Бірлік, ынтымақ туралы мақал-мәтел

Бірлік, ынтымақ туралы мақал-мәтел
Фото: astanafm.kz

Елдің аузы ала болса, айтқаны бір жерден шықпаса, жұрты көсемінің соңынан ермесе, әр үй өз ынтымағын қызғыштай қорғамаса, бірлігі кетіп, берекесі тозған ел содан шығады. Бүгінгі Қазақстан халықтарының бірлігі күні құрметіне  ұсынылған ынтымақ жайында, бірлік туралы мақал-мәтелді оқи отырыңыздар. 

Алтау ала болса,
Ауыздағы кетеді;
Төртеу түгел болса,
Төбедегі келеді.

Ит пен ит ырылдасса
Тамағының тоқтығы.
Жігіт пен жігіт қырындасса
Ынтымағының жоқтығы.

Тозған қазды
Топтанған қарға алады.

Қырық кісі — бір жақ,
Қыңыр кісі — бір жақ.

Көптеген жау алады,
Көмектескен дау алады.

Күшенген жеңбейді,
Күші көп жеңеді.

Ынтымақ — бұзылмайтын қорған,
Қосылып еккен ағаш — орман.

Саусақ бірікпей — Ине ілікпейді.

Ауыл болса — қауым бол.

Байлық байлық емес,
бірлік — байлық.

Қол жұмылмай — жылынбайды.

Ынтымақ жүрген жерде,
Ырыс бірге жүреді.

Құрама жиып ел өткен,
Құрақ жиып шөп еткен.

Ұйымдасқан ұтады.

Ынтымақтың арты игі.

Ынтымақсыз елді — Ұрысы билейді.
Ынтымақты елді — Дұрысы билейді.

Жұрт келгендей жиын болсын,
Жұмылған қолдай ұйым болсын.

Аз да бітер, көп те бітер,
Татулыққа не жетер?

Біршілік болмай — тіршілік болмайды.

Ұйымдасқан ұтады.

Тоқтығында жараспаған,
Аштығында қараспайды.

Қосылғанның — қолы ұзын,
Қос керуеннің — жолы ұзын.

Біреуің бас, біреуің аяқ бол,
Біреуің құйрық, біреуің қанат бол.

Аздың азаншысы болғанша,
Көптің қазаншысы бол.

Күш — бірлікте.

Ынтымақ түбі – игілік,
Тірлік, тірлік түбі – бірлік.

Ағайын тату болса – ат көп,
Абысын тату болса – ас көп.

Теңге – тиыннан,
Ынтымақ – ұйымнан.

Ынтымақ түбі — игілік.

Екі құзғын таласса,
Бір қарғаға жем болар.

Көнектен шошынған бие оңбас,
Көптен бөлінген үй оңбас.

Бір жеңнен қол шығар,
Бір жағадан бас шығар.

@. @assel_assanova