Шерхан Мұртазаның қанатты сөздері

Шерхан Мұртазаның қанатты сөздері
Фото: ztgzt.kz

Қазақтың біртуар ұлы, белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы әңгіме-естеліктер мен эссе-новеллалар көп жазылған. Қазақ әдебиетімен қоса журналистикасында өшпес өз із қалдырған, тілі шұрайлы, ойы құнарлы жазушының ел есінде қалған қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

Дарынды дарын таниды.

***
Айтса, дуалы ауыз айтсын.

***

Шындықты ақтарыла айту – қиынның қиыны.

***

Мәдениеттің мәйегі – кітап.

***

Заң дегеніміз – ноқта.

***

Ауыл кетсе, ұлттың ұйтқысы кетеді.

***

Пейілі жаманды құдай табады.

***

Шын жазушының көзі көкірегінде болады.

***

Шындық – ащы һәм ажарсыз.

***

Рухани азып-тозу – өліммен тең.

***

Күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі таңдағы басты мақсат осы!

***

Ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басқа тілдердің жолын кесіп, бағын байлау емес. «Өзің өлме – өзгені де өлтірме» деген сөз. Зорлықпен тұншықтырылған қазақ тілін тірілту әрекеті. Осы да ұлтшылдық па? Жоқ, әлде әлдекімдердің көңіліне қарап өле беру керек пе?

***

Оңай олжа бермейді.

***

Өкініш түбі – өрт.

***

Улы араның денесінен тәтті бал тамшылайды.

***

Сенім жоғалған өмір – сергелдең өмір.

***

Сақтасаң, қазаққа жау болған қазақтан сақта!

***

Шикі долбар шикі ойдан туады.

***

Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды.
Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл.

***

Әскерге мылтықтан бұрын, тәртіп пен иман үйрету керек.

***

Тәуелсіздік адам құнымен өлшенеді.

***

Театр көбейсе, түрме азаяды.

***

Күнәнің ең үлкені – жас баланы алдау.

***

Тура келген ажалға амал жоқ. Ал тежей тұруға болатын сәтте көпе-көрнеу қол ұшын бермеу – нағыз тасқұдайлық.

***

Алтын бар жерде әзәзіл бар.

***

Мойныңа қарыз қарғыбауын тағып алғаннан артық ауыр нәрсе жоқ.

***

Тәуелсіздіктің жолы – қатты, дәмі – тәтті.

***

Теледидар – құдіретті күш. Ол да баяғы ертектегі дәу пері сияқты: кімнің «сиқырлы сақинасы» бар – соның құлақкесті құлы. «Адамдарды жаппай мәңгүрт ет» десе, мәңгүрт ете салады. «Жаппай иманды ет» десе, иманды ете алады.

***

Жаңаның тамыры – көне.

***

Уақыт – елеуіш: кез келген іс-әрекетті, оқиғаны мән-мағынасына қарай елеп-екшеп отырады.

***

Жер-ананың өкпе-бауыры – орман. Шыбық шаншы, тал тік!

***

Өтірік мақтау – асқа у қосып берумен бірдей.

***

Жау жаманы – жарамсақ.

***

Тарихи кезеңдер қайталанатын сияқты: жоғалғанды табу, шашылғанды жинау міндеті тағы да алдымыздан шығып тұр.

***

Рух азса, намыс тозады.

***

Оптимист болған жақсы, реалист болған одан да жақсы.

***

Онсыз да кірленген дүниені кір басқан дүрбімен қарауға болмайды.

***

«Қала! Қала!» дегенмен, қала қазаққа төрін беріп жатқан жоқ. Төрі тұрмақ, босағасынан орын таба алмай жүргендер қаншама.

***

Адамды ақылынан, жігерінен ажыратсаң, ар жағы кеуік: түртіп қалсаң, құлай береді. Мұндай тобыр сазбалшыққа илеуге өте икемді.

***

Рух пен намыс – егіз.

***

Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!

Н. Үсенова