Шәкәрім Құдайбердіұлының нақыл сөздері

Шәкәрім Құдайбердіұлының нақыл сөздері
Фото: Baq.kz

Ұлы Абайдың тәрбиесін көріп, жеті жасынан жырға деген қабілетін танытқан, Абайдың ізін басып, дәстүрін жалғастырушы Шәкәрім Құдайбердіұлы – ірі ақын, тарихшы, ғұлама ойшыл, сазгер, аудармашы. Әртүрлі өнер түрлерін игеріп, өз бетімен араб, парсы, түрік, орыс тілдерін еркін меңгеріп, шығыс және орыс классиктерінің шығармаларынан нәр алған. Сонымен қатар әлем кітапханаларында білім қазыналарымен танысқан. Ел қамын ойлап, философиялық, ғылыми ілімімен артына өлместей мұра қалдырды. Ұлттық дәстүріміз бен философиялық іліміміздің және дүниетанымымыздың дамуына зор үлес қосты. Ендеше назарларыңызға ғұлама ойшылдың ел есінде қалған қанатты сөздерін ұсынамыз.

Ындыны таза – иманды.

Мақтан күйлеп, арамнан мал жиғанның орны тозақ болады.

Қайғылының ішінде жанар жалын.

Менің биім – өзімнің ақ жүрегім.

Табиғат керексіз ештеңе жаратпаған.

Жанның да әлдісі бар, әлсізі бар.

Ызақор – қабаған төбет тәрізді.

Көрсеқызар да бір – маймыл да бір.

Ашумен қылған іс – іс болып жаратпайды.

Бойды ашуға билетпе.

Ашусыз адам болмайды.

Еріншек, ашу, құмарлық – жамандықтың басы осы.

Еріншектің қақпаны – көрінбей көзге жатқаны.

Дене – жанның сауыты.

Жан құмары – іс істемек, білім алмақ.

Қазаққа сыншылық керек.

Дүниені түзетуші де һәм бұзушы да – бір ғылым.

Естілердің қадірін білер болса – надан надан болмас еді ғой.

Ақы алып ғылым үйретпек – шариғатқа жат.

Біреудің айбын ашпа.

Кісі бағын – бағым деме.

Күннен қарыз алып, ай болғанның несі сән.

Түн болма – күн бол.

Жер сықылды пайдалы бол.

Қисынсызға нанба.

Өткен іске уайм жеп – емі жоқ бос қайғыға қалмағайсың.

Көңілі жұмсақ адамның күрмеуін тағдыр шешеді.

Дүние қу - бір ағын су.

Жүрегім дертті, сөзім - у.

Өмірдің басы - бала, ортасы -адам.

Алдампаз, рақымсыздлық кімге пайда бермек.

Талап деген бір жүгірген тұлпар сынды,

   Бабын таппай мінгенді қылар жынды.

Ақыл – тапқыр ой, түбі – жүрек.

Орынсыз ұмтылудан сақтайтын алты түрлі ноқта бар: олар – ынсап, рақым, ар, ұят, сабыр, сақтық. Ең әділі – ынсап, өзгелердің тізгіні сонда болуға тиіс.

Намыс сол – өзің қорлан кемдігіңе,

Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіңе.

Алмай өс алдыңғының аяғынан,

Соқтықпай өзің ізден еңбегіңе.

 

Сабыр деген – әр іске шыдамдылық,

Қатты керек адамға бұл бір қылық.

Қолы жетпей талмай талап ізденеді,

Осыдан кеп шығады адамшылық.

 

Сақтық деген – әрқашан байқап жүрмек,

Пайда мка, не залал ма, ескерілмек.

Көргенін, естігенін есепке алса,

Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.

 

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан.

 

*Кәрілік-шал: ойым – у, өмірім – су, үмітім – бу.

Өкініш сол – өмірді бос өткіздім.

Адамда өмірден қымбат нәрсе жоқ.

Кім жалғыз бұл жалғанда – есті жалғыз

   Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.

Абай – өзін-өзі өлеңімен жұбатқан жан.

Ей, көп халық, көп халық – көп те болса, шөп халық.

Партияшылды құтыртпа.

Таласты көрсең – басып айт,

Кемдігін көрсең – қосып айт.

Кекеп-мұқап қыздырма,

Берекесін бұздырма.

Ызаның айт дегенін,

Желіктіріп сыздырма.

 

Қыздырмашыл қызыл тіл қызған отқа салар.

Жақсыны – жаман қабар.

Бір өлтіріп, тірілтіп,

   Әр бұтаққа ілінтіп,

 

Жел, сағымдай құбылып,

   Қай жаққа алып барасың?

 

Арсылдақтың арасын құр жылаумен аша алмайсың.

Ұры, қары, қу, сұмның жан жолдасы,

   Қазақ қайтіп ел болар, қарағым-ау.

Ғылымға қанағатсыз болу керек.

Жан тән жасар – тән жанды жарата алмас.

Тән – жанның құлы.

Тән – терезе, қарайтын жан – иесі.

Дәлелсіз сөз – соққан жел, ұшқан тозаң.

Болса мінді сынасын өлең айнасындай.

Ерікті билеп алсын айтылған жыр,

Сырты – гүл, жарасымды ішіңде сыр.

Жаныңның ләззат алар жарығындай,

Мәңгілік өшпейтұғын төгіліп нұр.

 

Өлең үйіріліп көкейіңе ұйып жатсын, тазартып жүрек кірін жуып жатсын.

Өмір үйі желде тұр, үміт үйі – сағымда.

Тәтті сөз бен түзу ой – тағдыр сыйы.

Тазалық – балалықпен бірге өлер.

«Өлімнен соң өмір жоқ» - терең ойдың сөзі емес.

Өлім – дос.

Жас көңілде жарық бар.

Тәңірі жолы – ақ жүрек.

Бетке айтқанның зәрі жоқ.

Жастықтан қызық іс болмас,

   Кәріде ақыл, күш болмас.

Болмасқа – бұртыңдама.

Ақыл сол – ақыл-білім бойда барлық.

Қай іске де талап еткен артық емес.

Ноқталы басқа – бір өлім.

Айла – ақыл болмайды.

Адалдық  дегеніміз – таза еңбекпен күн көру.

Ар сатып, ұлық болып елді жеу – өнер емес.

Сайтан деген – қиянат.

Адалдық жолында өлгеннің арманы жоқ.

Ар қайда, рақым қайда, әдеп қайда,

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда.

Көз жұмып, «көппен көрген ұлы той» деп,

Береді бұл надандық кімге пайда.

 

Үміт үлген  қорқақ ой.

Ақылға еркін ой керек.

Дұшпанға да бол әділ,

   Түсірме ойға тат пен ніл.

Адамдық – борышың.

Бағасы бір халқыма,

Жабағы мен мамықтың.

Нанбайды рас антыма,

Қадірі мол тантықтың.

Айырмайды арасын,

Бұлдыр менен анықтың.

Енді қайда барасың,

Түрі мынау халықтың.

 

Өсиет: халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай арыңды сақта.

Адамның ең асылы – қиянатсыз, ақ пейіл адам.

Ең зиянды адам – мінезі тайғақ, екі сөйлейтін адам.

Ғылымға да керек жан,

   Ақылсыз болса ғылым – тұл.

Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса – сол шын адам болады.

Тәтті сөзі – балдай, насихаты –шамдай.

Жақсы ақынның тілі – бал.

Шатақ ұқпа – шын аңғар.

Жасымнан жетік білдім түрік тілін,

   Сол тілге аударылған барлық ілім.

Мені ерте оятқан – Шығыс жыры.

Танбаймын – шәкіртімін Толстойдың.

Тапқыр, адал, ақ ниет  адамдардың артынан ере берсең – алданбайсың.

Ақиқат сырымды айтсам – Толстойдың,

   Мың сопыны алмаймын тырнағына.

Мінез: сайтанмен ойнас жүрегі, пайда мен мақтан –тілегі.

Тамақ үшін тіл жалдау.

Мінез: дос қолымен от көсер.

Тілінде – бал, ішінде – у.

Жылы жүрек, тәтті тіл берекеге бастайды.

Ызақордың іші тар.

Оқ атылса – қайтып ал, улы найза – саптама.

Жаралы кісі – албырт.

Атадан қалған ақ сауыт,

Арамға әбден былғанды.

Өнер қылды «жақсылар»,

Қасқырша елді жұлғанды,

Жала жауып жалмайды,

Жазасыз қарап тұрғанды,

Еліріп, еріп көп ел жүр,

Білмейді құдай ұрғанды.

Түпсіз жауға санайды,

Түзу жолға бұрғанды.

 

*Ел жеген жуанды сүйеген басшы оңбайды.

Қазақтың көзсіз  баласын,

Қаңғытып қайда барасың.

Арыңды сатып арамға,

Адалдап қалай аласың.

 

* Ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық.

Азат ақыл ойланбай жай жатса тозады.

Өкініштің үлкені – ойы тарлық.

Шын шын ба, қате шын бар, ұлы шын бар.

Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол.

Н. Үсенова