- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Ғабит Мүсіреповтің қанатты...
Ғабит Мүсіреповтің қанатты сөздері
"Ғ. Мүсірепов творчествосы қазақ өнерінің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, әсем әуезді шырқау ән. Ғабит арнасы – мөлдір, тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, әбден жаратып, жал-құйрығын сүзіп барып, бәйгеге қосқан жүйріктерді еске түсіреді, оның шығармалары әдебиетімізге мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді; ұлттық және интернационалдық сипаттарды тұтастырды", − деп жазушының шығармашылығына профессор Рымғали Нұрғалиев өз бағасын береді. Жазушы көркем тілімен, көркем әдебиетте көрнекті орын алып, ұрпағына талай тәлім қалдырды. Назарларыңызға жазушының ел есінде қалған қанатты сөздерін ұсынамыз.
* Ойсыз сөзде – көркемдік те жоқ.
* Көркем сөз – жанның сәулесі.
* Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы.
* Көркем сөзі бар болғырдың өзін орақпен орып, күрекпен күреп ала-алмайсың: оны бір-бірлеп тересің, бір-бірлеп тізесің.
* Көркем сөз суықта та өседі, ыстықта да өседі, күндіз де өседі, түнде де өседі. Тек ақ мамық төсекте өспейді, әлпештеген алақанда өспейді. Сынсыз өспейді, талас-тартыссыз өспейді.
* Сөз қасиеті – көркемдігінде, ой қасиеті – шындығында.
* Көркем әдебиет деген ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдірет болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ.
* Көз көргенді – ой таниды.
* Талантқа қанат болар – сезім емес, сенім болуы керек.
* Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер.
* Ақын бойына адамгершілік қана жарасады. Екеуінің біріне ақау түссе, алдымен ақындық өледі.
* Ақын жаны – оңай жараланады, оңай жазылады.
* Адам ойының портретін – жүзінен көруге болады.
* Ақын жүрегінде кек тұрмайды. Кек тұрса – қақ тұрғаны. Қақ тұрған жүрек – тот басқан асыл. Енді одан берекелі үн шықпайды.
* Көзбен де қамшылауға болады.
* Соқыр – көретіндей, саңырау – еститіндей етіп жаз.
* Ақын – қыран: қияға да қонады, ақын –адам: далаға да қонады.
* Көркем сөздің сұлулығы – сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын.
* Өлең өндірісін қойып, шын мәнінде поэзия жаз дер едім.
* Жаманның аузына жұртта қалған сөз түседі.
* Тек жамандық пен жәбірді жинай берген адам жазушы бола алмайды.
* Түсінбей аудару, түсінбейтін етіп аудару деген болады.
* Есті сөзді естігісі келмеген адам – саңырауға тең.
* Шығарма – тек қана мазмұн, тек қана түр емес.
* Дүниеге алдымен келген сөз болады! Сөз!
* Кейде ақынның балалығына таң қаларсың, кейде ақынның даналығына таң қаларсың.
* Ақын – заман: бір күндік те емес, бүгіндік те емес. Оның кешегісі – бүгіндік, бүгінгісі – ертеңдік.
* Ұшқыр ой, ізденгіш ой, тапқыр ой – ол бір адам. Құр кеуде, жұрттан көргенді өзімдікі дейтін, басқаның ойын иемденіп, іске асырарда көз шығарып, бас жаратын – бұл екінші адам.
* Оқыс сөз, одыраң мінез – үлгісі жоқ ұлдың, кері кеткен қыздың белгісі.
* Асылы, адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді.
* Өмір бойы құмырсқадай қыбырлап еңбек еткен адам дүниеге түсініктілікпен қарайды. Осы жолда өз ой-күшін, қуатын сарп етеді де, өмірді өз тағынан құлатпайды.
* Өзің – аспанда, ойың – төменде жүргенше – өзің төменде, ойың аспанда жүрсін. Биік деген немене, төмен деген немене – сонда түсінерсің.
* Жазушы еңбегі түптеп келгенде – санмен емес, сапамен өлшенеді.
* Ескірген еңбекті жұрттан бұрын жазушының өзі сезуге тиіс.
* Қай ақын-жазушының болса да жылдар өтуіне, оқушының талап-талғамы, мәдениеті, білімі өсуіне байланысты мазмұндық нәрі сұйыла бастаған, көркемдік ажары оңа бастаған шығармалары болуы мүмкін. Мүмкін ғана емес, болған, бар, болады.
* Қыран баласына дүние әрі кең, әрі тар. Достары да аз емес, жаулары одан да көп.
* Жақсы шығарма жақындастырады.
* Жапон – үлкен көзді ел емес. Ойлы көзді, азғана мұңды көзді ел.
* Жапон қызында айқай салу әдеті жоқ.
* Менің тірлігім – үмітімде. Үмітім – өз қолымда емес.
* Намыстанған – болады, қорланған – болады.
* Мәдениет майданына мейірім керек.
* Ойында қандай тәсіл қолдансаң да айып емес. Бірақ бар тәсілің бас сауға болса, оны қайрат көтермейді.
* Қарны тойса қалғып сала бермейтін ұрпақ керек. Оңай көріп, саршұнақ аулап, ін күзетпейтін ұрпақ керек.
* Біз XV ғасырда "қазақ" деген ел болып біріккенімізді Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырған ел едік. Бірігеміз, бір ел боламыз деп антасқанымыз да сол, конституциямыз да сол – тасқа басылған таңба!
* Адам дегеніміз миллиондаған ғасырлардың туындысы көрінеді. Солай бола тұрған күннің өзінде де сол кісіңіздей ой өрісі, сезім тереңдігі, адалдық, ар-ұят, мінез-құлық жақтары әлі де біраз сүргілеуді керек ететін сияқты.
* Мен көп жанрда жазамын деп ойлаған да, мақсат та қойған жоқпын.
* Кездейсоқтықтың да себебі болады.
* Адамды – заңды ескермеу бір бұзса, заңның өзі екі бұзады.
* Қазақ деген ел – бостандық-азаттық сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық.
* Қазақ елі – өз мұңын өзі ойлап, өзі ізденіп, тіршілік деген кең майданда сыналған ел.
* Күні кешеге дейін біздің шығармаларымызда жан-жануарлар қандай көркемдік жүк көтеріп келсе, болашақтағы туындыларымызда техниканың алуан-алуан сиқырлы сипаты сондай көркемдік жүк көтеретініне, солай болатынына кәміл сенемін.
* Қай халықтың болса да мәдениетін, көркем сөз, көркем өнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге – жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді.
* Патшалар өлер, басқалар өлер – сұлулық өлмес, мейірім өлмес, әдеп өлмес.
* Сұлулық, әдептілік, білімділік, сезімділік, ерлік, даналық – бәрі де жеке адамның меншігінде емес, ең алдымен, елдің, халықтың еншісі.
* Адам деген – бір ғана мінез, бір ғана бағыт, бір ғана қасиет емес. сондықтан бір адам туралы екі адамның ойы бір жерден шықпайды.
* Әрбір үлкенді-кішілі құбылыстың – сырт көрінісі, ішкі сыры бар.
* Ой да тұтқындалады.
* Істеген ісіміз – тайжарыстың шамасы болса да, Құлагердің бәйгесінен дәметеміз.
* Біреуге біреу ешбір жақсылықты көпсінбес күн қашан келер екен?
* Мағынасыз қаталдық өзінің түсініксіздігінен ең ауыр қаталдық сезінеді.
* Әр адамның өмірінде ұзақ күн, ұзақ түндері болады. Қысқа күн, қысқа түндері де болады.
* Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды. Күйе жағу үшін өзінеде күйе болу керек.
* Ертеңіне кеше неден ренжігеніңді салмақтап қарасаң, бәрі жиналып қара күрешке тұрмайтын кезі бола береді. Ал ренжігенде осыны ойлауға әліміз жетпегені ғой.
* Қайырымдылық пен қаталдық қатар жүреді.
* Маған кейде түннен гөрі күндіз қараңғы көріпетіні бар.
* Екі күштің арасына сына болып қағылсаң ғана сия аласың.
* Кешегіні ақтау да, қаралау да – бүгінгінің мақсаттарынан туады.
* Тазалық – тазалыққа шақырады.
* Мінездің сиқы: екі аяғы есерлік, ессіздік дейтін екі баспалдақта тұрған адам сияқты екен.
* Дауысыңа ең кемі екі-үш түрлі астар беріп те сөйлеуге болады.
* Еркектің ең аянышты халі – дәрменсіз ыржиған кезі. Оның ар жағында жаутаңдау ғана бар.
* Көз көрмегенді – көңіл көтереді.
* Көндігу бар, жеңу бар.
* Қорланған ел аяншақтап, қайғы сарынын қорек етіп отыра берсе, сары ауру болудан басқа не шығады дейсің.
* Жержүзінде қазақ әйелдерінен басқа бір әйел құдайын қарғай алмайды.
* Маскүнем үйінен өтірік айтып кетеді, өтірік айтып келеді. Оның өтірігін өңдеймін деп бала алдында шеше өтірікші болады.
* Шешуі жоқ, шегі жоқ үрейден сақтасын.
* Кейде қосыла да алмайтын, қарсы айтарың да жоқ кез болады.
* Бардың жұпыны киінгені де, жоқтың барша киінгені де белгілі болып тұрады.
* Саясат пердесін жамылғанымен саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зерек келеді.
* Ақылдылықтың да пайдасы тиеді, ақымақтықтың да пайдасы тиеді: алғашқысын әр кезде күтесің, соңғысы өзі келіп ұрынады.
* Теректің көлеңкесінде ме, қайыңның көлеңкесінде ме – бәрі бір... тек көлеңке болсын.
* Ақылды адамға ең ауыр жаза – мақтай беру, мақтай беру.
* Әйел біткеннің бәрі де өздерінен сұлуырақ көрінген әйелге жау келеді.
* Тізесін тым ашып қойған қыздың өзі көрінбей қалады.
* Бір байлас есте болуы керек. Көркемдік майданына шыққан екенсің, басқа жұмыстарды, әсіресе, үй ішілік, қара бастың атақ-даңқы, тұрмыс байлығы дегендерді тастау керек.
* «Тәуекел ет те, тас жұт – ажалың құдайдан» деген сөз бар.
* Бір адамның жүзінде екі-үш түрлі сезімнің белгілері бола береді екен-ау.
* Адамның бет терісі миы жасалған материядан жасалса керек. Сондықтан миына (ойына, сезіміне, көңіліне) келгені – қолма-қол бетке шыға келеді.
* Атақ қоспасы адам бейнесін бұзып жібереді.
* Әңгіме біреудің күнәсі жайында болса, оған сенбеген адам қалмайды. Бүгінгі қоғамның да бір кемшілігі осында.
* Өз тарихын өздері жасайтын елдер бар, тарихи өсу-өшуі басқа елдің қолында болған елдер бар.
* Қолайлы жағдайдағы елдер жаратылыс заңдарын да тез ұғынады.
* Жазушы – дүниежүзілік шекарада, жалпы адам баласына ортақ армандар шегінде болу керек.
* Тас қашау арқылы не тіріледі, не өледі.
* Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді.
* Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бір кездессе – бірін-бірі жасырыңқырап тұрады да, ашықтық пен абайсыздық кездессе – бірін-бірі асырыңқырап тұрады.
* Сенің істеген ісің түгіл істемеген ісіңді қоса мақтайтын қызық сыншыларының бір әдеті – ақын-жазушы үшін ең оңдырмайтын у.
* Намаз бен жиналыс – бірінде шын, бірінде жалған тәуба қылатын жер.
* Ойға қонар ой өлмейді.
* Сөзшеңдік – уақыт трагедиясы.
* Уақыты мен орнына сай келмеген қимыл – жалған.
* Әдебиет өсімі – ел өсімі.
* Уақыт екпінін, уақыт ырғағын сезіну – жаңалық сол.
* Ерлер үшін ең берік ант – қол алысу.
* «Олла-біллә» - арамның анты, «Құдай ұрсын» - қорқақтың анты.
* Паңдық, надандық, тәкаппарлық, асқақтық не айтқызбайды.
* Елің үшін мақтан, елің үшін қайғыр.
* Әйелдер көне грек идеалына әлдеқашан жетті, еркектер – жоқ.
* Тарихты – жасау дәуірі бар, жазу дәуірі бар. Жасаушы қателессе, жазушы түзеймін деп әуреленбеске керек.
* Көркем жүздің жүдегені де, өңсізденгені де оңай көзге түседі.
* Тілдің бояуы бозарып, қыры сынбауы керек.
* Қыранға айтар теңеуді көрінген құсқа тілемес болар.
* Қоғам жазушы ойынан, жазушы жүрегінен өткенде – жазушы қақалып қалуы мүмкін.
* Сөйлемнің де, сөздің де өз әуені, үні бар.
* Езу тартқаны қасірет белгісіндей көрінетін бір адам көрдім.
* Әйелің серігім деуге жарамаса, тек қана балаларың болғандықтан жардың орнында болғысы келсе – бұдан артық қасірет қайсы. Өзің жасамаған жұмақтан – тқрден орын тимейді.
* Кейде сұлулық пен ерлікті салыстырып қарасаң – жеңіс сұлулық жағында кетеді.
* Біздегі ең үлкен трагедия – басшыларымыз әдебиетімізді ана тілінде оқи алмайды. Орысша оқиды, орысшасы арқылы бағалайды.
* Барлық дін кітаптары өлеңмен жазылғаны естеріңде ме? Құран, Тәурет, Енжіл, Әуесте. Сонда дін шығарушылардың кім болғаны? Ақын болғаны да.
* Ата – кәрі тәжірибе, бұрнағы күн. Әке – кеше мен бүгін. Бала – бүгін мен ертеңгі күн. Немере – қалыс (запас). Тіршілік еш нәрсені ұмытпаған.
* Қазаққа ар-ұят ең жоғары саналады.
* Тақырып өзі мылқау болса – сенде мылқаусың.
* Ұсақ үшін қырқысып, төрттағандап, сіресіп қалу – түкке тұрмайтындық.
* Қырағы көздің алыстан көргенін күндеп, «мен де көріп тұрмын» деп қанша елпектесе де, соқырды көздіден айыру оңай.
* Жел қызығар екпін, тасқын қызығар жүйітку болады.
* Қыран шіркін жасырына да білмейді: сығалап сықылықтаған ұры көздерді де, күңкілі тынбас күндес сөздерді ұнатпайды.
* Айналаңа адамша көз сал.
* Ит жылман, ұры көз, таңертең көрсең кешке дейін есіңде тұрмайтын көрбілте жүзді адамдардан сақтанғайсың.
* Мінез: от басында күл шашып, күпілдеген көпірме.
* Ойлап отырғаны басқа, айтқаны одан басқа: сөзі – бірбасқа, ісі – бірбасқа адам болады.
* Адалдық: өзі алданса алданар, өзі ешкімді алдамас.
* Пасықтық: бір мақаланың ішінде толып жатқан ой арамдығы бар.
*Өзіне-өзі проблема, барлық проблемасы өзі ғана болған сорлы еркек, сорлы әйел, сорлы билеушілер бар.
* Жаңа заман сенің керауыздығыңды пысқырмайды да, бақай қулығыңа сүрінбейді.
* Ел айдаса – кәрі жігердің өзі қайнайды.
* Төлбасы атанудың жауапкершілігі ылғи ізденуді, жаңа күштің алды-артын ылғи шолып отыруды керек етеді.
* Жаңа заман тас іргесін қалап алып, енді қат-қабат биіктеп барды.
* Жаңа дегенннің ішінде – ескіден де ескірегі, ескі дегннің ішінде – жаңадан жа жаңарағы болады.
* Кейде жетілдім-болдым деген адамның сырт жылтырағына тырнағың тиіп кетсе болғаны – мысы шыға келеді.
* Шала білім, шалағай мәдениет бір құлатпай қоймайды.
* Сайланарда бермейтін уәделері жоқ. Сайланып алған соң аспанда құдай барын, ел-жұрт алдында абырой – ұят барын ұмытып кетеді.
* Үш жүз деп аталатын қазақ халқында мынадай жігі айырылмайтын тұтастықтары бар: тілі, әні, күйі, аспаптары.
* Адам баласындағы гармония – теңбе-теңдіктен емес, келісім-жарасымдылығы.
* Әр елге бағынышты болған аз халықтарда өзіндік әдет, салт-сана қалмайды.
* Үлкен басқарушы бағынышты адамдарының ойыншығына айналса, ол – елдің соры.
* Есту бар, білу бар, түсіну бар, қорыту бар.
* Өткен күннің өкілі болып қалудың қасіретін сезбейтін де бір адам болады, ә.
* Кейде жеңгенің – өкініш.
* Ақын бойын да жасыра алмайды, ойын да жасыра алмайды.
* Тіл жеткізбесті ән жеткізері де бар.
* Қазақтың өсек-аяңынан асқан тамұқ жоқ.
* Данышпандықты танып, білген де – данышпан.
* "Тағы жұрттар көп ойлап, аз сөйлейді" дейді Бальзак.
* Қиратуға құмарлық – жаңаны жасауға құмарлық.
ЖАЛҒАСЫ БАР...
Н. Үсенова