- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Қонақ неше түрлі...
Қонақ неше түрлі болады?
Есентемір Бөленді Асау шешен қонаққа шақырып отырып:
- Е, бөле! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? — депті.
- Е, шырағым, сұра! — депті Бөлен.
- Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп «мынау тағы келе жатыр ма?»—дейді. Бұл неткені? — депті Асау.
- Ол келіннің ырысы кеткені,— дейді Бөлен.
- Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. «Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?»— дейді. Бұл неткені?
- Ол балалардан ерік кеткені.
- Бөле! «Қонақ-қонсы» дейді қазақ. Қонақ деген кім, қонсы деген кім?
- Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақырту- мен келемін. Қонсы деген мыналар,— деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне пәлен келіпті, барып амандасайық деп келеді.
- Ал, Бөле! Қонақ неше түрлі болады?
- Қонақ төрт түрлі болады:
Арнайы қонақ,
Құдайы қонақ,
Қыдырма қонақ
Қылғыма қонақ.
Енді Бөлен Асаудан:
- Жігіттің неше жұрты бар? — деп сұрайды.
- Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын,— дейді Асау:
Қайын жұрты — міншіл,
Өз жұрты — күншіл,
Нағашы жұрты — сыншыл.
Сонда Бөлен:
- Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол — елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді- ау! — депті.