Тіл – ұлттың тұғыры, рухы мен намысы

Қазақ тіліне тұңғыш рет мемлекеттік мәртебе беріліп, Қазақ КСР-нің «Тілдер туралы» Заңының қабылданғанына 27 жыл толды. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде қаншама өрлеу белестерді өтіп, өрелі жеңістерге жеттік десеңізші! Еліміз тәуелсіздік алар тұста ана тілімізге мемлекеттік мәртебе әперуде намысты жанып, рухты атойлатқан сындарлы шақтың болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. «Тіл туралы» тұңғыш Заңның қабылдануына көп әсер еткен біздің қоғам болды.

Еліміздегі тіл үшін күрес әрбір қазақтың жадынан шыққан емес. Кеңестік дәуірде де бұл өз жалғасын тауып келді. Желтоқсан оқиғасынан кейін бұл тіл мәселесі қауырт белең алды. Біздің өңірде де осы кезде тіл жанашырларының қозғалысы етек алып, зиялы қауым аса белсенділік танытты. Олар алғашқы «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарын құрып, балабақша мен мектептерді қазақ тіліне аударуға, қаланың атын өзгертуге күш салды.

Біздің қоғамның құрылуы рухани кеңесті­гімізде еркіндік пен демократиялық үдерістің пайда болып, ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға, тілі мен дінін түзетуге, бары мен жоғын түгендеуге қызу кіріскен шағымен тұспа-тұс келді. Қоғамның бүкіл елімізде қолдаушылары мен жақтаушылары мол болып, оның мүшелерінің саны бір миллионнан асты. Ол елімізде өзіндік салмағы бар зор қоғамдық күшке айналды. Ел тәуелсіздігі мен ұлттық рухтан қанаттанған қоғам қызметі республика аумағынан асып, алыс-жақын шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасын да қамтыды. Осыған байланысты қоғамның 2-ші құрылтайында қоғам халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы болып қайта ұйымдастырылды.

Биылғы жыл – мерекелі жыл. Тәуелсізді­гіміздің 25 жылдығы тойланбақ. Мұнда тек той тойлау емес, ұлттық рухымыздың көтеруге бет бұруға, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтатуға тиіспіз. Тіл – ұлттық құндылығымыздың бірегейі, әрі ұлттың тұғыры екені естен шықпаса екен.

Атырау өңіріндегі қоғам филиалы облыстағы тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Тілді насихаттауға, ҚР «Тіл туралы» Заңының жүзеге асырылуына және мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің қоғам өмірінің бар саласына дендеп еніп, толыққанды қызмет етуіне ықпал етіп келеміз.Түрлі бастаулар мен тілге қатысты шаралардың ұйымдастырылуына да белсене араласудамыз.

Біздің өңірімізде тілге қатысты проблемалар жоққа тән. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қолданыс аясын нығайтуда, кеңейтуде көп іс тындырылды. Әлі де жалғасын тауып келеді.Үш тұғырлы тіл саясатын да жүзеге асыруға жете көңіл бөлінуде. Бұл болашақта ұрпақтарымыз білімді де білікті болуы үшін аса қажет. Оған асығыс қадам жасауға болмайды. Сонымен қатар назарымызды тіл жөніндегі мәселелерге дер кезінде аударып, тиісті органдарға оны шешуді ұсынып отырамыз.

Өңірімізде мемлекеттік тілдің аясын кеңейту бағытында алғы шарттар жеткілікті. Тек ынта мен жігер жетіспейді. Еш ұлтты да, ұлысты да бұған кінәлауға болмайды. Тек қана өзіміз кінәліміз.

Тағы бір ескерер жай, мемлекеттік басқару жүйесі қазақшаланбай, елімізде мемлекеттік тіл дамымайды, қоғамдық қатынастарда үстемдік құрмайды. Сондықтан, мемлекеттік басқару жүйесіндегі азаматтар тіліміздің өз төрімізде мәңгілік салтанат құруы үшін жұмыстануы қажет-ақ. Сөз жоқ, бала ғана емес, жалпы азамат үшін орны бөлек қасиетті орын – отбасы.Жас сәби дүниесіне ең бірінші әсер ететін де отбасылық тәрбие. Әрине, балабақша мен мектептің де берер тәрбиесін, ықпалын жоққа шығаруға болмайды.

Тіл – ұлттың тұғыры, мемлекетіміздің негізі. Тілі жоғалса мемлекет те жоғаларын ұмыт­пайық.Біздің қасіретіміз– қазақтардың отба­сылық тәрбиеден, ана тілімізден айырылып қалуы.Бұрын кеңестік жүйеге жаптық, енді кімнен көреміз? Ұлттық рухымыз солғын, жалтақтығымыз басым. Соның салдарынан тіліміз төрге оза алмай, әлі де орыс тілінің шылауында келеді.

Еліміздегі 130-дан астам диаспоралардың қайсысы отбасында өз тілінде сөйлемейді? Ешқайсысы да, бәрі де отбасында өз тілінде түсініседі.Тек қазақтар ғана шүлдірлесіп жатқаны. Бұл ана тіліне, ұлтына деген құрметтің жоқтығы. Бұдан арылмайынша, ел болам деу бекершілік. Ана сүтімен берілетін ұлттық тілімізді қастерлеу ата-баба аманаты екенін жадымыздан шығармауымыз керек.

Тіл – мемлекеттік ұлттық құндылығымыз. Құндылықтарымызды қастерлей отырып тереңдету, оған сүйіспеншілікті қалыптастыру – отаншылдық пен қазақстандық патриотизмді оятады. Мұны тілдерді дамыту басқармалары мен тіл жанашырларының мойнына жүктеп қойғаннан іс бітпейді. Ол әр қазақтың, әр қазақстандықтың ортақ ісі екендігін ұмытпайық.

Қанша тіл біліп, қанша жұрттың ілімін үйренсек те, артық емес, бірақ, ең бастысы – жастардың бойында отаншылдық сезімнің, ұлттық рухтың әрдайым ояу болуы. Осы орайда толғандыратын жайлар бар. Бір ғана мәселені айтайықшы: Кітап оқу үрдісі қазір мүлдем тоқырады. Бәзбіреулер «жақсы кітап жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртеді, енді біреулер «бар, бірақ бағасы қымбат» деп жатады. Бәрі де – бос сөз. Жақсы кітап бар, бағасы да соншалықты қымбат емес. Тек әдеби шығарма оқуға деген ынта, қызығушылық жоқ.

Біріншіден, бала кезден кітап оқуға ынта-ықылас оянуы керек. Не үйде, не мектепте осыған ұйытқы болып жатқан жан бар ма? Керісінше, баланы компьютер үйренуге балабақша жасынан баулимыз да, кітап оқуға дағдыландырмаймыз.Өйткені қазіргі жас мұғалімдердің өздері – кейінгі кітап оқымайтын толқынның өкілдері.

Екіншіден, Бірыңғай ұлттық тестілеу, бәлкім, әлемдік білім бағалау үрдісінде өзін ақтаған тәсіл шығар, бірақ, тап осы әдістің салқыны кітап оқуға анық тиіп тұр.Емтихан алушының алдына барып, ойындағысын бетпе-бет айтып, білім деңгейін таразылатпағасын, қағаздан белгілеп қана оқуға түсу дұрыс әдіс пе?

Қазақ тілінің байлығы ұшан-теңіз, соны жас ұрпақ санасына сіңіре білу қажет. Оны әлемдегі ешбір тілмен салыстыруға болмайды. Орыс тілінің С.И.Ожегов құрастырған бір ғана томдық түсіндірме сөздігі бар. Онда орыстың 53 мың сөзі берілген. Ал бізде бүгінгі таңда қазақ әдеби тілінің 15 томдық жаңа сөздігі шығарылып, оған 150 мыңнан астам сөз енгізілді.

Мына құдіретке қараңыз, орыстың «свежий» деген сөзін қазақша аударғанда оның 43 баламасы бар екен. Бұл нені көрсетеді? Қазақ тілінің аса байлығын және әлеуетін аңғартады.

Қазақтың 100 томдық «Бабалар сөзі» шықты. Бұл – өткен тарихымыз ғана емес, тілдік, шешендік бай мұрамыз. Мұны әрбір қазақ жастанып оқуы қажет.Меніңше, интернет, компьютер, телерадио, кино өмірімізге дендеп енгенімен, мұның бәрі де көркем әдебиетті, кітапты ығыстырып шығара алмайды. Сөйлеу мәдениетін дамытуда бұлардың бәрінің де әсері бар, оны жоққа шығара алмаймын.

«Тіл – ұлттың жаны» деген аксиомаға айналған сөз бар. Ендеше, әрбір адам тілді кеудесіндегі шыбын жанындай санаса, оның мәңгілік өмір сүруі үшін қолдан келгенінің бәрін де жасауы тиіс. Мәңгілік ел атану үшін де қазақ тілінің рухы асқақ та биік болғаны жөн. Мәңгілік елдің тілі – қазақ тілі – ана тіліміз болуы шарт.

Тағы бір тоқталар мәселе ономастикалық мәселелер. Бұған да ерекше назар аударылып, біраз іс-шаралар атқарылды. Әсіресе тарихи жер-су атауларын қалпына келтіру, көшелерді, қазақшаландыру белсенді жүргізілуде. Бұл жайды қоғам назардан тыс қалдырмай, облыс әкімі алдына жүйелі қойып, тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен бірлесе атқарып келеді. Олардан үнемі қолдау тауып отырамыз.

Бүгінгі күні тіл мәселесі тек рухани құбылыс емес, геосаяси маңызы бар факторға айналды.Бұл тұрғыда, біздің мемлекетіміз, Елбасымыз бұл мәселеге салмақпен қарап, байыпты саясат жүргізіп отырғанын атап өту қажет-ақ.

Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде дамуы оны мекендеген ұлттардың мәдениетінің тілдерінің қайта жаңғыруымен қатар жүруінің символикалық мәні зор. Бұл жай ғана үндестік емес, республикадағы тілдік ортаның бай әлеуетін сақтауды мақсат етіп қойған мемлекеттік саясаттың жемісі.

Елімізде тіл саясатына қаншалықты көңіл бөлініп отырғаны баршаға мәлім. Бұл – Елбасының өзінің назарында тұрған мәселе.Өйткені тіл дегеніміз – баршаны қамтитын, күрделі де терең ұғым. Ол жай ғана байланыс құралы ғана емес. Бұл – ұлттық сананың, болмыстың негізі, халықтың рухани қуатының темірқазығы, патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы. Ұлттық рухын жоғалтқан ел – өзін жоғалтқан ел. Экономикалық және қаржылық әлеует, табиғи байлықтар, технологиялар, жарақтанған армия – бұның барлығы да ресурс қана. Ал шын мәнінде халықтың игілігіне жарату үшін оларды жасап, іске асыратын адамдар өзінің елімен, жерімен рухани байланыста болуы шарт. Міне, осындай сезімді қалыптастыратын да – тіл.

Мемлекеттік тілді сақтап, дамыту, сындарлы тіл саясатын жүргізу, сайып келгенде, ұлттық қауіпсіздіктің, мемлекеттің тұрақтылығының бір кепілі болып табылады. Сондықтан Қазақстанда тіл мәселесіне мемлекет тарапынан басым көңіл бөлініп келеді. Президентіміздің Жолдауларындағы маңызды тұстарының бірі де – тіл. Сол бағыт Елбасының кейінгі елге арнаған сөздерінде де өз жалғасын тауып отыр.

Әрине, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі ерекше. Ол қоғамды біріктіруші фактор, тәуелсіздігіміздің бір тірегі. Оны білу – әрбір қазақстандыққа парыз. Бүкіл еліміздегі сияқты, бұл саясат, бұндай ұстаным Атырау облысында да жүзеге асырылып келеді.Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін арнайы облыстық іс-шаралар жоспары қабылданып, орындалуда.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды тізбелеп жатудың қажеті болмас.Ең бастысы, біздің өңірімізде қазақ тілі шын мәнінде өзінің мемлекеттік тіл функциясын атқарып отыр. Тек мемлекеттік қызмет емес, басқа салада да кеңінен қолданылуда. «Аджип ККО» компаниясы, «Теңізшевройл» ЖШС, «АНПЗ» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Атырау» магистралды газ құбырлары басқармасы, «Қазтелеком» АҚ облыстық филиалы сияқты ірі кәсіпорындарда да тілдерді дамыту мен қолданудың іс-шаралар жоспары жасақталған. Олар жемісті жүзеге асырылуда.

Тілге құрмет – қазаққа, елге құрмет екенін естен шығармайық. Ана тіліміздің асылын ардақтап, қадірлей білсек ата-бабалар рухына адалдығымыз емес пе?! Тіл – ұлттың тірегі, рухы мен намысы. Оның әлемдегі тілдер арасынан ойып тұрып орын алуы – баршамыздың арманымыз. Ең бастысы, қазіргі жаһандану кезінде ана тіліміздің жойылып, жұтылып кетпеуі үшін күресуіміз керек. Сөз соңында айтарым, ұлттың ұлылығы ұлттық құндылықтарымызда десек, оның ең қастерлісі – тіл екенін әркім жеке сезінсе екен деймін.

 

Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі

Атырау облыстық филиалының төрағасы,

«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері 

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz