- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Бұқар жыраудың нақыл...
Бұқар жыраудың нақыл сөздері
Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1781) — XVIII ғасыр жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы, атақты қазақтың ұлы жырауы. Болашақты көрген түсімен болжап, ханның сәуегей ақылшысы болған. Сонымен қатар елдің болашағы қыл үстінде тұрған жоңғар басқыншылығы тұсында күрделі мәселелерге өз жырымен жауап берген. Абылай ханға тура жолды айтып, басқыншы жауға қарсы күресте елді бір тудың астына біріктіруге, топтастыруға күш салған. Азаттық жолында аянбай ерлік көрсеткен хан мен оның батырларын жырына қосып, келешек ұрпаққа өшпес әдеби бейнелер қалдырған. Ендеше жыраудың ел есінде қалған нақыл сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.
* Әсіре пысық залымның тіліне еруге жазбасын.
* Ардақталған аяулың күндердің күнінде басқаға олжа болмағай.
* Төрең тақтан таймасын.
* Тоқсандағы қарт бабаң топқа жаяу бармағай.
* Анаң аңырап қалмайғай.
* Құрсағы құшақ байлардан дәулет.
* Қу таяқты кедейге дәулет бітпес демеңіз.
* Жалғыз көпке теңеліп, кегін бір алмас демеңіз.
* Қара қылды қақ жарған әділді айт!
* Алла деген зар болмас, ақтың жолы тар болмас.
* Пейілі кең - кемімес, пейілі тар - кеңімес.
* Берік байлаған шешілмейді.
* Шын жаратқан ұл болсаң - құдай тағалам өзі берер нәсіпті.
* Ұрғашының жақсысының - боз жорғадай бұлғаңы,
Ұрғашының жаманының - өсек болар құрғаны.
* Бауырыңнан қашқан күзен көрінбес.
* Аспаннан биік тау болмас.
* Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда.
* Іштегі сыр - Аллаға мағлұм: сырттағы құлақ - амал емей немене.
* Қара арғымақ арыса - қарға адым жер мұң болар,
Есіл көзден нұр тайса - бір көруге зар болар.
* Қайырсыз итке мал бітсе - аңқаң құрып келгенде саумал бермес ішерге.
* Ақ сұңқар құстың баласы - ұяда алтау болмас па,
Ұяда алтау болғанмен, оның ішінде біреуі - ең алғыры болмас па.
* Үй артында төбешік -
Ерттеулі тұрған ат болар.
Қариясы кімнің бар болса -
Жазулы тұрған xат болар.
* Аздың ісі бітпейді.
* Көп ішінде бір жалғыз,
Сөйлеп те сөзі өтер ме.
* Ежелгі дұшпан - ел болмас, етектен кескен - жең болмас.
* Қараша торғай қаз болмас.
* Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес.
* Өзіңнен тумай - ұл болмас, сатып алмай - құл болмас.
* Құм жиналып - тас болмас, құл жиналып - бас болмас.
* Екі жақсы дос болмас - сірне үстінде xаты бар,
Ежелгі дұшпан ел болмас - көңілінде кір, даты бар.
* Сәлем - сөздің анасы.
* Айтқаныңа көнбесе, айдауыңа жүрмесе: көңілінде болғаны аласы.
* Абысынның арызы - ағайын сәнін кетірер,
Ағайынның арызы - елдің сәнін кетірер.
* Жар басына қонбаңыз - дауыл соқса үй кетер,
Жатқа тізгін бермеңіз - жаламенен бас кетер.
* Ит жүгіртіп, құс салсаң - киген тоның түлкі етер,
Жаманменен дос болсаң - көрінгенге күлкі етер.
* Дін мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?
* Мал араға түспесе, құр айтқаннан не пайда?!
* Рулының − оғы қалса табылар, жалғыздың − тартатұғын жағы қалса табылмас.
* Әкелі бала - жаужүрек, әкесіз бала - сужүрек.
* Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді.
* Әкесіз бала жиын болса бара алмас, барса да орын ала алмас.
* Арту-арту бел келсе - атан тартар бүгіліп,
Алыстан қара көрінсе - арғымақ шабар тігіліп.
Алыстан жанжал сөз келсе - азулы сөйлер жүгініп.
* Жаулық жолын сүймеңіз: мынау жалған сұм дүние өтпей қалмас демеңіз.
* Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін,
Қылмаңдар жанжал, ерегіс.
* Мал жинасаң қойдан жи - майы кетпес шарадан,
Ит жинасаң сырттан жи - мал бермейді қорадан.
* Аталыдан би қойсаң - адаспас жол мен жорадан,
Атасыздан би қойсаң - босамас аузы парадан.
* Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан,
Қосының болсын қазақтан.
* Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз - жат жанының түңілсін: айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін.
* Жал-құйрығы қаба деп - жабыдан айғыр салмаңыз,
Қалың малы арзан деп - жаманнан қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз - жауға мінер ат тумас,
Жаман қатын алсаңыз - топқа кірер ұл тумас.
* Таудан аққан тас бұлақ тасыса құяр теңізге,
Қанша малы көп болсын, бай қуанар егізге.
* Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да - тартпай қоймас негізге.
* Асқар таудың өлгені - басын мұнар шалғаны,
Көктегі бұлттың өлгені - аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені - еңкейіп барып батқаны,
Айдын шалқар өлгені - мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені - қар астында қалғаны,
Өлмегенде не өлмейді - ғалымның xаты өлмейді.
* Найзасының ұшы алтын.
* Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Ай нұрын ұстап мінсе де -
Қызыққа тоймас адамзат.
* Әлемді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күн қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де –
Өмірге тоймас адамзат!
* Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да –
Үмітін жоймас адамзат!
* Қорғанды шаһар қадірін – қазақ білмес, сарт білер,
Ер жігіттің қадірін – ағайын білмес, жат білер.
* Ауылда адам бар болса – ауыл ада болмайды,
Ел иесі бар болса – елі ала болмайды.
* Үлгісіз сөз болмайды, матасыз бөз болмайды.
* Ақсақалға жарасар – тілеуқорлық тобасы,
Бәйбішеге жарасар – қолдағы қара сабасы.
Келіншекке жарасар – емшектегі баласы.
Қыз он беске келгенде – шашынан көп жаласы,
Бұл жалғанның жаманы – ағайынның аласы.
* Арғымақтың жалы жоқ – жабылар жалымен теңесер,
Жақсылардың малы жоқ – жамандар малымен теңесер.
* Ханға жауап айтпасам – ханның көңілі қайтады,
Қандыра жауап айтпасам – халқым не деп айтады.
* Жақсы әйел ұл туса – патшадан болмас кемдігІ.
* Жетпіс деген жел екен.
* Жетпіс бес жасқа келгенде,
Жылуы болмас қойныңның,
Қаруы болмас сойылдың –
Өлмесең де жойылдың.
* Сексен бес жасқа келгенде,
Екі қара көзді алар,
Ауыздағы сөзді алар,
Бойыңдағы әлді алар,
Бетіңдегі нұрды алар,
Етіңдегі шырды алар,
Аузыңдағы тісті алар,
Қолыңдағы істі алар –
Өлмегенде нең қалар?!
* Тоқсан бес деген торы екен,
Дүйім жанның қоры екен,
Қарайын десең –
Екі жағың ор екен,
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі жоқ терең көл екен,
Ел қонбайтын шөл екен –
Келмейтұғын неме екен!
* Алладан һүкім келмей өлмек жоқ.
* Риза болсаң құдайға, түзелер сонда ісіңіз.
* Тірнектеп жүріп іс қылған жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға тең келіп, жайлауға көшпес демеңіз.
* Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз да көпке теңеліп,
Бір майданда жолығып,
Кегін бір алмас демеңіз.
* Мінген атың арыса – қатарға ену күн болар,
Қара көзден нұр тайса – қарға адым жер мұң болар.
* Өлең – сөздің данасы, шындықтың анасы.
* Шын жолында сөйлесең – басыңа келер пәлесі.
* Қалмаса қайнар азайып, аққан дария суалмас.
* Өзіңе еркіндік бермесе, азат бастан не пайда.
* Алатаудан асыңыз, ашуыңызды басыңыз.
* Жаңғызға зорлық қылмаңыз, жағасынан алмаңыз.
Қара бура арыса – майы қалың бесті артық,
Баласы жоқ қатыннан – лақтаған ешкі артық.
* Арғымағын жоғалтып, тай жүгірткен заман-ай.
* Ерге дәулет бітпесе, шүлдірлеген қызыл тілден не пайда?!
* Байдың малын көтерме: тайып кетсе табаның, шашыңды берсе жетер ме?!
* Сыпайы сырын білдірмес.
* Өтірікті шын қылған – ол адамның қызыл көзді пәлесі.
* Екі жақсы қас болмас – екі жаман дос болмас.
* Ақтың үйі – ақ мешіт.
* Ажал жетпей – жан шықпас.
* Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес.
* Хандар киген қамқа тон – шүберек болар тозған соң,
Жігіт жақсы бола алмас – алғаны жаман болған соң.
* Берем деген құтылмас.
* Айтқан сөзге тұрмаған – жаман емей немене, сұрағанды бермеген – сараң емей немене, кісі ақысын көп жеген – арам емей немене, сыртыңдағы қулығың – амал емей немене, сусағанда берген су – шекер емей немене, ынжық ерге біткен мал – бекер емей немене?!
Н. Үсенова