Абайдан тараған ұрпақтар

Абайдан тараған ұрпақтар
Фото: abai.kz / poem-of-day.rifmovnik.ru

Абай бүгінгі Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы дүниеге келген. Оның әкесі Құнанбай, атасы Өскембай ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар болған. 

Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың анасы Зере мінезі жұмсақ кісі болған. Ел билеп, аға сұлтан болған шағында Құнанбай әкесінен өтімдірек болған деседі. 

Құнанбай 41 жасқа келгенде Абай дүниеге келген. Ақынның анасы Ұлжан Құнанбайдың екінші әйелі болған. Бәйбішесі Күнкеден Құдайберді дүниеге келсе, Ұлжан Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан есімді балаларды өмірге алып келген. Үшінші әйелі Айғыздан Қалиолла, Ысмағұл, Кәмшәт деген балалары болған. Төртінші әйелі — Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.

Ұлжаннан туған балаларының бәрі бірдей өз анасының қолында тәрбиеленбеген. Үлкен баласы Тәңірбердіні жас күнінде Өскенбай қолына алса, Ысқақ Құдайбердімен бірге Күнкенің қолында тәрбиеленген.  

Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған шақта, екі шешенің тел баласы болған – Ибраһим. Ақыннан соң дүниеге Оспан мен Ысмағұл келеді. Бірақ, олардың жас айырмасы едәуір алшақ болатын. Ал Айғыздан туған үлкен ұл Қалиолла оқуда жүрген. Ақын өзінің балалық шағының алғашқы жылдарын екі шешенің ортасында өткізген.   

Абай 15 жасында әкесінің құдаласуымен Ділдәға қосылады. Ділдәдан Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан туған. Екінші әйелі Әйгерімнің (Шүкімән) әнін ұнатып, дауысына ғашық болып алған. Абай Әйгерімге 1875 жылы үйленген. Әйгерімнен Турағұл, Мекайыл, Ізкәйіл, Кенже туған. 

Абайдың тұңғышы Ақылбай Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның қолында өседі. Ол жастық, махаббат тақырыбына көптеген өлеңдер жазған. Ақылбайды талантты ақын ретінде танытқан поэмалары: "Зұлыс", "Дағыстан" ("Қисса-Жүсіп"), "Жаррах батыр".

Күлбадан – Абайдың Ділдәдан туған қызы. Оны Абай бала кезінде Семейдегі орыс мектебіне берген. Әкімбай атты ұлы бала кезінде 7 жасында қаза табады.  Әбдірахман – Абай үлкен үміт артқан ұлдарының бірі. Білім жолына түсіп, елге қызмет еткен Әбіш 1895 жылы 15 қарашада Ташкентте қайтыс болады.

Мағауия – Абайдың Ділдәдан туған кенже ұлы. 1885 жылдан бастап Мағауия әкесінің тәрбиесінде болады. Ол орыс ғалымдары мен көрнекті жазушыларының еңбектерімен танысады. Ол махаббат, жастық жайында лирикалық өлеңдер жазады. Райхан – Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған кенже қызы. Турағұл – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған баласы. Ол жас шағынан әкесі Абайдың қолында болып, тәлім-тәрбиесін көп көріп өседі. Турағұл 1904-1909 жылдары немере ағасы Кәкітай Ысқақұлымен бірге Абайдың әдеби мұрасын жедел жинап, баспаға әзірлеп, Абай өлеңдерінің алғашқы жинағын 1909 жылы Санкт-Петербургта шығартты. Ол 1917-20 жылдары Семейдегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі жауапты қызметтер атқарды. Мекайыл арабша, орысша сауатты болған. Абай өлеңдерін түгелдей жатқа білген.  Ізкәйіл арабша оқып, білім алған. 1917 жылы Ойқұдықта тұңғыш рет қойылған Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек" пьесасында Абыздың рөлін ойнаған. Кенже – Абайдың кенжесі. Алтыбақан, ойын сауық кештерінде Абай әндерін орындап, оның халық арасында кеңінен танылуына септігін тигізген.

Т. Есқали