Қазақ қалай алғыс білдірген?

Қазақ қалай алғыс білдірген?
Фото: massaget.kz

Қазақ – табиғатынан жомарт, мәрт халық.  "Жақсы сөз – жарым ырыс" деп жібі түзу сөз айтуға мәрттік танытқан. 1 наурыз – Алғыс айту күнінің бекітілгеніне де көп уақыт болған жоқ. Алайда бұл бастаманы халық бір адамдай қолдап, іліп әкетті. Мұны жақсы ырымға баладық. Қазақ халқы қалай алғыс білдірген, мұны филология ғылымдарының докторы Гүлдархан Смағұловадан сұрап білдік.

Профессордың  айтуынша, қазақ – көңілге қарай білетін халық. Сондықтан ісімен болсын, сөзімен болсын өзгенің көңілін жайландыруға барын салған. Қазақтың алғыс айта алуының өзі де осы көңілден шығады.

"Халқымыз "Адамның күні – адаммен" дейді. Мұнда үлкен философия жатыр. Қазақ адаммен қарым-қатынасты басты орынға қояды. Сондықтан онымен тату, бейбіт болуға тырысады. Ал алғыс айту мен ризашылық білдіру – адаммен байланыс орнатудың ең негізгі жолы. Адам адаммен эмпатия болғанда ғана қатынас жасайтын психологиясы бар. Ал алғыс – эмпатияның жарыққа шығуы", - деп түсіндіреді профессор.

Ғалымның айтуынша, қазақта риза болу мен ризашылық білдірудің жолдары өте көп. Оған тілдегі тіркестер мен мақал-мәтелдер дәлел. Халықтың тілдік қорында жағымды көңіл-күй сыйлар тіркес пен тілдік бірлік көп болған сайын – ол халықтың мәдениетінде де ризашылыққа деген менталитеттің басым екенін білдіреді.

"Бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем" дейді халқымыз. Яғни, бір көрген, азғантай ғана бірге уақыт өткізген адамның өзі қадірлі екенін айтады. Қазақ біреудің ісіне, не сөзіне көңілі түссе, міндетті түрде ризашылығын білдіреді. "Өркенің өссін", "өмірің ұзақ болсын", "көсегең көгерсін" деп жатады. Поэтикалық күйге салып, "көңілің көкте жүзсін" деп жатамыз.  Баласының ісіне, сөзіне риза болса, жай ғана "өй, жарайсың" деп арқасынан қағуының өзі – алғыс айту. Кейде біреудің көмегі көңілінен шығып, тұщынып жатса, "Бергенінен жазбасын" деп ағынан жарылады. Тіпті кейде біреу сұрағынын бермей қойса да, "бермесе де, бергенінен жазбасын" деп соның өзіне ризалық білдіреді. Бұл деген – үлкен мәдениет қой", - дейді ғалым.

Қазақтың тағы бір жақсы қасиеті – біреудің ісі мен сөзі ойынан шығып, көңілі түсіп жатса, ризашылығын білдіріп қана қоймай, мәрттік танытып сыйлық жасап жіберетіні, құнды дүниені атап жіберетін әдеті бар. Ат мінгізіп, шапан жабатын қасиеті де осы ризашылыққа келіп тіреледі.

"Естелік болсын, "көзіндей көрсін", "жолыңа байладым" деп құнды дүниесін береді. Бұл – дала заңы, мәрттік. Бір нәрсе сыйлап жатса да, "игілігіңе ұста", "игілігіңе ки" деп жатады. Мұның өзі берген нәрсенің өзін шын көңілмен, ризалықпен беретінін білдіреді", - дейді профессор.

Ризашылық – адамның жақсы қасиеті. Алғыс айта алудың өзі – өнер.

"Көңіл көңілден су ішеді демекші, алғыс айтуға, ризашылық білдіруге  көп көңіл бөлуіміз керек. Көңілден аямайық. "Бір атым насыбайдан көңілі қалатын" қазақтың бір сөзге бола ат құйрығын кесісетін әдеті бар. Адамның жады жақсы нәрсені тез сақтайды. Сондықтан жүректегі жақсылық сақтайық десек, алғыс айтудан шаршамау керек. Қазіргі жастардың алғыс айтуға көп көңіл бөлетіні байқалады. Бір-бірінің арқасынан қағып, "ризамын" деп жатады. Бір-бірін қонаққа шақырып, "рақмет шайын", "көңіл шайын" берітіні тағы бар. Бұл – ескі дәстүрді сақтап қалудың өзіндік бір формасы", - деп сөзін аяқтады Гүлдархан Смағұлова.  

Оқи отырыңыз

Қазақ қалай алғыс айтады?

Қ. Слямбек