Тәуелсіздік, тарихнама және әйел

Тәуелсіздік, тарихнама және әйел
Фото: vk.com

Тәуелсіздік, төңкеріс сынды қоғамдық өмірге терең әсер ететін оқиғалардың ешбірі әйелдерсіз іске асқан емес. Алайда дәстүрлі тарихнама қашанда әйелдерді көрмеуге немесе қате орналастыруға бейім. Сондықтан да тарих мәтіндерінен көретініміз тек еркектер. Патриархализмнің өзегінен орын тепкен дәстүрлі тарихнама әйелдерге байланысты кемтар мәліметтерді берумен немесе қоғамдағы әйелдерге бағытталған стереотипке толы түсінікті асыраумен айналысып келеді.

...Бұл жердегі ең негізгі мәселе – олардың репрессияға (қысымға), отарлаушылыққа және эксплуатацияға ұшырайтын жүйеде өмір сүрулері. Адамзат қоғамындағы барлық институттар мен мекемелер, яғни жанұядан бастап саяси партияларға дейінгі жүйе; синдикаттар, әдебиет, өнер, медиа мен экономикалық ұйымдар әйелдерді екінші (үшінші, төртінші) планға ысырып, отарлаушы әрі эксплуатациялаушы құрылымды асырайды және қайтадан өндіреді. Ғылым да бұл структураның қайтадан өндірілуінде рөл ойнайды.

Мануэла Саэнс

Латын Американың тәуелсіздік үшін күресі 1800-жылдардың басынан бастап 1830-жылдарға дейін жағасын тапты. Испания корольдігі мен өзге де Еуропалық отаршылдарға қарсы жасалған бұл күрестің нәтижесінде Латын Америкада 16 республика құрылды. Кезеңнің ең атақты қаһармандарының бірі – Мануэла Саэнс. 

Латын Америкадағы отаршылдық пен озбырлыққа қарсы шыққандардың арасында әйел батырлар тарихына қарар болсақ, Латын Америкалық «мачо тарихшылардың» салған қорғандарын асып өту өте қиынға соғады. Бұл тарихшылар өзге де әйел қаһармандар сынды Мануэланы да өшіруге тырысты, көрмегенсіді. Кейбірі Мануэласыз осынау тәуелсіздік үшін болған соғыс тарихын жазудың мүмкін емес екенін түсінді. Соның өзінде де олар Мануэланың XIX ғасырда тәуелсіздік үшін және әйелдердің теңдігі мен еркіндігі үшін жасаған күресін жазған жоқ. Олардың тарих жазбаларында Мануэла Симон – Симон Боливардың сүйіктісі. Тіпті көбісі Боливарды өлім аузынан алып қалғандығы жайында жазбайды да.

Бұл ерлігі үшін Боливардың Мануэлаға Libertadora del Libertador (құтқарушының құтқарушысы) деген атақ бергенін елемейді де. Мұның ең басты себебі Мануэланың әйел болуы, екінші себебі Мануэланың әйел-еркек теңдігін талап етуі. Ол еркектермен жасаған саяси пікірталастарда «Мырзалар, әйел болу мені кемтар қылмайды, керісінше, әйелдердің еркектерге қарағанда толыққанды болмыстың иесі екеніне сенімдімін» деген болатын-ды. Мануэла, отарланғандардың отарына айналған әйелдердің құқығын қашанда алға тартып, екі түрлі отаршылдықпен күресті: біріншісі – еуропалық отаршылдар, екіншісі – өз мәдениетіндегі патриархал отаршылдық. Бәрінен бұрын Мануэла, Латын Американың еркіндік үшін күресін «қолдаушы» емес, Симон Боливармен бірге тәуелсіздік идеясын дамытушы, тәуелсіздік конституциясының жазылу үрдісінің белсендісі және әйелдердің де бұл соғыста белсенді рөл алуын үгіттеуші лидер болды.

Алайда Мануэла, өзімен бірге үзеңгілес еркектердің сатқындығына көзі тірісінде-ақ куә болған еді. Тәуелсіздігін жариялаған Латын Америка республикаларының басшылары «көзқарастары зиянды» деп Мануэланы қудалады. Боливар өлімінің артынша Колумбияның Богота қаласында өмір сүрген Мануэла, Ямайкаға жер аударылды. Өзінің туған жері Эквадорға барғысы келді, алайда бұл талабы орындалмады. Перуде тұруға рұқсат етілді. Өмірінің соңғы 25 жылын осы елдің Пайта деген кішкене балықшылар қалашығында өткізді. Осынау 25 жыл бойына балаларға оқу мен жазуды үйретіп, мұғалімдікпен айналысты; ұлт азаттық соғыс жайындағы естеліктерін жазды; достарымен саяси пікірталастар жасады. Қалашықта пайда болған дифтерия індеті Мануэлаға да жұғып, 1856 жылы 23-қарашада көз жұмды. Мұндай қорқынышты өлімнің артынша денесі отқа жағылды. Алайда дәл осы тұста тағы бір мәселе бар: Мануэланың денесімен бірге оның хаттары мен қолжазбалары да жағылды. ХХ ғасырдағы төңкерістер кезеңінде Мануэла тарих сахнасына қайта оралды. Чилилік ақын Пабло Неруда «Көмілмеген Пайта» (La Insepulta de Paita) атты атақты элегиясын жазды. Қазіргі таңда Латын Американың көптеген елінде Мануэла Саэнс атындағы мұражайлар жұмыс істейді, алаңдарға аты берілді, биографиялар жазылды. Көптеген елде Мануэла Саэнс атындағы гендерлік зерттеу институттары қоғамдағы әйелдің орнына бағытталған ғылыми зерттеулерін жалғастырып жатыр.   

Тәуелсіздігі үшін күрескен елдің «ерлері» Мануэлаға мазар болатын екі шаршы метр жерді де қимады. Бұл ерлер мен олардың мұрагерлері Мануэланың атын тарихтан өшіруге тырысты, я болмаса біреудің сүйіктісіне айналдырып тарихи шындықты бұрмалауға тырысты. 160 жылдан бері осыншама қиянатпен күресіп келе жатқан Мануэлитаның рухы мачо тарих жазбаған әйелдердің аяқ іздерін мен мұндалап көрсетуде.

Жамила Бухайрад

20-ғасырдың орталарында Францияның отары болған Алжир халқының ұлтазаттық соғысына мыңдаған әйел қатысты. Алайда бұл жерде де патриархал тарих түсінігі әйелдердің ерлігін ұмыттыруға ұмтылды. Осынау тәуелсіздік үшін жасалған соғыстың жарық жұлдыздарының бірі Жамила Бухайрад, алдымен отаршылдыққа қарсы шықты, тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінен қазіргі таңға дейін өз елі мен әлемнің еркектенген тарих түсінігімен күресуде.  

Алжир халқының тәуелсіздікке ұмтылысы бір ғасырдан астам уақытқа созылды. Жамила 1935-жылы Алжирде туған кезінде елі Француз басқыншыларының қол астында еді. 1945-жылы Екінші Дүниежүзілік Соғыстың бітуінің артынша Франция Алжирде отарлау тарихындағы ең үлкен қанды қырғынын жасады. Жамила ол кезде 10 жасар қыз. Бұл қырғынның артынша көбісі студенттерден тұратын Алжирлік жастар Ұлттық Еркіндік Қозғалысына (Джабхат аль тахир аль ватани) қосыла бастайды.

Жамила, әсіресе отаршылдардың ассимиляция саясатына қарсы шықты. Бастауыш мектепте күн сайын таңертең айтылатын «Анамыз – Франция» атты маршты «Анамыз – Алжир» деп оқығаны үшін мектептен аластау жазасын алды. Францияның отарында есейген Жамила, жас кезінен бастап соғыста белсенді рөл атқарды. Ұлттық Еркіндік Қозғалысының «жанкештілер» тобына жазылып, тыңшылық және тағы да басқа салаларда маңызды рөл атқарды.

Жамила, 1957-жылы жаралы күйде Француздардың қолына түсті. Оған Француз әскерлер көп баратын бір ресторанға бомба қойды деген айып тағылды. Сотта «Алжирде әйел қаһарманның тууына себеп болғам келмейді» деген Француз судья Жамиламен жеке кездесіп оған «есінен адасқан» деген рапорт беріп босату ұсынысын білдірді. Бұл ұсынысты қабылдамаған Жамила 23 күн бойы өте ауыр азапты бастан өткерді. Кінәні мойындамаған Жамила Француз әскерлердің жыныстық зорлығына ұшырады. 

Атақты Француз әйел ойшыл Симона де Бовуар Жамиланың жағдайын Францияның атақты газеті Le Monde-та жариялаған  мақаласында былай деп жазды:

«Әйелдің денесін соғыс аппаратына айналдырған елімнен ұяламын. Жамиланы таяқпен, қол шоқпармен зорлаған әскерлер мені қорғап жатқан жоқ. Францияның азаматы ретінде басқыншылық пен отарлаушылықты жалғастыра бер деп мен ешқашан ешкімге құзырет берген емеспін. Мен зорлықшылармен бірге емеспін, мен Жамиланың, сіңлімнің жақтасымын және мен – Алжирлікпін!».

Жамиланың сот барысындағы жүрек жұтқандығы бәрімізді де таң қалдырар ерекшелікке ие.

Сот: Сен – Французсың.

Жамила: Жоқ, мен Алжирлікпін.

Сот: Сен террорлық ұйымның мүшесісің.

Жамила: Жоқ, мен еркіндік күресшілері ұйымының мүшесімін.

Сот: Сен қылмыс істедің.

Жамила: Жоқ, мен басқыншы озбырларға кім екендіктерін көрсеттім.

Соттың аяғында Жамила гильотиналау (бастың арнайы жабдықта шабылуы) жазасын алды. Соттың шешімі айтылған кезде Жамиланың берген жауабы, қазіргі кезде көптеген феминистің саяси жосығына айналды: Ахахалап күлу. Иә, Жамила басы кесіліп өлтірілетінін естігенде қарқылдап күлді. Сөйтті де былай деді: «Біздерді өлтіру арқылы Алжирдің тәуелсіздігіне бөгет бола алмайсыңдар!».

Жамиланың адвокаты Жак Вержес сот шешімінің артынша медиа арқылы әлемдік масштабта Жамила мен оның жолдастарына берілген жазаның күшін жою акциясын бастатты. Нәтижеде өлім жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына айналды. 1962-жылы Алжир тәуелсіздігін алған кезде Жамила да еркіндігіне қауышты. Тек қана Алжирдің емес бүткіл Африка халықтарының еркіндігі мен тәуелсіздігінің символдарының біріне айналды. Сириялық араб ақыны әрі дипломат Низар Каббани Жамила жайында «Аты – Жамила Бухайрат» атты атақты өлеңін жазды.

Жамила, рухындағы еркіндік деген парасаттылыққа ешқашан опасыздық жасаған емес. Тәуелсіздік жылдарында және қазіргі таңда Алжир мен әлемдегі әйелдердің мәселелерімен айналысуда. Тіпті осының салдарынан кезінде үзеңгілес болған еркек жолдастарымен жолдарын айырды. Саясаттан шеттетілді. Қарапайым ғана өмір кешуде және Алжирдегі патриархал мәдениетке қарсы күресін жалғастыруда. Сонымен қатар халықаралық аренада да әйел теңдігін орнату, отаршылдықты жою пен тәуелсіздікке қауышу сынды акцияларды ұйымдастырушы әйел активисттердің бірі. Мысалы, ол 2004-жылдың 8-наурызында әлемнің 80 елінен келген әйелдермен бірге Газа секторындағы әйелдермен бірге болу акциясын ұйымдастырды.

Жалғасы бар...

Молдияр Ергебеков, Өнертану докторы

А. Оралқызы