- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Транзит мол мүмкіндіктер...
Транзит мол мүмкіндіктер ұсынады
Экономиканың күретамыры болып табылатын көлік кешені Еуропа мен Азия құрлықтарын біріктіріп отырған Қазақстан үшін тіпті маңызды сала болып табылады. Сондықтан еліміз жүк ағынын бірнеше есе арттырып, тиімді транзиттік әлеуетті пайдалануға тырысуы қажет.
Соңғы жылдары жаһандық транзит үшін бәсекелестіктегі әлемдік тәжірибе жүктердің контейнерлермен тасымалдануына ауысуы бойынша оң үрдісті және жалпы контейнерлік тасымалдың дамуын көрсетіп отыр. Осы тұрғыда Қазақстанмен қабылданатын контейнерлік жүктердің көлемін ұлғайту бойынша шаралар оң динамикаға қол жеткізуге мүмкіндік берді. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті жиырма футтық баламадағы 800 мың контейнерге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұған қоса, контейнер ағынын ұлғайту теміржол магистралінің өткізу қабілетін ұлғайтуды және инфрақұрылымның тар жерлерін алып астауды талап етеді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, құрлықішілік мемлекет бола тұра, Қазақстанға жаңа халықаралық дәліздерді салу және жүк тасымалы үшін барынша қолайлы шарттарды құру арқылы транзиттік әлеуетті жүзеге асыру қажет. Бұл үшін шығыстан батысқа қарай 1000 шақырым арақашықтық қысқарды. Контейнерлік пойыздардың жүру жылдамдығы тәулігіне 1100 шақырымға дейін артты. Парсы шығанағы елдеріне шығуға мүмкіндік жасалды. Алдағы бес жылдық кезеңде көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы іске асырылады. Жалпы, бағдарламада негізгінен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуды және қайта жаңғыртуды қамтитын 16 жоба қарастырылған. Бағдарлама аясында 75 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Автожолдардың құрылысы барысында жергілікті қамтудың деңгейі 95 пайызды құрайды.
Көлік инфрақұрылымының дамуы мемлекет экономикасының ішкі қажеттілігінен туындаған көлік дәліздерін әртараптандыруды қажет етеді. ИДМ мәліметінше, жалпы физикалық тосқауылдарды жою үшін соңғы бес жылда 5 мың шақырым автожол қайта жөнделген, темір жол желілері 1 703 шақырымға ұзарған, жаңғыртуды талап ететін 8 әуежайдың 4-уі қайта жөнделіп, Ақтау теңіз портының өткізу қабілеті 20 млн. тоннаға дейін ұлғайған.
Ағымдағы жылдың 9 айында Қытай – Еуропа – Қытай бағытында 66 мың контейнерлік жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Осылайша, министрлік алдағы 4 жылда бұл көрсеткішті тағы 12 есеге арттыруды көздеп отыр.
Бүгінгі күні жалпы ұзындығы 111 шақырымды құрайтын Алматы – Шу учаскесінің екінші жолының құрылысы жүргізілуде және осы жылдың желтоқсанында 52 шақырымдық екінші жолды қамтитын бірінші өткізу кешенін іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге, контейнерлік тасымалды дамытуға Құрық елді мекенінде салынып жатқан паром кешені де өз септігін тигізеді. Қазірдің өзінде Боржақты – Ерсай темір жол желісімен жалғастырылған. Паром кешенінің бірінші кезегі де осы жылдың желтоқсанында пайдалануға берілмек.
Қазіргі күні Қазақстан арқылы өтетін темір жол транзиттік тасымалдардың тек 11 пайызы Қытайға тиесілі. Ендеше бұл бағыттағы жүк ағынын арттырып, әлеуетті пайдаланудан ұтылмасымыз анық. Оның үстіне Қазақстан болжап отырған көлем үдесі Ресей немесе Орталық Азия өңірі аясында ғана айналып жүрумен шектелмейді. Әйтсе де, Қорғас порты арқылы контейнерлер жүріп жатқанына қарамастан, біздің жақтан пойыздар жартылай бос күйінде қайтуда. Сондықтан контейнерлерге жүк толықтай тиеліп, вагондар бос қайтпас үшін тиісті шараларды қарастыру қажет. Бұл мәселені Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жіті бақылауда ұстап отыр.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметтері бойынша, қазіргі күні Боржақты – Ерсай теміржол желісінің, Қорғас – Шығыс қақпасы арнайы экономикалық аймағындағы құрғақ порттың және инфрақұрылымның құрылысы, Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары аяқталды. Биылғы жылдың соңына дейін Құрық порты мен Алматы – Шу темір жол желісінің алғашқы іске қосу кешендері пайдалануға беріледі. 2017 – 2019 жылдар аралығында сыртқы терминал желісі Қытайда, Ресейде, Орталық Азия елдерінде, Түркияда, Парсы шығанағында, Үндістанда және Еуропада жүк ағындарының шоғырлану және дистрибуция орындарында өріс алады. Барлық аталған жобалардың іске асуы 22 мың жаңа жұмыс орнымен, соның ішінде пайдалануға беру кезінде13,3 мың жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Қытай – Еуропа дәлізін дамыту аясында ресейлік және беларусьтық темір жолдармен бірлесіп, Біріккен көлік-логистика компаниясы құрылды. Сондай-ақ, Солтүстік – Оңтүстік дәлізі бойынша транзиттік тасымалдарды дамытуда белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының көлік-логистикалық хабты қалыптастыру мен транзиттік әлеуетті дамыту бойынша берген тапсырмаларын іске асыру 2020 жылға қарата контейнерлік тасымалдарды дамытудан түсетін 4 млрд. доллар пайдамен қамтамасыз етеді. Ел экономикасының драйвері болып табылатын көлік-логистикалық сектордың дамуы 2020 жылға қарай ЖІӨ бір пайыздық өсіммен қамтамасыз етеді. Сондықтан жаһандық логистикалық тізбекті трансқазақстандық бағдарға бағыттау мақсатында көлік-логистикалық қызметтер мен халықаралық көлік дәлізіне ықпалдастықты дамыту бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
T. Кіршібаев