- Негізгі бет
- Түп тамыр
- Тектілік деген не?...
Тектілік деген не?
Қазақ танымында аса құдіретті, өте қадірлі "тектілік" дейтін ұғым бар. Тектілік – ол адамға тән кісілік құндылық. Ол дегеніміз – ата-баба аруағын ардақтай білу, ата-ананың борышын ақтауға жан-тәнімен берілу, ағаны арқа тұта сыйлау, ініге ілтипат, қыз баланы ерекше құрметтеу.
Текті адам – барынша қарапайым, жүзі жылы мейірімді, сыпайы, әдепті, инабатты, биязы мінезді, кешірімшіл, үлгілі, өнегелі адам.
Тектілердің ата-бабалары да құрметке ие болғандар.
Тектілік кездейсоқ қалыптаспайды.Текті адамға ата-бабасының жақсы қасиеттері, парасаттылық үлгісі, ділі, дүниетанымы рухани сабақтастықпен беріледі. Бұл қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа ділде сақталып жалғаса береді.
Тектілер – ұлттық мұрат жолында қызмет ететіндер, ел жүгін арқалағандар. Өз халқының асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға мән беретіндер. Ұлт тағдырына бейжай қарамай, ұлт мүддесін көздеп, ұлты үшін бар қиындыққа төзе білетіндер.
Тексіздер – пендешіліктің, нәпсіқұмарлықтың, теріс жолдардың сан түрлі шырмауына шырмалып, салт-дәстүрді сыйламайды, айтқан сөзіне берік емес, біреуге жалтақтап, жарамсақтануды зор мәртебе санайды. Намыстан жұрдай болып, өз мәртебесін көтеру мақсатында әлеумет алдында ұлылар санатына қосылуға әрекетін аямайды, болмашы жетістігі болса, зорайта көрсетуге күш салады. Бұл әрине, жасанды тектілік. Мұндай әрекеттермен нағыз шынайы тектілік қалыптаспайды.
Н. Үсенова