Жиренше мен Қарашаш туралы Мәшһүр Жүсіптің ел аузынан жинап алғаны

Жиренше мен Қарашаш туралы Мәшһүр Жүсіптің ел аузынан жинап алғаны
Фото: bilim-all.kz

Сол замандарда Әз Жәнібек хан қырық уәзірін жиып:

– Маған өтірік пен шынның арасы неменен айрылады? Соны тауып беріп, қалағандарыңды алыңдар. Болмаса, бастарыңды аламын, қырық күн мәулет бердім, – депті. 

Сонда ешкім керек қылмай: «Әңгіме естимін!» – деп, Жиренше де өз бетімен барған екен. Уәзірлер тарқасып кетіп, қырық күн ойлап, дәнеме таба алмапты. Қырқыншы күн болғанда, хан жинап алып: 

– Өтірік пен шынның арасы неменен айрылатұғындығын таптыңдар ма? – дегенде,

– Жоқ, тақсыр, таба алмадық, –десті.

– Бастарыңды алдырамын, – деп, қаһарланған шақта, Жиренше шешен айтыпты: 

– Анаукүні хан хандығымен бас-басыңа бір күннен – қырқыңа қырық күннен мәулет берді ғой. Енді өздерің тіленіп, ер басына қырық күннен мәулет алсаңдаршы! Соған дейін бірің болмаса, бірің табарсыңдар, – дейді. Хан:

– Жарайды, бұл баланың сөзі де дұрыс көрінеді. Менің мақсатым сендерді өлтіру емес, сынау. «Ханда қырық кісінің ақылы болады» – дейді. Сендер ақылды болсаң, сонда әрқайсыңнан бір ақыл алған соң, менде қырық кісінің ақылы болатұғын себебі сонымен-дағы. Сендердің бірде-біріңде ақылдан шайнам дәнеме жоқ болса, менде ақыл қайдан болсын?! Табыңдар осыны, ер басына қырық күннен мәулет бердім, – деп, тарқатып жіберді дейді.

Ханның алдынан шыққан соң, он екі жастағы жас бала Жиренше: 

– Осы сөзді біреу болмаса, біреу білуші болар. Соны іздеп табамын, – деп, жаяу жалғыз елден-елді кезді дейді. Қаңғып келе жатып, бір қорғаны бар шаһарға келді дейді. Намаздыгерден төмен, намаз-шамнан жоғары даруазасынан кіріп келе жатса, даруазаның есігі темір, қаракөк ат мінген, дулыға, сауыт, шарайна, белдік киген, ер қаруы – бес қаруды асынып, найзасын жерге шаншып, біреу тұр екен. Даруазадан кірген-шыққан, – бәрі сәлем беріп өтеді екен. Жиренше сәлем бермей, мойнын бұрмай, керек қылмай өте берді дейді. Сонда найзасын жерге тіреніп, ат үстінде шіреніп, ширатылып сөйлейді дейді: 

– Сенен басқа осы даруазадан кірген-шыққан жан сәлем бермей өтпеуші еді. Сәлем неге бермей, мойныңды неге бұрмай барасың? – дейді. 

– Біріміз атты, біріміз жаяу, сәлеміміз келісе ме? – дейді.

– Бұл шаһардың жөнін бұрын көріп-білмеген жан екенсің. Кел, артыма мінгес, біздікіне мейман бол, – дейді. 

Ер тоқымды аттың алдын бізге, артын сендерге құдай бұйрық қылған еді. «Ат иесі алдына мінеді», – деген сөз бар еді. Жұртыңды көрсет, жаяу-ақ барайын! – дейді. 

Ол – атты, бұл – жаяу: үйіне ертіп келді, мейманханасына кіргізді. Өзі үйіне барып түсті. Мейманхана кірген кісі шыққысыз, жалғанның бейішіндей үй екен. Маржандай тізілген жаңа өспірім қыздар пар-парымен неше түрлі тамақ, қонақ жабдықтарын даярлап, тіке тұрып күтті. Ас жеп болған соң, қаракөк аттың үстіндегі мырза келіп: 

– Қонағым, әңгіме айт! – дейді. 

– Біріміз - бүтін, біріміз – жарты: әңгімеміз келісе ме? – дейді. Отыра алмай ұялып, шығып кетті дейді. Сөйтсе, өзі қыз екен, сол шаһардың патшасының қызы екен. Атасынан рұқсат алған екен. «Еркек киімін киініп, даруазаның алдында тұрып, келген-кеткенді сынаймын, сыныма келген жанға тиемін!» – деп. Жолаушы-жобаушының бәрі мұның әйел екенін білмей, иіліп, сәлем беріп өтеді екен. Жиренше көрген жерден атқа отырысынан әйел екенін біле қойып: «Біріміз – атты, біріміз – жаяу» – дегені – «Біріміз – еркек, біріміз – ұрғашы, қалай сәлем берісеміз?» – дегені екен. Өзінің әйел екенін әбден танығанын: «Біріміз – бүтін, біріміз – жарты», – деген сөзінен біліп, ұялып, тұра жөнелген себебі сол екен. Атасына кісі салдырды дейді: «Менен білімі асқан кісі кез келді. Мені осыған берсін!» – деп. 

Атасы хош көріп, қабыл алып, жорға бие сойып, жоғарғы елді шақырып; ту бие сойып, төменгі елді шақырып; үлкен зор тамаша той қылып, қызын Жиренше шешенге қосты дейді. Жиреншенің жақсы, аяулы, данышпан қатыны осы екен. Екеуі бір-біріне қосылып, құрмашаны сындырып, көңілдерін тындырып, ұйқылары ашылған соң, мауқы әбден басылған соң, Жиренше шешен: 

– Мен қайтамын, – дейді.

– Қалыңдықсыз қайда қайтасыз? Әкемнің менен басқа ұлы да жоқ, қызы да жоқ. Әкем өлген соң, осы дәулетке кім ие болады? Енді не іздейсің? «Есіктен табылса, төрге озба», – деген бар емес пе еді? – дейді.

– Жоқ, қайтатұғынымның мәнісі бар. Әз Жәнібек деген ханымыз қырық уәзіріне: «Өтірік пен шынның арасын айырыңдар!» – деп, қысым қылып еді. Соны солар таба алмай, қанша күнге мәулет алысып еді. Мен соны білуші болар ма екен деп, іздеп шыққан жұмысым сол еді. Үйден шыққанда, ойлап шыққан жұмысымды аяқтамай тұрып қалсам, бұқа қарап жүріп, жасауылға тұрғанның құтты өзі болғаным ғой. Онан соң менің адамшылығым болмайды ғой, – дейді. 

Онда қалыңдығы айтты:

– Болмашы нәрсенің өзі керек қылып іздеушіге әлдеқандай қиындап кетеді екен-ау! «Өтірік пен шынның арасы бір-ақ тұтам жер емес пе? Бұрынғылар айтпаушы ма еді: «Өтіріктің түбі – бір-ақ тұтам», – деп. Оның мәнісі: көзбен көрген шын емес пе, құлақпен естіген өтірік емес пе? Құлақ пен көздің арасы бір-ақ тұтам жер емес пе? Өтірік пен шынның айырмасы осы емес пе? «Көзбен көрген – анық, құлақ естіген – танық» – демеді ме? –дейді.

– Бәрекелді! Іздеген жоғым табылды. Енді мен мұны барып, Әз Жәнібекке есіттірмесем, қырық уәзірін жоқ жерде өлтіріп тастайды ғой. Солардың ажалына ара тұрсам, тіршілігімнен зор пайда тапқаным ғой! – деп, жүруге ыңғайланғанын білген соң, қыз атасына кісі салдырды:

– Жат жұрттыққа жаралған әйел, міне! Күйеуі ел-жұртына қайтамын дейді. Мені қалдырмасын, ұзатсын! - деп. 

Атасы қызының айтқанын ізетті көріп, алтынмен аптап, күміспен күптеп, ұзатты дейді. Қырық уәзірін қосыпты. Қызымызды берген күйеудің жері қандай, суы қандай екен, алып барып салып, көріп келіңдер деп. Бұл ханның жұртынан былай ұзап шыққан соң, Жиренше шешен:

– Мен ілгері ұзап барып, ел-жұрттың аман-жаманын білейін, – деп, жалғыз жүріп кетіп, еліне келсе, Әз Жәнібек дәл сол күні қырық уәзірін жиып: 

– Таптыңдар ма?! – деп сұрап, олар таба алмай, енді бәрін өлтіртейін деп тұрғанның үстіне тура келіп:

– Тақсыр, бұларды өлтірмейтұғын болсаңыз, керек қылған сөзіңізді айтып берейін! – деп, қалыңдығынан үйренген сөзді бастан аяқ түсіріп айтқан соң, хан риза (ырза) болып: 

– Маған уәзір болуға сен лайық екенсің! – деп, өзінен соңғы бір деген бас уәзір сайлап, алтын жабдық арғымақ ат, қалы кілем, қара нар, қамқа тон –тоғыз қылып сый беріпті дейді. 

– Тақсыр, ғырза! – дейді. 

– Айт! – дейді. 

– Мен сондай жат жұртқа барып, құдайдың бұйрығы болып, бір ханның қызын алып қайтып едім. Қырық уәзірін қосып еді: «Алып барып, салып қайтыңдар!» – деп. Олар жолда көшіп келе жатыр, мен сізді көрейін деп ұзап келіп едім. Не ойменен қосқанын кім біледі? Достықпен қосқан болса, жолынан қалдырмайық. Дұшпандықпен қосқан болса, сыр алдырмайық. Соларды орта жолдан қайырып жіберсек екен! – деген соң, Әз Жәнібек хан мұнысын ұнатып, қырық уәзірін қосты:

– Қазынадан қырық ат, қырық шапан алып барып, мұның қонақтарын жөнелтісіп келіңдер! – деп. 

Жиренше қырық уәзірмен алдынан барып, ханның берген ат, тон, тарту, таралғыларын оларға сый қылып, орта жолдан қайырып жіберген соң, олар да ырза болып, қайтысты дейді. «Бәрекелді, бала теңіне қосылған екен. Күйеуіміз ханның өзінен соңғы бір деген уәзірі екен. Түзде мынадай қылып жөнелтті, үйіне барсақ, мұнан да көп сый-құрмет көретұғын едік», – десіп[ті]. Қайдан білсін: Жиреншенің екі кісі бас паналап отыратұғын үйі жоқ екенін, екі қанат ит арқаның кигіз түгіл бүтін шиі жоқ екенін?! Міне, жігіттер, бір ауыз сөздің түбін, төркінін білемін деп іздегендіктен, қалыңсыз бір ханның қызын алды. Өз ханының сатусыз, пұлсыз уәзірлігін алды. «Жігіттікте жаннан кеш те, іс қыл: өлесің, өлмесең, кісі боласың!» – деп, бұрынғының айтқаны осы.

Ж. Жұмағұлов