- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Тоқаев: "Индустрияландырудың үшінші...
Тоқаев: "Индустрияландырудың үшінші бағдарламасын іске асыру 2020 жылдан басталады"
Мемлекет басшысы Индустрияландыру күніне және “Парыз”, “Алтын сапа” сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Елбасының мықты мемлекет қалыптастырудағы және ел экономикасын нығайтудағы рөлін атап өтті.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, Тәуелсіздікті жариялау бір басқа да, оны ұстап тұру одан да қиын әрі маңызды. Елбасының басшылығымен өткен 28 жыл ішінде Қазақстан орасан зор табысқа қол жеткізді. Индустрияландыру елдің экономикалық дамуының берік негізін қалыптастырды. Бүкіл еліміз бойынша 1300-ге жуық жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Соның нәтижесінде соңғы он жылда өндеу секторындағы өндіріс көлемі 3 еседен астам ұлғайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңдеу өнеркәсібіне 34 миллиард доллардан астам тікелей шет ел инвестициясы тартылғанын атап өтті. Бүгінде бұл сектордағы экспорт көлемі отыз пайыздан астам артып, 165 миллиард долларға жетті. Қазақстанда шығарылған өнім әлемнің 120-дан астам еліне жеткізіледі.
– Индустрияландыру әлемдік дағдарыс кезінде экономикамыздың дамуына тың серпін берді. Экономиканың көптеген саласы мен секторының түрі, құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. Металлургия саласында рельс, сым-темірлер, радиаторлар және басқа да болаттан жасалған көптеген дайын өнімдер шығарыла бастады. Елімізде алюминийдің бастапқы түрін қайта өңдеу ісі артты. Бүгінде Қазақстан әлемдегі титан өндіретін елдердің қатарына қосылды. Бұрын шығарылмаған титан құймалары мен қорытпалары секілді өнім түрлерін өндіру игерілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, машина жасау саласын дамытуға жағдай жасалған. Бұл өндіріс көлемін 8 есе арттыруға мүмкіндік берді. Биылғы 10 ай ішінде 38 мыңнан астам автомобиль шығарылды.
Президент өз сөзінде 4.0 индустриясын дамыту отандық өнеркәсіпті жаңғыртудың өзекті әрі маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.
– Үкіметтің алдында 2025 жылға қарай цифрлық технологияны енгізген өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындардың санын 200-ге дейін жеткізу мақсаты тұр. Нәтижесінде технологиялық дамудың қазіргі деңгейінен "ақылды өндіріс" деңгейіне көшу қамтамасыз етілуі тиіс, яғни, өндіріс толық автоматтандырылуы және роботтандырылуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін жаңа сын-қатерлерді ескеруге шақырды. Сауда соғысы мен санкциялық шектеулер жағдайында Қазақстанның экономикалық әлеуетін жүзеге асыру үшін ұлттық бизнестің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды саналады.
– Индустрияландырудың үшінші бағдарламасын іске асыру 2020 жылдан басталады. Біз жеке сектордың әлеуетін барынша пайдалана отырып, экспортқа негізделген өңдеу өнеркәсібінің даму бағытын айқындадық. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру кезінде өткен бесжылдықтардағы кемшіліктерді ескеріп, өңделген өнімдердің экспортын ұлғайту, шығарылатын өнімдерді технологиялық тұрғыдан “күрделендіру”, сапалы жұмыс орындарын ашу секілді міндеттерді орындау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасы экономикадағы құрылымдық трансформацияның негізгі факторы болуы тиіс. Нәтижесінде экономиканың теңгерімді өсімі мен азаматтардың әл-ауқаты артады.
Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” республикалық конкурсының жеңімпаздарын және “Алтын сапа” сыйлығының лауреаттарын марапаттады.
“Парыз” конкурсының гран-при жүлдесін “Еуразиялық топ”, “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын” аталымы бойынша алтын жүлде “Абзал және К” компаниясына (Қызылорда облысы) берілді. “Бёмер Арматура” ЖШС (Қарағанды облысы) “Үздік индустриялық жоба” аталымы бойынша, “СКЗ-U” ЖШС (Қызылорда облысы) “Үздік инновациялық жоба” аталымы бойынша “Алтын сапа” Президент сыйлығының лауреаттары атанды.
Т. Раушанұлы