- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Тәуелсіздік жарияланған ғимарат...
Тәуелсіздік жарияланған ғимарат тарихи нысанға айналды
Алматыдағы Тәуелсіздік жарияланған ғимарат бүгінде тарихи нысанға айналды. Дәл осы ғимаратта 1991 жылы 16 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды.
Сайтымызға жарияланған Асқар Жұмаділдаев: "Қазаққа ақын емес, технократ керек" атты мақалада қазақтың біртуар математигі осы ғимарат маңызы туралы сөз еткен болатын. Сол сұхбаттан үзінді ұсынамыз.
Асқар ағаны оңай таптық. ҚБТУ-дың уәделескендей дәл алдында кездестік. Амандық-саулықтан кейін: – Алдымен мен сендерге бір тарихи орынды көрсетейін. Негізгі жұмысымызға сосын кірісейік – деді.
Орта ғасырдағы ағылшын сарайындай университеттің үлкен есігін зор күшпен итеріп ашып, екінші қабатқа көтерілдік. Хан сарайындай жарық, киіз үйдей дөңгеленген дәрісханаға кірдік. "Міне, мына жер – тарихи орын. Алғашқы деклорация, тәуелсіздік, ата заң, президентті тағайындаудың барлығы осы жерде өткен. Мен – бақытты адаммын. Алғашқы жылдары соның дауысын қолмен есептедім. Себебі, ол кезде компьютер жоқ еді. Кейін Елбасының жалақысын да есептеп шықтым. Әне, анау шеткі орындықта Иманғали екеуміз отыратынбыз", – деп есіктен кіре берістегі шеткі орындықтарды нұсқады. Кең зәулім сарай, орындықтарға отырып көрдім.
Қалың ағаштан жасалған өте берік орындықтар. Әлі мың жылға дейін шыдайды. Отырып алып, 90-жылдардағы осы жердегі оқиғаларды елестеттім. Ең алғаш мектепке барғанда сыныптан сезген бір иісті сездім. Ескінің иісі... "Міне, мына мінберде Елбасы тұрып алғаш рет Тәуелсіз Қазақстанның атынан сөйледі", – деп ескі, бірақ өте ауыр мінберді көрсетті. Оған да шығып көрдім...
"Мысалы, АҚШ-тағы алғашқы тәуелсіздік жариялаған шағын екі қабатты үйді мұражайға айналдырып, сыртына ескерткіш тақта қойған. Ал біздің ғимаратты ешкім білмейді", – деді Асекең. Ішін аралап болған соң, ағаның кабинетіне келдік. Жолда Елбасының түскі ас ішетін бөлмесіне, Қонаевтың кабинетіне соғып өттік...
А. Оралқызы