Сүмбіле деген қандай жұлдыз?

Сүмбіле деген қандай жұлдыз?
Фото: interessno.ru

Сүмбіле – басқа жұлдыздарға қарағанда түстік көкжиекке ең жақын, көзге өткірлеу көрінетін, жарқыраған жұлдыз. "Бұл жұлдыз орыс тіліндегі "Дева" дейтініне қарап, кейде Бикеш деп атау дұрыс емес.

Сүмбіле жұлдызы шығыс күнтізбесінде ерекше маңызы бар. Шығыс күнтізбесінде Сүмбілені жылдың алтыншы айы деп белгілеген. Сүмбіленің ғылыми атауы – Сириус. Ертедегі Мысыр халқы аспандағы ең жарық Сириус деген жұлдыздың тууына қарап егін салатын кезді бағамдап отырған.

Қазақ халқы да Сүмбіле жұлдызын жақсы таныған, оны шаруашылық өндіріске байланыстыра білген. Қазақ тілінің сөз орамдарында "Сүмбіле туар жылтиып, ат семірер құнтиып", "Сүмбіле тумай, су мұздамайды", "Сүмбіленің туғанын су біледі", "Сүмбіле туса су суиды", "Сүмбіленің түні салқын, күні ыстық", "Сүмбіле туса, суға зіл түседі". Бір сөзбен айтқанда, бұл сөз орамдарынан қазақ түсінігінде Сүмбіленің тууы су қататындай, яғни 0º С төмен температураның орнайтынын аңғартады.

Сүмбіле қыркүйек айында туады, яғни, таңға үш ұйқы қалғанда (таңғы сағат үште) көкке көтеріледі, көзге көрінеді. "Сүмбіле туса, су суыр" деген тұрақты сөз орамы Сүмбіленің таң ата алғаш көрінген шағына орай айтылған. Сүмбіленің салқын суын төрт түлік сүйсініп ішетін кезі. "Сүмбіленің туғанын кім біледі?" деп жұмбақ айтқанда, оны шешуші "Сүмбіленің туғанын су біледі" деп жауап қатады. Бұлай дейтін себебі – Сүмбіле көзге көрінген кезден бастап түн суық тартады да, су бірден салқындай бастайды, бұл кез қыркүйек айының іші. "Сүмбіленің түні салқын, күні ыстық" дейтін кез осы шамаға қатысты айтылған.

Дулат Исабековтың "Мазасыз" атты шығармасында "Әсте, сүмбіленің салқын түнінен қашып, олар далаға жатуды қойған болар" деген үзіндісінен де Сүмбіле туған түннің суық болатынын аңғарамыз.

Сүмбіле туған соң жаз аяқталып, мал тынышын алады, шыбын-шіркей кешікпей жоғалады.

Мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар үшін Сүмбіленің тууы мен жерге түсуі ерекше белгі деп саналады. Мысалы түйе бағатын малшылар Сүмбіле тумай, тау етегіне түспейді. Себебі түйе жылы су ішсе қараөкпе ауруына шалдығады, ал Сүмбіле туса, су салқындайды, ол кезде мал өкпе ауруына ұрынбайды. Сүмбіле туған кезде тау етегі салқын тарта бастайды. Осы табиғаттың құбылысын жұлдыз арқылы бақылап отыратын халық өз қамына қарай көш бастайтын болған.

Сүмбіле туған уақытта төрт түлік малын жайлаудан түсіреді. Малшылар таудан етекке түсіп, қойнауы жылы құм мен жазыққа бет алады. Қазан айынан бастап қыстау-қорасын қамдап, қыстың әрекетін қылған. Сүмбіле туған шақ нағыз күздің кезі болғандықтан, жайлаудың салқын ауасы мен шүйгін шөбіне жайылған төрт түлік ішегіне май жинап кұнтиып семіреді. Жылқы жұнттай болып семіреді, қой түлігі шайланады, түйе тікөркештенеді, сиырдың желіні сүттенеді. Бұлай болатын себебі жердің түгі (шөбі) нәрленіп, шөптің басы дән алады. Бұндай шөп төрт түлікке жұғымды болады. Ал ел арасында кездесетін "Сүмбіле туар сүмпиіп, ат семірер жұнтиып" деген сөздің де зор мәні бар. Сүмбелінің сарша тамыздың аяғында туатынын айттық, ал бұл уақытта шөп ерекше құнарланып, әсіресе, жылқы малының семіруіне қатты әсер етеді. Мақалдың мәнісі қазақтардың осы жұлдыздың туатын мерзімін, ат сүйіп жейтін шөптің семіртетін қасиетін дәл аңғарғандығында.

Сүмбіле қыркүйек айының ортасында таң біліне көрінеді, ал қазан айының ортасында түн ауа көрінеді. Бұл кезде ауа райы өзгеріп, күн суыта бастайды. Қыркүйек айында су салқындаса, қазан айында су мұздайды, қатады. Өсімдік атаулының өсіп-өнуі тоқтатылады, тек шытыражапырақ қана шығады. Күзгі жауын-шашымен шығатын бұл шөпті Қазақстанның Көкшетау аймағында сүмбіле деп атайды. Өсімдіктің атауы мен Сүмбіле жұлдызының қазан айындағы тууына орай аталған. Бұл кезде жауын-шашын жиілей түседі де, суықтан "қорықпайтын" шытыражапырақ, сүмбіленің өніп шығуына қолайлы болады.

Сүмбіленің қарашадан кейінгі көрінісін малшы қауым суыққа бейім жұлдыз деп онша ұната қоймаған.

Ал Сүмбіле қараша айында көз байланар шақта шығыстан көрінеді. Х.Әбішевтің ел ішінен жинаған дерегінде бұл кезде бие құлын тастайды деп, буаз малды мінгізбеген. Бойы жылынып терлеп келген буаз бие отқа жібергенде зіл түскен суды (суық суды) ішіп қойса, іш тастайыны айтылған. Жалпы халқымыз атты терлеп тұрған уақытта суармаған, тері басып, суыған уақытында ғана суға жіберетін болған. Жылқы түлігі суық суға төзімсіз келеді, терлеген күйінде су ішсе, өліп қалуы мүмкін.

Қ. Слямбек