- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Тәуелсіздік декларациясы –...
Тәуелсіздік декларациясы – тағылым алар тарихымыз
Сәрсенбі күні өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияны қабылдағаны белгілі. Еліміздің ширек ғасыр ішінде қол жеткізген жетістіктерін айшықтайтын бұл маңызды құжатта толағай табыстарға иек артуымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғаны айрықша атап өтіледі.
Тәуелсіздік Декларациясы қабылдануына орай редакциямызға еліміздің әр шалғайынан маңызды құжатқа жан-жақты қолдау білдірген үнқосулар келіп жатыр.
Жасампаздықтың жарқын көрінісі
Сан ұлтты Қазақстан халқы мерей мен мақтаныш құшағында. Қашанда өз қолыңмен жасаған игіліктің мәуесі тәтті болатыны айқын. Бұл Тәуелсіздігімізді қадірлеудің, оған беріле қызмет істеудің көңіл өсірер қуанышы. Осыдан да қос палатаның бірлескен отырысында бірауыздан қабылданған Декларация баршамыздың көкейімізден шыққан тарихи құжат деп бағаланатыны сөзсіз.
Мен: «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді», деген декларациялық бағаға толық қосыламын. Өйткені, Қазақстан осынау тарихи қысқа мерзімде экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты.
Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Осынау күрделі де қиын кезеңде елімізді еңселендіруге хал-қадерінше ат салысқан біздің ұрпақ, біздің балаларымыз бен немерелеріміз, ертеңгі ерен ұрпақ көк Туымызды асқақ көтерген Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың даналығы мен көрегендігіне ақжарма алғысын айтады. Талассыз шындық мынау: «Президент Н.Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Отанымыздың орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды, ғаламдық жоспарлар түзуімізге сенім қалыптастырды».
Сол сенімге сай бүкілхалықтық сілкініске екпін қосылды, біз кешегі күннің елесінде жоқ биіктерге қол созудамыз. Бұл сенім бізді «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясының мерейлі мұраттарына жақындата түсуде. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияның жігерлендіруші қуаты да осында.
Есілбай ҚАДЫРӘЛИН,
Социалистік Еңбек Ері.
Ақмола облысы.
Дамудың даңғыл жолындамыз
Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары елдің елордасын өзгерту туралы ой ешкімнің ойына келе қойған жоқ еді. Өйткені, сол 90-шы жылдардың ортасы экономикалық дағдарыстың шыңына жеткен кезі еді ғой. Сонда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің орталығын бүгінгі орнына көшіру туралы ұсынысын айтқанда, Парламент депутаттарынан бастап, елдің қарапайым тұрғындарына дейін таңырқап қалғаны есімізде.
Елбасы ұсынысына қарсы болғандар да бар. Расында, қиын уақытта астананы ауыстыру деген сөз ерсі секілді көрінген. Алайда, Елбасы бастамасының дұрыстығын уақыт дәлелдеді. Тіпті, орналасуы жағынан Қазақстанның барлық шалғайына орталық болып саналатын, Ұлы Даладағы бүгін тоты құстай таранып тұрған Астана қаласының алғашқы сәулетшісі де Нұрсұлтан Әбішұлының өзі десек, артық айтқандық емес. Елдің орталығын көшірудің жас Тәуелсіз мемлекет үшін қаншалықты саяси, экономикалық, әлеуметтік маңызы болғанын жұрт Астана құлпыра бастағанда түсінді.
Қазір дүние жүзіндегі дамыған көп елдер секілді біздің де елдің саяси, экономикалық, өнер, білім, туризм орталығы болып саналатын екі қаламыз бар. Алматы мен Астана бірін бірі толықтырмаса, қайшы келіп тұрған жоқ. Қазір Астанаға сырттан келген қай елдің адамы болса да таңырқамай қарай алмайды. Айналдырған 25 жылдың ішінде осындай қала көтеру өзге елдер үшін мүмкін ертегі шығар. Еліміз осы жылдар ішінде бұрын-соңды болмаған дамудың даңғыл жолына түсті.
Кенжебек УКИН,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қостанай облысының Құрметті азаматы.
Қостанай.
Бауыры бүтін елдің несібесі еселенеді
Парламентіміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын қабылдады. Өз тағдыр-талайында талай сұрапыл оқиғаларды көріп, тіпті жер бетінен жоғалып кету
де қауіп төнген халқымыз үшін өте маңызды құжат. Әбілқайыр ұлысынан Керей мен Жәнібектің бастауымен бөлініп шығып, тарихқа қазақ атауымен кірген халқымыздың алдынан егемендік бақыты күліп қарсы алған жоқ еді. Тәуелсіздік, азаттық үшін қидаласқан ғасырларда ата-бабамыз тәуекелге мініп, ат үстінде жүрсе, асыл аналарымыз «ұрпағымыздың ертеңі қалай болады?» деп қайғыдан қан жұтқаны анық.
Елімізді ата-баба аңсаған Тәуелсіздікке Алланың алқауымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеткізді.
Бүгінде жер аман, елдің бауыры бүтін. Кешегі бауырлас мемлекеттердің ішінде ең алғашқылардың бірі болып шекарамызды шегендеп алдық. Қазақ баласының үні Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен естілді. Өз елі, өз жерінде есік көзінде отырған қазақ Еуропаның төріне шықты. Бір-бірімен сөзі жараспай, жағаға жармасқан елдердің президенттері сауға, бітімгершілік сұрап біздің Елбасының алдына келетін болды. Қазақты осындай биікке көтерген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екені айтпаса да түсінікті.
Мен қарапайым халықтың өкілімін. Қазақтың даңқты ұлы Шәмші Қалдаяқов оқыған оқу орнының басшысымын. Мен секілділер елімізде жүз мыңдап саналады. Бұл жерде менің айтайын дегенім, өзім сияқты қарапайым халықтың өкілі ретінде тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, Мәңгілік Ел болу арманымызға қарай сенімді қадаммен ілгерілей берейік.
Еркімбек ҚАНЖІГІТОВ,
Қапланбек аграрлық-техникалық колледжінің директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сарыағаш ауданы.
Биігіміз аласармасын
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларацияның қабылдануының тарихи маңызы бар. Өйткені, ширек ғасырлық мерзімде талай қиындықты артқа тастадық. Талай асу бермес биіктерді бағындырдық. Талайлар аңсап жүрген табысқа қол жеткіздік. Әрине, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін де, бар үмітін Елбасына артқан барша қазақстандықтар үшін де тәуелсіздік жылдарындағы жетістігіміз оңайлықпен уысқа түсе қойған жоқ. Бір жағынан жаңадан кәсіпорындар құру, экономиканы әртараптандыру мәселелері алдымызда тұрды. Екіншіден, жаһандық қаржы дағдарысының, әлем елдерінің бір-біріне экономикалық санкция салу секілді қиындықтарының салқыны біздің экономикамызға да әсерін тигізбей қоймады. Дегенмен, қандай қиындықтың да күрмеуін оңтайлы шешу жолын таба білетін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаржы дағдарысы іспетті сын-қатерлердің алдын алу шараларын сәтті жүргізді.
Қазір ел экономикасы ырғақты даму бағытынан жаңылған емес. Экономиканы еңселендіру, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту тұрғысында қолға алынған сан алуан реформалар жемісін берді. Өзімізде өндірілетін отандық өнімдер қатары молайды. Жұмыссыз жүргендер қатары едәуір азайды. Облыс пен облыстың, аудандар мен ауылдардың аралығын жалғайтын жолдар жаңғыртылды. Жаңа мектептер мен ауруханалар, мәдениет ошақтары бой көтерді. Бір сөзбен айтқанда, түрлі инфрақұрылымдар жаңарып, елдің еңсесі көтерілді. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында ортақ Отанымыз –Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы, халқының тұрмысы түп-төркінімен өзгерді. Мұның бәрін Тәуелсіздігіміздің айрықша сыйы деп ұғынуымыз қажет.
Осы орайда қос палаталы Парламент депутаттары қабылдаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларациясын тарихи құжат деуімізге толық негіз бар. Оған Декларацияда «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді. Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Президент Н.Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды» делінгені толық дәлел бола алады.
Енді бұл құжаттың тарихи тағылымын ел ішінде әсіресе, жас буынның арасында кеңінен насихаттаған орынды болатын секілді. Олай дейтінім, аталған Декларацияның еліміздің басты идеологиялық құжаты ретіндегі маңызы айрықша болғалы тұр. Мұны тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміздің кеңінен қамтылғанына байланысты айтып отырмын.
Орынша ҚАЙРЕКЕШОВА,
Махамбет аудандық Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы.
Атырау облысы.
Құндылықтарды қастерлейік
Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Декларация Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген маңызды құжат болды. Декларацияда ширек ғасыр ішінде атқарылған, тәуелсіз еліміз қол жеткізген жетістіктер мен табыстар нақты әрі кең баяндалған. Кең-байтақ дала төсінде дамуға құлаш ұрған айбынды мемлекеттің жетістіктері мен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі де анық көрсетіледі. Себебі, Қазақстанның тәуелсіздік алғалы жүріп өткен жолы мен жарқын жаңалықтары, әлеуметтік-экономикалық дамуының соқпағы Елбасы саясатымен, Елбасы іскерлігімен сабақтасып жатыр.
Жаңа Елордамыз – Астана қаласының қалыптасуы, оның әлемдік айтулы жиындарды өткізіп, дүниежүзілік мәні бар мәселелерді талқылау төріне айналуы, ең алғаш болып атомдық қарудан бас тарту, сан ұлт өкілдері мен сан түрлі діни наным-сенімдегі адамдарды бір шаңырақ астына тату-тәтті ұстай алған ауызбірлік мәселесі, үрей мен жарылыстар құшағында қалған дүрбелеңі мол заманда бейбітшілікті орнықтыруға шақыру және араздасқан алпауыт елдер арасына араағайын болу нәтижелігі Қазақстанның, Мемлекет басшысының тұлғасын сомдап, әлемдік дәрежеде беделін асқақтата түсті. Парламент депутаттары қабылдаған Декларацияда Қазақстанның 25 жыл ішінде саяси ұстанымы арқылы әлем елдеріне танылып, ішкі және сыртқы әлеуетін арттырып, дамудың даңғыл жолын таңдағандығы да дәйекті айтылады.
Көлемі жағынан қысқа болғанымен, арқалаған жүгі ауыр, айтар ойы маңызды, өн бойына Тәуелсіздіктің 25 жылдық тұтас тарихын топтастырған Декларация – ел тәуелсіздігін берік ұстау, құндылықтарды қастерлеу, Мәңгілік Ел болу жолында өзара бірлікте болу идеясын ұсынады және барлық қазақстандықтарды «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығару арқылы Отанымызды одан әрі өркендетуді мақсат етуге шақырады.
Амангүл ЖАЙЫЛХАНОВА,
Маңғыстау облыстық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры
Ақтау.
Еңбектің бағасын халық береді
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халқының бағына туған тұлға екенін мен ғана емес, барша қазақстандықтар айтары сөзсіз. Бұл – елін сүйер ерін барша қазақстандықтардың да құрметтейтінінің, қадірлейтінінің айқын көрінісі. Елбасының тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолындағы тарихи тағылымды істері мен ізденістері Қазақстанды әлемге танытты, осы арқылы өзін де әлемдік саясатта мойындатты. Оның осы жылдардағы болаттай берік ұстанымы ұлан-ғайыр жұмыстың атқарылуына алғышарт жасады.
Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде ғасырда атқарылатын шаруаларды жүзеге асырғанын көріп, көңіліміз сезіп отыр. Әуелі экономиканы дұрыс жолға қоюды қолға алған ол саясатта да әлемді мойындататындай қадамдар жасағанын айту ләзім. Өткен ширек ғасыр уақыт ішінде тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланғаны, демократиялық қоғам қалыптасқаны, халықаралық беделді ұйымдар мен қауымдастықтарға мүше болғаны Елбасы есімімен тығыз байланысты. Тәуелсіз жас мемлекетіміз нарықтық қатынастарға төселіп, дамудың қазақстандық айшықты жолын таңдауында да Нұрсұлтан Әбішұлының өзіндік қолтаңбасы жатқаны сөзсіз.
Елорданы арқадағы Астанаға көшіріп, өзге мемлекеттердің түсіне де кірмейтін іргелі де ірі іс тындырғанын төрткүл дүние түгел біліп отыр. Астанада әлемдік деңгейдегі үлкен жиындар өткізіп, оларда экономикалық дамудың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың тұғырын бекітетін шешімдерге қол жеткізуі – бұл кісінің халқының бағына туған тұлға екенінің айқын дәлелі. Тәуелсіз еліміздегі халықтардың бірлігі мен ынтымағын сақтаудағы ерен еңбегінің өзі неге тұрады. Әр алуан дін өкілдерінің басын Астанада әлденеше рет қосуы, Семей полигонындағы сынақтарды тоқтатып, Қазақстанды ядролық қарусыз елге айналдыруы, түрлі одақтар құруға бастамашы болуы, басқа да әлемдік деңгейдегі ерен еңбегі Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр-қайратының, елінің ертеңі үшін қызмет етудегі жанқиярлығының көрінісі болса керек.
Қалай дегенде де Елбасының осыншалықты еңбегінің бағасын халық әлдеқашан беріп қойған.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Ақтөбе облыстық ұйымы төрағасының орынбасары.
Ақтөбе.
Жаңа модель қалыптастыру жолы
Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Тәуелсіздік Декларациясы қабылданды. Онда өткен жылдар бедерінде бағындырған биіктеріміз сараланып, бұл істе Елбасының еңбегі ерекше екені нақпа-нақ көлденең тартылды. Міне, осының арқасында дүние жүзі қауымдастығы Қазақстанды өркениетті елдермен терезесі тең ел ретінде таныса, Отанымызға стратегиялық әріптес ретінде қараса, сарабдал сыртқы және ішкі саясаты үшін қадірлесе, онда ол – Нұрсұлтан Әбішұлының жар құлағы жастыққа тимей, тыныс тауып, тыным көрмей еткен еңбегінің, төккен терінің нәтижесі.
Осы 25 жыл ішінде этносаралық рухани бірлік, саяси тұрақтылық, азаматтық келісім орнығып кейбір елдердегідей тыныштығымыз кетіп, тынысымыз тарылмаса, ұлтымыздың тарихи зердесіне қайта-қайта оралып, жоғалтып алғанымызды түгендеп жатсақ, бұл да Елбасының айрықша ынтасы мен ықыласының іс жүзіндегі көрінісі.
Елдегі демократиялық үрдістердің жыл санап жаңа сипаттарға ие болуы, үйлесімді тіл саясаты, дін саясатының қалыптасуы, шығыста Қытаймен, оңтүстікте және батыста, алыс-жақын шетелдермен дау-дамайға ырық бермей, есемізді жібермей, шекарамызды анықтап алсақ, тажал ордасы болған Семей полигонын жауып, ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартсақ, мұның барлығы да Президентіміздің батылдығы мен көрегендігі.
Қазақстан нарықтық экономикаға түпкілікті таңдау жасап, қаржы жүйесін қалыптастырып, төл ақшамыз – теңгені қолданысқа енгізіп, оның тұрақтануына қол жеткізсек, өндіріс орындары индустриялық-инновациялық дамудың арқасында қайта жанданып, орта, шағын бизнес қанатын кеңге жайса, қазіргі кезеңде 5 халықтық реформамен «100 нақты қадамын» қарқынды жүргізіп жатсақ, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқына ие болсақ, азиялық ел бола тұра, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етсек, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болсақ, мұның бәрі де Ұлт Көшбасшысының халықаралық дәрежедегі беделінің нәтижесі.
«Мәңгілік Ел» идеясын басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын «Нұрлы жолға» айналдыру, әлемдегі озық 30 елдің қатарынан орын алу бүкілхалықтық меже ретінде күн тәртібіне қойылып, оның үдесінен шығуға пәрменді шаралар қолданылып жатса ол да қазақ топырағындағы жасампаздық құбылыстардың тікелей бастаушысы, тәуелсіздіктің алғашқы 15 жылында-ақ әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына шығарған қоғам дамуының «қазақстандық жол» деп аталатын жаңа моделін қалыптастырушы Нұрсұлтан Әбішұлының даналығы.
Бір сөзбен түйіп айтсақ, Тәуелсіздік жылдарындағы табыстарымыз қомақты.
Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы.
Тәуелсіздікті ешкім сыйға тартпайды
Тәуелсіздікке жетер жол қай кезде де, қай елде де жеңіл болмаған. Ащы менен тұщыны татқан білер, жақсы менен жаманды жортқан білер дегендей мемлекет құрудың қаншалықты күрделі, қаншалықты қиын екенін оның басы-қасында жүргендер ғана сезіне алатын болса керек. Осы орайда тәуелсіздікке қол жеткізу жолы – ұлы жол десек, артық айтқандық болмайды. Егер шындықтың көзіне тура қарасақ, егемендікті ешкім де сыйға тартпайды.
Айтайын дегенім, бұдан тұп-тура 25 жыл бұрын Қазақ елі өз алдына дербес ел атанды. Тәуелсіздікке ие болу бар да, осы талаптарға сәйкес елді әрі қарай дамыту ештеңемен айырбасталмайтын әрі ешқандай құндылыққа тең келмейтін осы тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түсу міндеті тағы бар. Өткен 25 жылдың ішінде біз осы талаптар үдесінен де шыға алғанымыз анық. Тәуелсіздікке қойылатын басты талаптардың бірі – ұлттық мәдениетімізді дамытуға ұдайы көңіл бөлу, ежелгі салт-дәстүрімізді сақтай отырып, оны бүгінгі күннің ерекшелігіне сәйкестендіре білу емес пе?! Бұл тұрғыда да мемлекеттік деңгейде белгіленген іс-шаралар кешені аз емес.
Әлемдегі қазіргі жаһандану үдерісінің жеті қарыс жұтқыншағына жұтылып кетпеудің басты жолдарының бірі де – ұлттық өнер мен мәдениет болса керек. Өткен сәрсенбі күні қабылданған Тәуелсіздік Декларациясында еліміздегі мәдениет саласы қуатты даму серпініне ие болғаны атап көрсетілген. Сондай-ақ, бұған қозғау салған ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы екендігі де айтылған.
Мәдени мұра ұғымының ауқымы өте кең. Соның басты тармақтарының бірі халқымыздың дәстүрлі ән-күй мұрасы екені анық. Өзім осы өнер саласында ұзақ жыл бойы қызмет жасап келе жатқандықтан әрі өнердің өз өкілі болғандықтан, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тұсында халқымыздың дәстүрлі ән өнерінің қайта жаңғыртылуына мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсетілсе, мұның өзі тәуелсіздікті нығайту жолында жасалған қадамдардың бірі болып шығатыны анық.
Ал тұтастай алғанда, Тәуелсіздік Декларациясының қабылдануы тарихи тұрғыдан да, оған бүгінгі кезең биігінен баға беру тұрғысынан да әділетті әрі қажетті шешім деп санаймын. Сонымен бірге, Декларацияның төрімізге озуы біздің әрі қарай дамуымыздың берік іргетасы болмақ.
Қатимолла БЕРДІҒАЛИ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Орал.
Қабырғалы құжат
Бала кезімде ауыл ақсақалдарының өзара бас қосқан сәттерінде «қайран 25» деп жастық шағын, 25-тегі жалын, шиыршық атып тұратын кездерін сағына, күрсіне еске алып отырғандарын көріп едім, бұл, әрине, адам ғұмырының қайталанбас бір белесіне қатысты әңгіме. Ал қоғамдық дамудың әр қилы кезеңдерінде 25 туралы не деуге болады? Менің ойымша, бұл уақыттың аралығында өзінің даму стратегиясын айқын белгілей білген мемлекеттер биік нәтижелерге жете алады.
Бұл арада көп мәселенің түйіні ел-жұртын асқақ мақсаттарға жетелей алатын белгілі бір елдің басшысына да байланысты. Осы орайда тағы бір ақиқаттан аттап кету еш мүмкін емес. Егер белгілі бір елдің басшысы өз еліне тұрақты өсіп-өркендеу бағытын көрсете алмаса, онда 25 жыл тұрмақ, 50 жылда да ештеңе өзгере қоймайды. Керісінше, саяси-экономикалық даму кезеңдеріне нақтылық сипат берілген жағдайларда тек 2-3 жылдың ішінде ондаған жылдарға татитындай белестерді бағындыруға болатыны анық. Бұған бүгінгі Қазақстанның даму үлгісі айқын айғақ.
Сәрсенбінің сәтті күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Тәуелсіздік Декларациясы егемен еліміздің 25 жыл ішінде алған ұлан-асыр асуларын кезең-кезеңімен көрсете білген қабырғалы құжат болды. Мұнда Елбасының жол, жөн көрсетуімен ширек ғасырлық кезеңде қол жеткізілген табыстар, Қазақстанның халықаралық қоғамдастық арасындағы абыройының өсе түскені нақты дәйектермен көмкерілген. Осы уақыттың аралығында елімізде тиімді демократиялық институттар, президенттік институт, Парламент, сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасқаны айтылған.
Әрине, тәуелсіздік жылдарында алған асуларымыз, ең біріншіден, Елбасының сарабдал саясатының арқасында және орнықты да тұрақты даму жолы белгіленіп іске асырылуында десек, қателеспейміз. Осы арада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кісілігі мен кішілігіне тағы бір мәрте куә боламыз. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы мұны мен істедім демейді. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері терең түсіністік арқылы қол жеткізілген бәріміздің ортақ табыстарымыз деп бағалайды.
Мен істедім дегенше, мың істеді десеңші деген белгілі қағидат бар емес пе? Елбасының осы қағидатты қашан да басты назарда ұстай білетініне тағы бір мәрте куә болып отырмыз. Мысалы, Елбасымыздың: жалғыз адам не өндіреді, не істей алады? Әрине, ештеңе тындыра алмайды. Оны қолдайтын қалың ел болмаса, деп жүрегінің түкпіріндегі кіршіксіз ойын жеткізіп берді кеше Елбасымыз барша қазақстандықтарға.
Ал Қазақстанның даму кезеңдері, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы Тәуелсіздік Декларациясы қабылданған болса, мұның жөні бір бөлек. Бұл өте қажет құжат деп тұжырымдайды Елбасы. Біз де Мемлекет басшысының осы ойлы сөзіне қол қоямыз. Бүгінгі күнге дейінгі жеткен табыстарымызды келешек ұрпаққа аманаттау парыз. Осы орайда, Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Тәуелсіздік Декларациясының қабырғалы құжат ретіндегі орны бөлек деп санаймын.
Қазыбай БОЗЫМОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.
Батыс Қазақстан облысы.
Елдік мақсаттар жігер мен серпін береді
Қазіргі заман асығыс, жылдам, зулап барады. Сол ағыстың ішінде біздің еліміз де өзінің Тәуелсіздік атты кемесімен алға жүзіп келеді. Күн сайын өзгерістер, жаңалықтар болып жатады. Құлақ естіп, көз үйренді дегендей.
Әрине, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясын қабылдаудың да, міне, бәріміз де куәгері болып отырмыз. Ұзағынан сүйіндірсін дейміз. Елбасының үнемі айтатыны татулық пен бірлік, Президент қандай жиында сөйлесе де тыңдап, теледидар арқылы көріп, қолдап, тілектес болып отырамыз. Бұл біздің алдағы жұмысымызға жігер, серпін береді.
Осы жылдар ішінде Елбасының бастамасымен қабылданып, қазіргі күндері іске асырылып жатқан «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына кіруге қабілетті еліміздің қуатын нығайтуға үлкен үлес қосып отыр. Ал «Мәңгілік Ел» құндылықтары Тәуелсіздік жетістіктерін, халқымыздың ортақ мүдделерін, тарихи тағдырын көрсетеді. «Мәңгілік Елдің» жеті құндылығы қазақстандықтарды Тәуелсіздікті нығайтуға деген ортақ болашаққа біріктірді.
Ендігі басты құжатымыздың бірі – Декларацияның Ұлы Дала елінің «Мәңгілік Ел» құндылықтарын айқын бейнелейтін маңызы ерекше. Бұл 25 жылды бүкіл біздің халқымыз бірге көрдік, бірге өткіздік, жеңістерімізге қуандық, еңбек етіп үлес қостық. Ел дамуының берік іргетасын қалаған Мемлекет басшысын мақтан етеміз. Елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік салтанат құруда. Өзге ұлт өкілдері де бірлесіп, тәуелсіздік жылдарын құрметтеп, қадірлеп ел игілігі үшін бірге, бір отбасындай еңбек етіп келеді. Басқа жұртқа, яғни шетелдерге де үлгі болдық.
Өсіп келе жатқан ұрпақтар үшін бірлік, бейбітшілік пен келісімді біздің қоғамның адамгершілік және этикалық нормалары ретінде жасап бердік. Ассамблеяның жаңа өкілдері – жастарды тәрбиелеудеміз. Барлық ұлт өкілдері қазақ халқын, елін, жерін сыйлап өстік. Бүгінгі ұрпақтың да солай жасайтыны күмәнсіз. Қазақтардың өткен бай тарихына бас иеміз. Ұлы Түркі қағанаты, Алтын Орда аталатын ғасырлық тарихы бар қазақ халқы бақытты. Тәуелсіздікті сақтап қалу аманат екенін әрбір қазақ біледі. Қазақтармен бір елде өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдері де сол аманатты орындау жолында бірге жұмыла жігермен, елдік мақсатта жұмыс атқаратын болады. Енді, міне, еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қадам басуда. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары елімізде өндіріс пен инновацияны, әлеуметтік саланы дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.
Екіншіден, Декларация біздің қоғамды, жастарымызды егемендік пен Тәуелсіздікті сақтау мен нығайтуға, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын ардақтауға шақырады. Өйткені, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясы» қазақстандықтардың ел игілігі мен «Қaзақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуі үшін Елбасының айналасына топтасуға деген сенімділікті одан әрмен нығайта түседі. Ел бірлігі, татулық пен келісім біздің мәңгілік жолымызда үнемі алдыңғы қатарда жүретін жарық шамшырағымыз іспетті.
Мариям БАЙРАМҚҰЛОВА,
«Эльбурс» балкар этномәдени
бірлестігінің төрайымы.
Павлодар.
Биік асулар бастауы
Еліміздің алдында үлкен қуаныш тұр. Ол – бабаларымызға ғасырлар бойы арман болған, бүгінгі ұрпақтың бақытына бұйырған Тәуелсіздік мерекесі. Халық ұғымында «Ақ түйенің қарны жарылды» делінетіндей ұлы қуанышты күннің есігін ашқанымызға 25 жыл толды.
Ең қастерлі мерекені атап өту мен құрметтеу, ұрпақ жадына сіңіру бағытындағы жұмыстар аз емес және ол республикамыздың барлық өңірлерінде мектеп-балабақшалардан бастап жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы орайда, Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламентінің депутаттары қабылдаған Декларация айтулы оқиғалардың бірі болды.
Декларацияда 25 жыл Қазақстан үшін «ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды» деп ширек ғасырлық мерзімнің жан-жақты қалыптасудың, дамудың мерзімі болғандығы баса айтылады. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында ел тізгінін қолына алып, мемлекетімізді соқтықпалы-соқпақсыз жерлермен алға жетелеген Елбасының өлшеусіз еңбегі мен биік болмысы көрініс табады.
1991 жылы Тәуелсіздік туралы Заңның қабылдануынан бастап, еліміздің өркендеуіне негіз болған басты құжат – Конституцияның қабылдануы, демократиялық институттардың қалыптасуы, саяси және экономикалық реформалардың жүргізілуі, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан табылған Қазақстанды дамыған 30 елдің сапына жетелейтін стратегиялық бағдарламасы, қазіргі заманғы мемлекет құру үшін мақсат етілген «Ұлт жоспары» маңыздылығының айтылуы тектен-текке емес. Бұл айтылғандардың барлығы да Елбасы мен халықтың, тәуелсіз еліміздің 25 жыл ішінде қол жеткізген жарқын жетістіктері екені сөзсіз.
Қазақстанның әлемдік деңгейдегі танымалдыққа ие болатын тағы бір тұсы – ядролық қаруды таратпау идеясы мен ең бірінші болып өзінің қуаты жөнінен әлемдегі төртінші орындағы ядролық арсеналынан бас тартуы. Өз еркімен. Кейіннен бұл жарқын идея өрісін кеңейтіп, еліміздің бастамасымен БҰҰ деңгейінде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жарияланды. Қазақстан бұл тақырыптан да басқа әлемдік маңызы бар жиындарға төрағалық етіп, маңызды мәселелерді біліктілікпен атқарып, лайықты шешуге атсалысып келеді.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қорғаныс саласының қабілеті артып, осы жолда жүйелі жұмыстар жүргізілді. Құрлық, әуе және теңіз бағытындағы әскери техникалар жаңғыртылып, әскерилер мүмкіндігі арттырылды, шеберліктері шыңдалды. Туған елді қорғайтын жалынды жастар өсіп-жетілді, шетелдік жоғары әскери оқу орындарында білім мен білік жетілдірген жас мамандар, жігерлі офицерлер қатарды толықтырды. Декларацияда бұл туралы жақсы айтылған.
Алдымызда үлкен міндеттер тұр. 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу – қазақ тағдырындағы, Қазақстан тәуелсіздігіндегі жаңа тарихи биіктік болмақ.
Декларация – 25 жыл ішінде атқарылған жұмыстарды жүйелеп, алдағы міндеттерді ұғындырған құжат болуымен құнды. Біз қандай асуды да өзара түсіністік, бірлік арқылы бағындыра беретін боламыз.
Амангелді ҒҰМАРОВ,
отставкадағы полковник, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері,
Маңғыстау облысы.
Идеялар ақиқатқа айналды
Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы – тарихи мәні зор құжат. Елдігіміз бен егемендігіміздің өміршеңдігін көрсететін бұл тарихи құжатта Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктері егжей-тегжейлі көрсетілген. Бұл – еліміздің жаңа тарихындағы жарқын беттердің бірі болып қалатыны анық.
Декларация заманымыздың аса көрнекті қайраткері, еліміздің тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін айшықты көрсетіп, сонымен бірге, халқымызды жаңа жасампаз істерге бастайтындығымен құнды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның аз жыл аясында бағындырған белесін баяндайды. Әрі бұл Қазақстан халқының береке-бірлігінің жарқын көрінісі.
Біз қысқа уақыт ішінде басқалармен терезесі тең мемлекет құра алғанымызды және жас республиканың небір сынақтарға төтеп бергенін лайықты мақтаныш етеміз. Бұл – миллиондаған қазақстандықтар мен ел сенімін арқалаған Елбасының ерен күш-жігері. Еліміздің ғасырлар бойғы үміті, қол жетпестей сағымды арманы тек 25 жыл бұрын ғана Елбасы бастауымен шынайы өмірге айналды. Бүгінде біз жер жүзіне танылған еркін елдің өкілі екендігімізді әлем халықтарының алдында мақтанышпен айтамыз.
Мемлекет басшысы жалпы жаһандану мен ХХІ ғасырдың қарқындап келе жатқан сын-қатерлері жағдайында еліміз үшін жаңа көкжиектер мен жаңа мүмкіндіктерді ашты. Президенттік бағдарды басшылыққа ала отырып, 25 жыл ішінде қазақстандықтар стратегиялық құжаттар негізінде идеяларды шындыққа айналдырды.
Қазақстан әлемге өзінің саяси-экономикалық бағытын мойындатып, құрлықтар тағдырын шешетін дамыған мемлекеттердің қатарынан өз орнын алды. Өз басым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын ширек ғасыр ішінде шираған ел мен оны бастаған Елбасы еңбегіне берілген ең жоғары баға деп қабылдаймын. Сондықтан бұл – Елбасының еңбегіне орынды баға берген, мемлекет дамуының негізгі кезеңдерін және қалыптасуын қамтитын салтанатты саяси маңызды құжат деп сенемін.
Ақтолқын СУНГУР,
Қызылорда облыстық «Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрайымы.
Ұлттық рухымызды ұйытып отыр
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларация қабылданды. Шынында, еліміздің барлық жетістіктері мен табыстары, ең алдымен, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, Елбасына қолдау көрсетіп, тірек болып келе жатқан халқымыздың береке-бірлігінің нәтижесі. Тәуелсіздік – біз үшін қашан да киелі құндылық, асыл қазына. Тәуелсіздікке қолымыздың жеткені, ең алдымен, ұлтымыздың баға жетпес бағы. Осы жылдар ішінде қоғамдық құрылысымыз толық өзгеріп, жаңа қоғам, жаңа кезең, жаңа болмыс келді. Халықтың ой-санасы, тұрмыс-тіршілігі бүтіндей өзгерді. Елімізде телегей-теңіз тірліктер атқарылды.
Қазақстанның жаңа тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы, әлемде өзіндік орны бар, қарқынды дамып отырған еліміздің сыртқы-ішкі саясаттағы жетістіктері – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбегімен тікелей байланысты. Сондықтан да, Ел мен Елбасы, Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент – егіз ұғым деп бағалануда. Елбасының еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде атқарған, атқарып отырған тарихи еңбегін бүгінде халықаралық қоғамдастық та мойындап, жоғары бағасын беріп отыр.
Халық сенім артқан Н.Ә.Назарбаевтың ұлы өмірлік энергиясы, саяси ойының кеңдігі, ұлттық идеяға берілгендігі, көрегендік қасиеті, жан-жақты таланты, парасаттылығы, даналығы мен ұтымды шешімдері біздерді әлі де талай жетістіктерге жеткізетіндігіне сенімдіміз. Еліміздің өскелең жастарына жарқын болашақ сыйлаған, көпұлтты мемлекетті құрушы, дамытушы, елімізді жарқын болашаққа бастаушы Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев екендігінде дау жоқ.
Елбасының ерен еңбегінің арқасында тәуелсіз Қазақ елі әлемге танылды. Астана қаласы – ел мақтанышына, өсіп келе жатқан жастардың қаласына айналды. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамыз.
Сембек СЕЙДӘЗІМОВ,
Жамбыл облысының құрметті азаматы.
Жамбыл облысы.
Қазақ елі Мәңгілік Ел болсын!
Аз күндерден соң аталып өтетін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы – халқымыздың ұлттық мерекесі. Сонау 86-ның Желтоқсанында алаңға шығып теңдік сұраған қазақ жастарының да аңсағаны осы күн еді. Егемендік алған елінің еңсесін тіктеп, соңынан ерткен – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді.
Қытай халқында «Өтпелі кезеңде өмір сүр!» деген қарғыс бар екен және ол қарғыстың ең үлкені саналатын көрінеді. Оның мәнісін біз өткен ғасырдың 90-шы жылдарында, яки ел тәуелсіздігінің алғашқы қадамдары тұсында әбден түсіндік.
Осыдан екі жыл бұрын бір саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевты саясаттың шахмат тақтасындағы еңбегі сіңген гроссмейстер деп атаған еді. Табылған теңеу! Шахмат дегеніңіз – айласы мен шешімі көп, тұңғиығына ешкім жете алмай келе жатқан терең әлем. Оған асқан дарын керек. Үлкен саясатта да солай, әлемдік тақтада әрдайым ақылы басымның мерейі үстем болады.
Дегенмен, Президент Н. Назарбаевтың ұстанған бізге белгілі ұстанымы: Алдымен – экономика содан кейін саясат. Яғни, алдымен халықтың көйлегі көк, тамағы тоқ болуы керек. Бұл нағыз халық қамын ойлаған Тұлғаның қағидасы. Біз қазір дағдарыс сынынан өткен, ұлттық экономикасы бар, азаматтық қоғамы құрылған, қоғамдық келісімге қол жеткізген, халықаралық беделі бар мемлекетпіз.
Ғасырлар тоғысында әлем халқына таңдай қақтырған Астанамыз бой көтерді. Әрине, Елбасының ерен еңбегінің нәтижесінде. Енді, міне, Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні – екі үлкен мереке қатар келе жатыр. Той тойға ұлассын дейміз! Қазақ елі Мәңгілік Ел болсын!
Ғазым ЖАРЫЛҒАПОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты,
Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы.
Жетістіктермен келдік
Парламент депутаттары қабылдаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларация Жетісу жерінде де қызу талқылануда. Әсіресе, бүгінгі қоғамның белсенді мүшелері болып табылатын кәсіпкерлер арасында ерекше қолдауға ие. Шыны керек, кей мемлекеттер жүз жылда қол жеткізе алмаған табысқа Қазақстан ширек ғасырда ие болып отыр. Әрине, оған Елбасының қажыр-қайраты мен парасаты арқасында қол жеткізілді. Бұл күндері ерекше қарқынмен салынып жатқан Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі де Мемлекет басшысының көреген саясаты арқасында жүзеге асып жатыр. Біле білсек, бұл Қазақстанның әлемнің барлық елдерімен сауда-саттық жасап, экономикамызды өркендетуге ашылған жарқын да, тиімді жол. Осы мүмкіндік кәсіпкерлерімізді қуантып қана қоймай, кәсібіміз арқылы төрткүл дүниені аралап, бизнесті дамытуға жол ашады.
Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғырту, жандандыру жөніндегі ірі халықаралық жобаның белді мүшесі болып табылады. Бұл табыстарға еліміз жиырма бес жыл ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тереңнен ойлайтын данышпандығының арқасында жетті. Сондықтан, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ірі жетістіктермен келіп отырмыз.
Римма Салықова,
«Алматы бояулары» ЖШС бас директоры,
«Атамекен» Ұлттық палатасы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы.
Талдықорған.
Қоғамдық келісімнің қағидаты
Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияны оқығанда еліміздің щирек ғасырда өткен күрделі де қызықты, соқтықпалы да соқпақты жолы жадымызда қайта жаңғырды. Елбасы Қазақстанды әлемдік саясаттың аренасына алып шықты. Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тарту бастамасының өзі неге тұрады!?
Біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын ерекше тарихи маңызды құжат деп танимыз. Бұл еліміздің халықаралық беделін көтерген, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың болашақ ұрпақ алдындағы парызы және жауапты басшылығымен жасалған серпінді жобалар мен ғаламдық бастамалардың 25 жемісті жылдары.
Бізге, шығысқазақстандықтар үшін ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жабу өте маңызды болды. Қазіргі заманда бүкіл әлем әскери қақтығыстар алаңына айналған кезеңде, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдауы ауыр да жауапты іс болғандығын біз жақсы түсінеміз. Бүгінгі күні Қазақстан ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болып танылды.
Тарих үшін осыншама қысқа кезеңде келген барлық жетістіктер мен табыстар ең алдымен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің, қала берді, ұлтының бағына туған ұлына селкеусіз сенім артқан халқымыздың береке-бірлігі, тату тірлігінің арқасы екені даусыз. Декларация – нар көтерер жүкті белі қайыспай алға тартып келе жатқан Елбасының еңбегін бағалауымен де құнды. Президенттің елді бүгінгі биікке көтерген қадамы алда сәтті жалғаспақ. Нұрсұлтан Әбішұлы оған да берік негіз қалап қойды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары», «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бұған дәйекті дәлел болып табылады.
Еліміздің тағы бір жетістігі – полиэтникалық қоғамда бейбітшілік пен ынтымақтың сақталуы. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мәдени саласында көптеген өзгерістер болды. Соның бірі – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, оны біз Қазақстанды мәдени жаңғырудың қуатты құралы деп қабылдаймыз. Біз үшін «Мәдени мұра» ұлттар бірлігі мен Қазақстан халқының қоғамдық келісімде өмір сүруіне жасалған бағдар болып табылады.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы біздің А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы үшін де серпінді даму кезеңі болды. Біз облыстық әкімдік, жергілікті демеушілер мен халықаралық ұйымдардың гранттық қолдауы арқылы 30-дан аса инновациялық жобаны іске асырдық. Бұл жобалардың көпшілігі Қазақстан ғана емес, Орта Азия елдері аумағында алғашқы тың жобалар болды. Біздің жерлестеріміз осындай жаңашыл жұмыстардың арқасында ашық қор, жедел ақпарат, қосымша білім алу, шығармашылық қабілетін дамыту еркіндігіне ие. Біздің кітапханамыз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын шетелдік кітапханалардан кем емес, жаңа типті жаңашыл кітапхана ретінде қарсы алады.
Қабиба Ақжігітова,
А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры.
Өскемен.
Дереккөз: egemen.kz
Б. Қанатұлы