өзара бөлісті.

Ал тоқ бәйге жарысында Берік Қабылбеков жеңімпаз атанса, желіс (рысак) түрі бойынша Антон Чибисовтың бағы жанды.

Осы орайда ат спортын дамыту үлес қосып отырған жергілікті «Нива» серіктестігінің директоры Владимир Абермит, Руслан Газдиев, жеке кәсіпкер Ілияс Смайлов және ҚР Ат спорты федерациясының директоры, жазушы Сәдібек Түгелдің еңбегін атап өткен жөн. 2010 жылы Сәдібек Түгелдің ұйытқы болуымен Шортанды жерінде Ақан серінің әйгілі Құлагеріне ескерткіш орнатылған болатын.

Н. Айдархан