- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Тәуелсіздік жылдары 2,5...
Тәуелсіздік жылдары 2,5 мың шақырым теміржол төселген
Елімізде теміржол қызметінің сапасын жақсарту мәселесі өзекті. Соңғы жылдары бұл салада елеулі өзгерістердің жүріп жатқаны белгілі. Соның ең басты көрінісі ретінде Тәуелсіздік алған жылдары 2,5 мың шақырым жаңа теміржол салынғанын айта кеткен жөн. Мұнымен қоса, республика аумағында жүк вагондарын шығаратын 2 зауыттың үздіксіз жұмыс істеп жатқандығын біреу білсе, біреу білмес.
Жолаушылар вагонын сатып алу субсидияланады
Павлодар облысындағы «Қазақстанның вагон құрастыратын компаниясы» және Солтүстік Қазақстан облысындағы «ЗИСКТО» акционерлік қоғамының жобалық қуаты жылына 3000 бірлік жүк вагонын құрайды. Сонымен қатар 2011 жылдың желтоқсанында Астана қаласында жылына 150 вагон жобалық қуатымен «Тұлпар-Тальго» жылдам жолаушылар вагондарын шығаратын жоба жүзеге асырылды. Осылайша, бүгінгі күні «Қазақстанның вагон құрастыратын компаниясы» серіктестігі шамамен 5 мың жүк вагонын шығарған. Атап айтқанда, «ЗИСКТО» АҚ зауыты шамамен 1,5 мың бірлікті шығарса, шығарылған өнім толығымен еліміздің ішкі нарығына қызмет етуде. Ал «Тұлпар-Тальго» зауыты ел игілігіне 436 жолаушы вагонын пайдалануға енгізгеннен бастап, жаңа вагондар қызмет көрсететін 12 жаңа жылдам маршруты ашылды. Биылға арналған жоспарда 145 вагонды шығару көзделсе, қазіргі кезде олар сертификаттық сынақтан өтіп жатқаны белгілі.
Бұдан бөлек Инвестициялар және даму министрлігі жолаушылар тасымалын субсидиялау бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, жаңа вагондарды сатып алу мен инвестиция тартуға, сондай-ақ тасымалдаушыларды ынталандыру үшін мынадай шараларға мұрындық болды. Яғни, 20 жылға дейінгі тасымалдауды ұйымдастыруға ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасуға мүмкіндік беру және жаңа вагонды сатып алуды несиелеу немесе лизинг кезінде пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау механизмін енгізу. Міне, осындай ауқымды шаралар арқылы жолаушылар вагондары тапшылығы мәселесі де шешімін табуы тиіс.
Ал жақында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі биылғы вагондар сатып алуды несиелеуге және оларды қаржыландыру лизингіне сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жұмысын қорытындылады. Айта кету керек, министрлік 2016 жылдың 11 қазанында вагондарды сатып алуды несиелеуге және оларды қаржыландыру лизингіне сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға құжаттар қабылдау басталғанын жариялады және үш ұйымнан жалпы соммасы 720 млн теңгеге өтініш қабылданды. Бұл өтініштер бойынша арнайы құрылған комиссия шешімімен займ/қаржы лизингі шартының мерзімі аяқталғанға дейін вагондарды (контейнерлерді) сатып алуды несиелеу және қаржы лизингінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау туралы шарт жасасу туралы шешім қабылданды.
Өндірістік циклде шамамен 7 мың адам тартылатын қазақстандық өндірушінің жалпы 1132 фитингтік жүк платформасын (контейнерлерді тасымалдау үшін вагондар) сатып алуын субсидиялау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар облысаралық қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету үшін 45 жолаушылар вагонын сатып алуды субсидиялау жоспарға ілікті.
Ал 7 қарашада әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушыларды тасымалдаушылар мен операторлардың вагондарды сатып алуын несиелеуге және оларды қаржыландыру лизингіне сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға құжаттарды қабылдау аяқталды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол жолаушылар көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2016 жылғы 9 сәуірде күшіне енуіне байланысты, министрлік вагондарды сатып алуды несиелеуге және оларды қаржыландыру лизингіне сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды алғаш рет жүзеге асыруға кіріскен еді. Аталған шаралар теміржол вагондарын, соның ішінде отандық өндірушілерден сатып алу үшін қаржының қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталғанын баса айтқан жөн.
Қазақстан Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша контейнерлік тасымал транзитінің көлемін екі есеге арттырып, 2016 жылдың 9 айында Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша 66 мың контейнер тасымалданды. Бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңінде тасымалданған жүктің көлемінен 2 есе артық. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында: «Соңғы жылдары жаһандық транзит үшін бәсекелестіктегі әлемдік тәжірибе жүктердің контейнерлермен тасымалдануына ауысуы бойынша оң үрдісті және жалпы контейнерлік тасымалдың дамуын көрсетеді. Осы тұрғыда Қазақстан қабылдайтын контейнерлік жүктердің көлемін ұлғайту бойынша шаралар оң динамикаға қол жеткізуге мүмкіндік берді. 2020 жылға қарай біз осы көрсеткішті жиырма фунттық баламадағы 800 мың контейнерге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді.
Бұған қоса, контейнер ағынын ұлғайту теміржол магистралінің өткізу қабілетін ұлғайтуды және инфрақұрылымның тар жерлерін алып тастауды талап етеді. Қазір Қазақстанда жалпы ұзақтығы 111 шақырым құрайтын Алматы-Шу учаскесіндегі екінші жол салынуда және биыл желтоқсан айында Индустрияландыру күнін атап өту барысында өзіне 52 шақырым екінші жолды қосатын бірінші іске қосу кешенін ашу көзделген.
«Бұған ұзақтығы 14 шақырым құрайтын «Боржақты-Ерсай» теміржол желісімен біріктірілген Құрық кентіндегі салынып жатқан паромдық кешен ықпал ететін болады. Паромдық кешеннің бірінші кезеңін де биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деп атап өтті министр.
417 жолаушы билетсіз жүрген бе?
Теміржол саласында күрмеуі шешілмеген мәселе көп. Ол – пойыз вагондарының қауіпсіздігі, билет тапшылығы, жолаушылардың жол жүру мәдениеті, тағысын тағы. Жолаушы тасымалдау қызметінің сапасын жақсарту жайы үнемі сөз болса да, бұған қатынас құралының осы түрін жиі пайдаланатын көпшіліктің де септігі тиіп жатқаны анық. Мәселен, жыл басынан бері 417 жолаушының билетсіз жүргені анықталды.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті мен оның аумақтық органдары Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес, теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. 2016 жылы 9 айда теміржол көлігінде өз қызметін жүзеге асыратын 159 кәсіпорынға тексеру жүргізілді. Тексеріс барысында теміржол көлігі қызметін реттейтін 2701 нормативтік-құқықтық актілер талабын бұзу дерегі анықталды. Мұның нәтижесінде анықталған бұзу деректерін жою туралы 108 нұсқау берілді.
Қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіргендіктен 169 бірлік теміржол желісін, 2635 бірлік жылжымалы теміржол құрамын пайдалануға тыйым салынды. Сондай-ақ, 160 жолаушы пойызы тексеріліп, 417 жолаушының жол жүру құжатынсыз жүргені және 0,646 тонна рәсімделмеген багажды алып жүруі белгілі болды. 2016 жылдың басынан 660 әкімшілік іс рәсімделіп, 27 724 566 теңге сомасына айыппұл салынды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Теміржол көлігі туралы» Заңының 14-бабы 2-тармағының 13-тармақшасына сәйкес, уәкілетті орган қозғалыс қауіпсіздігі талабын бұзу дерегі туралы статистикалық ақпарат әзірлейді.
2016 жылы 9 айда қозғалыс қауіпсіздігін бұзуға қатысты 688 оқиға тіркелді (2015 жылы 622), оның ішінде: пойыздардың аударылуына қатысты 5 жағдай (2015 жылы 5), 1 апатты жағдай (2015 жылы 1), 44 (2015 жылы 45) ақаудың ерекше түрі, 221 (2015 жылы 194) ақау, 219 (2015 жылы 212) жұмыстағы қиындық және 198 (2015 жылы 165) басқа бұзу дерегі анықталды.
Жаңа жеңіл автокөлік сатып алушылар көбейді
Астанада өткен форумға келген шетелдік делегаттардың бірі, германиялық Price Waterhouse Coopers агенттігінің халықаралық сарапшысы Кристоф Штюрмердің әлемдік автоиндустриядағы соңғы трендтер туралы айтқаны есте қалыпты. «Күнделікті ішетін сусын, тұтынатын телефон сияқты, автокөлік те бір бұйым. Оның басты айырмашылығы – қымбат бұйым екендігі. Қазақстан аз ғана уақыт ішінде экономикасы қуатты, әл-ауқаты жақсы елге айналып үлгерді. Жаңа нарықтың түрлерін бағындыра бастады. Ал өнеркәсіп өндірісі нарықтағы сұранысқа, халықтың талап-тілегіне тәуелді. Бұл елде автокөлікке деген сұраныс бар, автокөлік өндірісін дамытуға мүмкіндік мол деп ойлаймын. Себебі халықтың жаңа өнімдерге деген сұранысы жоғары», – деген-ді халықаралық сарапшы. Оның айтуынша, қазақстандық автокөлік құрастырушылар жылдамдық, үнемділік және қоршаған ортаға зиян келтірмеу сынды талаптардың үдесінен көрінетін көлік түрлерін шығаруы тиіс. Неге десеңіз, Инвестициялар және даму министрі жыл соңына дейін 800 шақырымды қамтитын жаңа жол төсемін пайдалануға беруді жоспарлап, 2020 жылға дейін қашықтығы 7000 шақырым Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Ақтау және т.б. бағыттар бойынша автожол құрылысы аяқтамақшы. Демек, бұл автокөлік құрастыру, жинау жұмысына қан жүгіреді деген сөз.
Қазақстан тұрғындары 2016 жылдың он айында 665 млн АҚШ долларына 34,6 мың жаңа жеңіл автокөлік сатып алды. Қазақстанның «ҚазАвтоПром» автокөлік саласы кәсіпорындары одағы жаңа жеңіл және коммерциялық жеңіл автокөліктер нарығына қатысушылардың 2016 жылдың 10 айындағы жұмыс нәтижелері туралы хабарлай келе, ресми дилерлердің әсіресе қазан айында көлікті көп сатқанын айтады. Осы айдың қорытындысы бойынша, республика жұрты еліміздегі автоорталықтардан 3 826 жаңа жеңіл және коммерциялық жеңіл автокөлік сатып алған. Бұл биылғы қыркүйек айындағы нәтижеден (3203 бірлік) 19,5 пайызға көп. Сол сияқты биылғы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша, ресми дилерлер 34 581 жеңіл және коммерциялық жеңіл автокөлік сатқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда (82 204 бірлік) 58 пайызға төмен. Биылғы жылдың 10 айындағы нәтиже бойынша 8199 сатып алушы қазақстандық зауыттардың өнімін таңдағанын айта кеткен жөн.
Жеңіл автокөліктер арасында Toyota Camry седан көш бастап тұр. Алғашқы бестіктің үш позициясын Lada моделі иеленсе, екінші орында седан Lada Priora (2269 бірлік), ал үшінші орынға Lada 4×4 (1 685 бірлік) жайғасты. Танымалдылығы жағынан RenaultDuster (1502 бірлік) төртінші болды. Қаңтар-қазан айларындағы көрсеткіш бойынша 1394 сатып алушысы бар Lada Granta бестікті аяқтайды.
Тұтынушыларға ұнаған алғашқы ондықтағы модельдердің арасында Volkswagen Polo (1360 бірлік), Hyundai Accent (1356 бірлік), KIA Rio (1088 бірлік), Renault Sandero (1080 бірлік) және Toyota Land Cruiser Prado (1028 бірлік) автокөліктері бар.
Қазақстан нарығында ірі диллерлік топ мәртебесін «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» холдингі ұстап тұр. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша барлық жаңа жеңіл автокөлік сатып алушылардың таңдауы осы компанияның ұсыныстарына тоқтаған. Нарықтың 16,7 пайыз өтімі «Astana Motors» компаниясына тиесілі. Қазақстандық авторетейл бестігіне «Вираж» (8 пайыз), «Mercur Auto» (5,1 пайыз) және «Aster Auto»(3,6 пайыз) компаниялары еніп отыр.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында «Азия Авто Қазақстан» АҚ автомобильдің толық циклді өндірістегі авто зауыт құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыру жұмыстары сәтті басталды. Бұл кәсіпорында LADA Granta, LADA Kalina Wagon, LADA Vesta, LADA X-Ray модельді автомобиль өндірілетін болады. Сондай-ақ, бүгінде «АЗИЯ АВТО» АҚ кәсіпорнында Skoda, Chevrolet, KIA, Lada маркалы автомобильдер шығару ісі тәп-тәуір жолға қойылды. Ал машина құрастыру, жасау саласында Қостанай облысындағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің аты көпшілікке танымал. Елімізде электр мобиль шығару ісі қолға алынғанына көп уақыт өте қойған жоқ, әйтсе де Қостанай облысындағы «СарыаркаАвтопром» компаниясының базасында биыл 5 электр мобиль құрастырылғаны белгілі. 2020 жылдан бастап компания осындай көліктердің сериялы өндірісін жолға қоймақ.
«ҚазАвтоПром» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алферов: «2016 жылдың басынан бастап қазақстандық авторетейл ай сайын 3 мыңнан астам автомобиль өткізіп, тұрақты көрсеткішке қол жеткізді. Қазан айында дилерлер үздік нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта нарықтың тоқыраудан өсімге бет алғанын айтуға болады» деген ойын білдірді.
Сонымен қатар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін негізгі автожолдардың бойында ұлттық стандарт талаптарына сай келетін 260 қызмет көрсету нысаны орналастырылмақшы. Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен аталмыш нысандар орналасатын орынның сызбасы бекітілді. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 260 қызмет көрсету нысанының 91-і қажетті қызмет түрлерінің барлығын көрсете алатын А-Б санаттарына сәйкес келетін болады. Қалған нысандар автотұрақ, тамақтану бекеті мен бөлшек сауда орындары қарастырылған С санатына сәйкес келтіріледі. «Бүгінгі таңда республикада 80 пайызы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін елді мекендерге жақын жерлерде орналасқан 2,5 мың қызмет көрсету нысандары жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы билікпен олардың (А В С D) санаттарының талаптарына сай келуін тексеріп, инвентаризация жүргіземіз», – деп атап өтті министр. Сол сияқты министрлік жол бойындағы қызмет көрсету нысан иелерінің нысанды ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие қарастыруды; жергілікті атқарушы органдардың инженерлік коммуникация жүйелерін тартуды өздеріне алуларын (электр, су және кәріз жүйелерін) ұсынды.
Биыл 9 айда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртылып жатқан жолдардағы жоспарланған құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталды. Жер төсемдерінің құрылысы, негізгі қабат жабдықтарын төсеу, жасанды ғимараттар мен көпірлердегі жұмыстар орындалды. Учаскелерде 756 шақырымға асфальтті және цемент бетонды жабынды төселді. Шамамен 3 млн тонна қиыршық тас, 250 мың тонна цемент, 125 мың тонна битум пайдаланылды. Бұлар – отандық өнімдер. Бұл жұмыстарға 75 мың адам, 30-дан астам мердігер ұйым жұмылдырылды. Олардың 20-сы отандық компания.
Бұған дейін хелгілі болғандай, жыл соңында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі қозғалысын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай-Талдықорған, Бейнеу-Шетпе және Көкшетау-Петропавл бағыттары да ашылады. «Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Алматы-Өскемен, Астана-Петропавл-Ресей Федерациясының шекарасы, Орал-Каменка, Ұзынағаш-Отар, Жетібай-Жаңаөзен жобаларындағы жұмыстар жалғасатын болады. Жалпы 6000 шақырымға жуық жолды қайта жаңғырту жоспарланғаны мәлім.
Әуекомпаниялардың әлеуеті артуда
Азаматтық авиация саласында соңғы бес жылда негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалуда. Қазақстандық әуе компанияларының жолаушылар тасымалдауы 44 пайызға ұлғайды. Бұл 4,1 млн адамнан 5,9 млн адамға дейінгі көрсеткіш.
Қазақстандық әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылардың саны соңғы жылдары тұрақты, орта есеппен 9 пайызға өсті. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ТМД мүше-мемелекет елдері арасында Қазақстан жолаушыларды тасымалдаудан екінші орынға ие. 2015 жылы Астана (10 орын) және Алматы (6 орын) әуежайлары қызмет көрсетілген жолаушылар саны бойынша ТМД мемлекет-мүше елдерінің ірі халықаралық әуежайлар ондығына енді.
Бүгінгі күні ҚР 20 қолданыстағы әуежайлардың 14-де ҰҚЖ (ұшу-қону жолағы) және 10 жолаушылар терминалдарында қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін Петропавл қаласы терминалын қайта жөндеу жұмысын аяқтау жоспарлануда. Ал 2020 жылға дейін Семей, Қостанай және Өскемен әуежайларының ұшу-қону жолақтарын қайта жаңғырту көзделіп отыр.
«Ұшу-қону жолақтарын қайта жөндеу бойынша қабылданған міндеттемелерді мемлекет толыққанды орындайды. Әуежай иелері терминалдарды қайта жаңғырту жұмыстарын қамтамасыз етулері қажет», –деді министр. «Қазіргі уақытта отандық әуекомпаниялар Қазақстан территориясы арқылы жылына 250 мың жолаушы тасымалдайды. Яғни, 2010 жылдан бері 10 есеге өскен. Орташа барлық транзиттік жолаушылардың 70 пайызға жуығы Астана әуежайының үлесінде. Бұл 175 мың транзиттік жолаушының Астанаға және 75 мың жолаушының Алматыға келетінін көрсетеді», – деп толықтырды пікірін Жеңіс Қасымбек.
Астана әуежайының инфрақұрылымын жаңғыртудың есебінен және Алматының жанынан хаб құру бойынша тапсырманы жүзеге асырып, сонымен қатар, халықаралық бағыттар мен қазақстандық әуекомпанияларды дамытатын болсақ, 2020 жылға қарай транзиттік жолаушылар ағыны артатын болады. Транзиттің ерекше перспективалы бағыты – Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай және Үндістан елдерінен келетін жолаушылар легі болып табылады. Министр атап өткендей, «Эйр Астана» әуе компаниясы тиісті өсімді қамтамасыз ету үшін әуе кемелері паркін кеңейтуді қолға алды. 2020 жылға дейін Эйрбас-320 үлгісіндегі 11 әуе кемесін лизинггке сатып алу көзделген. Ал 2019 жылға дейін 2 Боинг-787 ұшағын алу жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Астанадан 16 елмен 25 халықаралық бағыт бойынша әуе байланыстары орнатылған. Соның ішінде 5 халықаралық қаржы орталығына тікелей ұшатын рейстер бар (Франкфурт, Лондон, Дубай, Гонконг, Сеул). Апта сайын Астанадан 415 рейс ұшады (126 халықаралық және 289 ішкі рейстер). Сондай-ақ, Вена, Париж, Абу-Даби, Пекин, Стамбул, Үрімші, Бангкок, Шарджа, Минск, Мәскеу, Баку, Ташкент, Киев, Бішкек, Тбилиси және т.б. қалаларға тікелей рейстер жүзеге асырылады. 2017-2020 жылдары Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йоркпен әуе қатынастарын ашу көзделген.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жүріп жатқандықтан «Ашық аспан» пилоттық жобасының аясында Астанамен арадағы халықаралық бағыттарға шектеу қоюды екіжақты келісім негізінде ұзақ мерзімге дейін алып тастау мәселесі қарастырылмақшы. Осы ретте әлемнің 8 қаласына жаңа бағыттар ашылады деп жоспарлануда.
Демек, ішкі әуетасымал нарығы толығымен ырықтандырылды. Қазіргі уақытта 6 әуекомпания 39 бағыт бойынша ішкі рейстерді жүзеге асырады. (аптасына 500-ден астам рейс). Туризмді дамыту мақсатында биыл Алматы мен Астанадан Балқашқа, Алматыдан Үржарға және Ақтаудан Көкшетауға рейстер ашылды. Келесі жазғы маусымда Астанадан Үржарға, Алматы мен Астанадан Үшаралға рейс ашу жоспарлануда.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
T. Кіршібаев