Халық емшілігі: Тағамға қатысты ем-домдар

Халық емшілігі: Тағамға қатысты ем-домдар

Тіл білімінде концепт құбылысы адам санасында ұйғарылған дүние бейнесінің оперативті мазмұндық бірлігін сақтайды әрі дүние бейнесіні адам психикасында сақталуына тіл арқылы берілуіне мүмкіндік жасайды. Бірақ бұл ақпараттар сананың терең құрылымында сақталғандықтан сөздің түрлі ассоциативті байланысында сипат алып, концептілікжүйеге айналады.

Сол себепті адам өзі жасаған сан түрлі концептілер ортасында өмір сүреді. Кез келген ұлттың тағам жүйесінен сол халықтын болмысымен біте қайнасқан, басқа халықтардың мәдениетінен де хабардар ететін жалпы құндылықтарды байқауға болады. Алуан түрлі ауруларды өздерінің жағрафиялық ортасына қарай, өмірден жинаған білім тәжірибелеріне сүйене отырып емдеді және емшілік дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырды. Осы орайда жиналған материалдар негізінде тағамға байланысты атаулардың сырында адам баласының ауру-сырқауына дауа болатын бірқатар тілдік деректерді "ем" концептісі төңірегіне топтастырдық.

Айта кететін бір жайт, қазақ тілінде "ем" сөзінің құндылығын арттыратын "емге жоқ", "емге сұрау" деген тіркестер бар. Бұл тіркестер көбінде зәру, қат болған, қолға түспейтін дүниелерге қатысты айтылады. Тағамға қатысты атаулардың ішінде қазақ емге қазыны, қарындағы мамыр майын, алғашқы саумалды сұраған. Өйткені жылқының қазысы мен саумалы, мамырдағы қызғалдақ сары майының құрамында дәрілік шөптердің құнары жақсы сақталған, әрі мың да бір ауыруға ем деп табылған. Жалпы түркі халықтарының дүниетанымы мен наным-сенімінде емшілік дәстүр мықтап орнағандығын ескерсек, бұл турасында этнограф Ш.Уәлиханов "Аруақтар немесе онгондар – өлген ата-бабалардың рухы" атты еңбегінде былай деп жазады: "Ем аурулар, шамандардың пікірінше дене қимылы салдарынан емес, Тәңірінің құдіретінен, жын-ыбылыстардан, дұға оқып таза жүрмегендіктен, киел ауруға шалдығады. Қазақтарда барлық аурулар ауыр науқас, жеңіл науқас деп екі категорияға бөлінген" [1, 416].

Қазақ халқы күнделікті тұрмысында аурудан алдын ала сақтануды дәріптейді. Көшпелі халық аурудан сақтану үшін ішетін астың тазалығына, жағымды-жағымсыздығына ерекше көңіл бөлген. Осымен байланысты немесе аурудың болу себебін түсіндіретін біраз тілдік деректер түркі халықтарының мақал-мәтелдерінде де көрініс тапқан.

Мәселен, "ауру – астан, дау – қарындастан", "көзің ауырса, қолыңды тый, ішің ауырса, аузыңды тый", өзбек "қорнинг оғирса, нафсингни тий" (қарнын ауырса, нәпсіңді тый) т.б. мақалдар тамақтан ауырған адамның мешкейлігі мен ашқарақтығын мысқылдаудан туып, халық арасында жиі айтылады. Дегенмен де қазіргі медицинада дәлелденгендей, қуаты мол ас-дәмдер ғана кез келген ауруға төтеп болары хақ. Осымен байланысты түркі халықтарына ортақ жылдың төрт мезгілімен сәйкес келетін тамақтану дәстүрін былайша сипаттауға болады.

Мәселен, қыс мезгілінде адам ағзасына тәтті тағамдар мен қышқыл, тұздығы мол тағамдар, ақ тағамдары мен сиыр етін молынан тұтыну керек, қыстың соңғы айы ақпан мен көктем басында ащыны басымырақ пайдаланып, бидай, айран, сары май, қойдың етін жеу керек делінген.

Ал жаз айларында ащы, қышқыл, тұзды дәмдерді көп пайдаланып, жылы, майлы тағамдарды, қоңыр күзде дәмді, ащыны пайдаланып, қойыртпақ тағамдарды, астық өнімдері, сүт өнімдерін (құрт, қаймақ, қаймақ) жеген жөн деген. Аталған мәліметтерден күнделікті тағамды іс-әрекетпен дұрыс сәйкестірудің өзі адам ағзасының сау қалыпын сақтаудың қайнар көз болатынына көз жеткіземіз.

Ойымызды ғалым Р.Карутцтың пікірімен толықтырсақ: "Ежелден ет, сүт, май өнімдерімен ғана қоректенген, егін өсіруді кеш бастап, ал санды көп жерде қазір де қажет етпейтін қазақтардың көршісінен шайды ғана қабылдап, денсаулығының мығым болуы ет тағамдарының зияндылығы жайындағы барлық ұғымдарды теріске шығаратын сияқты. Өйткені бұл халық өзінің күш-қайраты мен төзімділігі арқасында өнеге көрсетіп алда тұр" [2, 416].

Қазақ халқында "Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама", "жаманнан жарты аяқ ас қалады" деген мақалдар бар. Мұндағы көрініс тағамның адам үшін ең маңызды қажетті құрал екенін, ал ашыққан адамның денсаулығы сыр беріп, сана-сезімі тұманданып, күш-қуатының кемитіндігін ескерте келіп, ол адамның денсаулығын қалпына келтіруде қырық күннің қажеттігін о баста пайымдаған. Мысалы, мал түлігінің етін жыл мезгіліне сай тамаққа пайдалану дәстүрі көшпелі халықтың ас дайындау мәзіріне (ыстық, суық, салқын райлы мал еттері) мықтап орнаған. Қазақ, қырғыздың сүйікті асы етті қырғыздардың майдалап нарын етіп турайтыны жұртқа мәлім.

Ал ет жегеннен қазақтан ешкім аса алмас. Сүйікті ұлттық асымыз ет жеу туралы да ел арасында тағы да мынадай мәтелдер бар. "Албанша турап, адамша жейміз бе? Қызайша турап, құмайша жейміз бе?", "Керейше жапырақтап, әлемтапырық жейміз бе?". Әзіл болса да негізі бар бұл мәтелдер ет турауда әр жердің өзіндік салты бар екеніне дәлел болады.

Қазақ халқында төрт түлікке қоймен қосылып айтылатын мал – ешкі. Қазақ ешкісі – ет, сүт, түбіт өнімдерін мол беретін көптеген ешкі тұқымдарының аралас түріне жатады. Ыстық пен суыққа бейімделген, қыста өз бетімен өрісте жайыла алады. Бес ай сауылып, жылына бір рет қырқылады. Ешкі он екі жыл ғана жасайды. Ешкі малының еті емге дәру, сүті бал деген болмыстық ұғымдар қалыптасқанымен, ауызекі тілде аракідік кездесетін "есі кеткен ешкі жияр, ешкіменен есін жияр", "тоқал ешкідей қылды", "ешкі көзденді", "ешкі егіз тауып қойдан аспас" деген тіркестер о баста халқымыздың ешкі малын басқа жасалатындықтан болар, сыйлы қонағына мастер қымыз құймаған.

Бірақ өзіндік емі бар ешкінің етін қазақ ертеден бері көкірек ауыруын пайдаланса, ешкі сүтінің құнары ананың омырау сүтіне бара-бар болып шаранасынан жетім қалған талай нәрестеге азық болған деседі. Еу концептісін ешкі малының өнімдері арқылы танудың тағы бір дерегі мына этноқұбылыспен байланысты. Мысалы, қазақтың ауруды сырқатынан айықтыру мақсатында жасалатын "көшіру" салтында қара қой, не сары ала ешкіні сойып, оның таза етін сүйегінен сылып алып пісіреді. Піскен етті халыққа таратады. Атаулы құбылыста ем концептісінің аялық білімі мына деректермен толығатындай: піскен еттен ауру адам не бақсы бір де түйір татпайды.

Ал еттен қалған сүйек-саяқтар теріге оралып ошақтың жанындағы қазылған екі үңгірге жасырылған. Үңгірден ауруды ары-бері өткізіп, үйіне алып қайтқан, емнен кейін ауру адамның киімін бақсыға берген деседі. Қышымадан емдеу үшін де үш мысқал сынапты ешкі майымен араластырып, тоғыз бөлікке бөледі, күніне үш рет қабылдайтын ем болған. Сондай-ақ, шетпе болған баланы ақ немесе көк ешкінің жаңа сойған терісіне орап, жел құзынан арылту, "сусамыр" ауруына (қанты жоғары) әбден арыған ешкінінің еті мың да бір ем болса, емдік қасиеті бар әрі балалардың денсаулығын жақсартады деп жаздың ыстық күндерінде серкешетін тағам ретінде тұтыну ертеден бері ешкі етінің емдік қасиетінің тағы бір қырынан көрсетеді.

Мұндағы серкеш етінің мүмкіндігінше жаз айларында ғана ас ретінде қабылдануы ешкі малының еті тез қата беру ерекшелігіне байланысты болса, сондай-ақ мал баққан жұрт ешкінің серкесін қатты құрметтеп "серкесіз қой болмайды" деп қоралы қойға басшы ретінде серке қоюы сияқты болмыстық мәндер аялық білімді тоғыстырады.

Түркі халықтарының төл кәсібінің бірі – саятшылық өнер. Атаулы өнердің арқасында ас дайындауда жабайы аңдардың етін күнделікті асқа және емге тұтынып, оларды қолданғанда діни наным-сенімдерді қатаң ұстаған. Дәмді әрі мың да бір ауруға ем деп құлан, арқар, аю, қабылан, жолбарыс етін жеген. Халықтың сенімі бойынша бұл аңдардың етін жеген адам қайсар, күшті жауынгер болады және адамның ішкі ағзасын аурудан сақтайды деген наным болған. Мәселен, ем концептісінің мазмұнын ауырған балаға жолбарыстың жүрегін жегізу, жараның аузы тез ашылу үшін қойдың шикі құйрығымен емдеу, шошынып ауруға шалдыққан адамды қойдың өкпесімен қағу, асқазан қыжылын басу үшін аю өтін кептіріп ұнтақтап оны жылы сумен ішу сияқты этнотүсініктер толықтырады.

Тұзақ құрып құс ұстап, оның етін тағам әрі ем ретінде қолдану дәстүрі түркі халықтарының біразында ертеден қалыптасқан. Халық ұғымында үкі, қарға, самұрық, қарақұс, қарлығаш, аққу құстары киелі семантикаға ие.

Ата-бабаларымыз тіпті олардың емдік қасиеттерін де біліп бағалаған. Мысалы, үкінің басы, аяғы мен қауырсыны жын перілерден, сұқ көзден қорғайды деген ұғым бойынша оны үйдің әр жеріне, бесіктің басына, жаңа үйленген жастардың шымылдығына іліп қоятын болған. Сондай-ақ халық аққуды аткызбаған. Аққуды кұс төресі, сұлулық пен махаббат белгісі іспеттес киелі күш деп санаған.

Этнограф С.Қондыбай құстардың киелілігі туралы былай дейді: "Құс – екі дүние арасын жалғастырушы делдал (рух, періште). Қарабайыр мифте, басқа дүниенің өзінің жоғарғы және төменгі бөлінуіне орай, делдал құс бейнесі де екі түрлі болып шығады; яғни, кұс – адамды жоғарғы дүниемен де, төменгі дүниемен де жалғастырушы" [3, 201-202].

Түркі халықтарының этномәдени өмірінде саятшылықпен қатар аңшылықты арнайы кәсіп ету барысында көптеген аңның түрлері халық арасында емге кеңінен қолданылған. Мәселен, аңшылық кәсіптің қыр-сырына қанық қазақ халқы – қоянды жүйрік атқа ит қосып аулаған, немесе жайылып жүрген жерінен садақпен не мылтықпен атып алатын болған.

Тілші М.Мырзаның анықтауынша "қазақ, ұйғыр халықтары қоянды таршылық кезеңдерде тамақ үшін, жай уақытта еті мен сорпасы, еті емшілікке (сары ауруға), терісі жаға, тымаққа қажеттігіне байланысты аулап келген" деп көрсетеді [4,15].

Мұсылман баласына қоян етін жеуге тыйым салынбаған. Бұл жөнінде тарихшы-этнограф Құрбанғали Халиди: "Пайғамбар қоянды жемеймін де, тыйым салмаймын да деген екен. Етін жеуге болатын хайуан төлінің бәрін бір-ақ сөзбен "күшік" деп атау керек десе, бірақ қоян төліне "көжек" деп атауында не сыр бар?" - деп жазған екен [5, 92].

Далалы жерді мекендейтін, аша тұяқты, сүтқоректі аңның бірі – қарақұйрық. Қазақтың емшілік дәстүрінде қатты суық тиген баланы қарақұйрықтың қанымен емдеу тәсілі бар. Бауыздалған қарақұйрықтың жылы қаны ауырып жатқан адамның тұла бойындағы қызуды бірден сорып алып, денеден малмандай терді бұршақтатып шығарған. Тіл құзырында өмірдің әр саласының тоғысуын ем концептісіне қатысты тағы бір деректерден көреміз. Інге теріс қарап жатады, сасық немесе адамнан азған жануар деген түсінікті атам қазақ тышқан тектес бірқатар жануарлар: суыр, борсық, қарсақ, қараққұйрық аңдарына қатысты айтады. Қазақ емшілігінде олардың жекелеген мүшелері ғана – майы, өті түрлі емге (көк жөтел, көкірек ауруларына, құяң, т.б.) пайдаланылады.

Мысалы, ата-бабаларымыз қарсақтың қанымен ысталған киізді күлге айналдырып, топырақпен араластырады да қан тоқтату үшін жараға жаққан. Мұсылмандақта жеуге тыйым салынатын суыр еті – моңғол тектес халықтардың дастархан мәзірінде, әсіресе күз айларында ең сүйікті тағам ретінде тартылған. Өйткені бұл халық суырдың қоректену ерекшелігіне қарай оның еті аса шипалы емдік қасиетімен бағалы деген құбылысқа сенім артқан.

Ш. Уәлихановтың жазбаларында ата-бабамыз емге жұмыршақты пайдаланғаны туралы айтылады. Жұмыршақ – іші қызыл құртқа толған жылқының таз қарыны. Ерте кезде таз кісіні емдеу үшін оны басына тартатын [1, 184-142]. Адам ағзасында керекті заттардың жетіспеуінен тағам туатын ауруды медицинада "мешел" деп атайды. Аталған ауруды тағам арқылы емдеудің жолы якут халқында кездеседі. Емдеу үрдісі – аяғын баспаған мешел баланы жылы айранға батырып алып, тоғыз торабына отырғызуы арқылы жасалса [6, 41], моңғолиядағы қазақтар мешел баланы қанжылы ботқаға белуарына дейін малынып етіп, сүйектері мен буыны бекуіне ықпал етеді деген сенімнен туындаған. Бұған қарағанда, мұндай жылы, қою нәрсеге отырғызу – баланың өз денесін ұстап отыруына және осы негізде сүйектері мен буыны бекуіне ықпал етеді деген сенімнен туындаған.

Кез келген тағамды тұтынуда тиісті шама-мөлшерден ауытқу барлық аурудың негізін тудырады деген пікір денсаулықтың басы болатын ас-судың адам ағзасында дұрыс сәйкесуіне қатысты айтылатындай.

Осыған қатысты Шығыс медицинасы "Жұмыршақты (асқазанды) төртке бөлу керек. Оның екі бөлігін тамақпен, бір бөлігін сусынмен толтырып, енді қалған бір бөлігін бос қалдыр" деп уағыздайды. Бұл жайында ғалым Д.Катранның еңбектерінде жақсы баяндалған [7, 110]. Осы ойға қатысты ұйғыр халқында "көкчөчүриси" деген тағам наурыз айында алғаш көктеп шығатын (бедә) жоңышқадан жасалып, халық ұғымында атаулы тағамның ішті тазалайтын емдік қасиеті бар деседі. Атаулы тағамның "ем" концептісіне қатысын - оны халық "алғашқы шыққан көк" деп ырымдап жеу дәстүрінен көрініс тапса, екіншіден, мұсылман елінің жыл басы наурыз айында ғана атаулы тағам жылына бір рет дайындалған.

Осыған байланысты ұйғыр халқында қалыптасқан "Қонақни дөңгә тери, бедини - ойға (тери)" деген мақал бар [4, 17]. Ауруға ем болар, сырқатқа дауа болар тағамның бірі - қымыз. Халық арасында қымызды адамның денсаулығын сақтайтын жасын ұзартатын сусын деп атайды. Халықтық медицинада оны ежелден бері өкпе ауруына қарсы ем ретінде және созылмалы аурулардан арықтағанда әлдендіретін сусын ретінде қолданып келеді. Бие сүтінен даярланатын қымызды көптеген көшпелі халықтар – қазақтар, қырғыздыр, башқұрттар ерте заманнан біліп қолданған. Шарасы мол сусын туралы алғашқы деректердің өзі 1253 жылы татар жеріне саяхат жасаған француз В.Рубрикастың жазбаларында "қымыздың адам бойын қыздыратын және зәр айдайтын әсері бар. Қазақ халқы қымызды қарапайым пеште қыздыру арқылы ерте кезде одан спирт алған. Сөйтіп қымыз спиртін қызба ауруына және жөтелге қарсы ем ретінде қолданған" деген ақпараттар келтірілген [8, 43].

Осы орайда тағы да бір медициналық пікірлерге сүйеніп, бие сүтінің дәрумендік құндылығына көз жіберсек, оның құрамында А және С дәрумендері өте көп сақталады, әсіресе жас, күз айларында А дәруменіне бай келеді. Ал шілде, тамыз айларында С дәрумені көп болады. Көптеген зерттеушілер қымыздың шипалық әсерін онда С дәруменінің көп мөлшерде болуынан деп есептейді. Осы сияқты деректер қымыз сусынының емдіконцептісіндегі семантикалық мазмұнын толықтырады.

Қазақта ауырған баланы дертінен айықтыра түсудің, көңілін сергітудің бір шарасы есебінде жасалынатын ырымның бірі - "тышқаншық салу" деп аталады. "Қатты науқастанып тұрған баланы тез айығып, көтеріліп кетуі үшін оның ата-анасы жақын жердегі немесе көршілес отырған үйге апарып, "балам тышқаншық сала келді" дейді. Барған үйдің иелері науқастың тәуір болып кеткеніне қуанып, үйдегі бар жылы-жұмсағын асады немесе мал сойып құрметтейді. Баланың көңілі көтерілетіндей әңгіме, үлгі-өнеге, жұмбақ, өлең, жаңылтпаштар айтады. Кетерде ескі киімін отқа жағып, жаңа киім кигізелі" [9, 341].

Бұл дәстүрде "ем" концептісі адамға деген жылылық, ерекше ықылас пен пейіл, жақсы тәрбие, ертеңге деген сенім сияқты психологиялық ұғымдар арқылы танылады. Тамақтану әрекетінде ұшынып ауру жиі болатын құбылыс.

Бұл аурудың пайда болуы көбінесе – түн асқан тағамнан, (яғни тамақтың бетін ашық қалдырса жын-пері келеді, содан ауру пайда болады) немесе бір жақтан келген дәмді сыртта жесе пайда болады. Халық танымында ет тағамдарынан ұшынбас үшін оны жер алдында "бісміллә" деп барып, аластау үшін оттың үстінен айналдырып алып, бір жапырақтай бөлігін отқа тастап барып жеу керек деген түсініктер сақталған.

Этнограф Шоқан Уәлиханов көбінесе тағамға байланысты пайдайболатын атаулы аурудың емі туралы: "Ұшынып ауырғанда - ұйықтап жатқанда үш ретсуық, үшрет ыстық су шашып, емдейді" деп көрсетеді [1, 54]. Мәселен, Монғолияда тұратын қандастарымыз тамақтан ұшынған адамның аузындағы ұшығына (медициналық атауы – herpes) от тезегінің суық күлін, ал тезексіз үйлер қазанның күйесін ауыз айналдыра жаққан, бала көкжөтел болса көк ат мінген жолаушының жолын тосып, "көлденеңді көк атты, көк жөтелдің емі не" деп сұрайды. Ол нендей ем айтсауру балаға соны қолданады, көз қотыр шыққан балаға сойған малдың көзінің суын жақса жазылып кетеді, сәбидің тілі мезгілінде шықпаса – нағашысының үйіне апарып, бір қойды сойдырып, соның көтеншегімен буындырады деген халықтық емдер бар.

Қорыта келгенде, түркі халықтарының сан ғасырлық тарихи даму барысында дәрігерлік және денсаулық сақтау жөнінде мол тәжірибе мен өзіндік білім қалыптастырғанын байқадық. Оның дә елін "әуелгі байлық – денсаулық", "малым – жанымның садағасы", "он екі мүшең сау болса қар басын ханмен тең" деген жайшылықтан тумаған мақал-мәтелдер растайды. Осымен байланысты қай халықтың болмасын тіл құзырында өмірдің әр саласының тоғысуы ем концептісіне де негіз болары анық деуге болады.

Әдебиет:

1. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, Жазушы, 1980. – 416 б.

2. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Т.2. Алматы, 2006. – 416 б.

3. Қондыбай С. Арғын-қазақ Мифологиясы. Төртінші кітап. – Алматы, Дайк-Пресс, 2004 -504 б.

4. Мирза М. Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің паремиологиялық жүйесі. Филол. ғыл, канд. дис. автореф. – Алматы, 2007. – 15 б.

5. Құрбанғали Х. Тауарих хамса(бес тарих). – Алматы: Қазақстан, 1992. –302 б.

6. Жылқыбаева А.Ш. Салт-дәстүрлердің тілдегі көрінісі. – Өскемен, 2004. - 94 б.

7. Катран Д. Қазақтың дәстүрлі ас-тағам мәдениеті. – Алматы, 2002. – 197 бет.

8. Дүйсенбаев К., Сейітов З. Қымыз. – Алматы, Қайнар, 1968. – 176 бет.

9. Сенжеахметұлы С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. – Алматы, Атамұра, 2010 жыл. – 384 бет.

А.Ш.Жилкубаева,

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор