Таңғажайып тарихи ескерткіш

Таңғажайып тарихи ескерткіш
Фото: nationalgeographic.kz

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қазақстан территориясындаға ортағасырдан жеткен ірі сәулет өнері ескерткіші. Ол Түркістан қаласының орталық бөлігінде орналасқан. 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи қабірінің басына алып күмбез орнатылған екен.

Кесене – үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс санатына жатады. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыс жобасына Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді бекіткен көрінеді.

Жергілікті архитектуралық дәстүрді жете меңгерген шеберлер құрылыс жобасын сәтті орындап шыққан.

Кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Ені – 46,5 м, ұзындығы – 65 м. Күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген. Кесене жобасының ерекшелігі сол, онда Орталық Азия сәулет өнерінде сирек кездесетін шатыр жабу тәсілдері қолданылған.

Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер мол. Сәулетші-шеберлер тек аркалы күмбезді жүйенің өзіне сан түрлі әдістерді қолданған.

Кесенеде аса үлкен портал (ені – 50 метрге жуық, порталдық арканың ұзындығы – 18,2 метр), бірнеше күмбез, 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 м. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы – 1,8-2 м, қазандық қабырғаларының қалыңдығы – 3 м.

Мешіттің батыс жақ қабырғасына Меккедегі Қағба іспетті 3,5-2,5 метрлік мозаикалық михраб орнатылған. Кесененің оңтүстік-батыс жағындағы Аллаға құлшылық етуге арналған жерасты ғибадатханалары Қ.Ясауидің тірі кезінде жасалып, кейін қайта жаңғыртылған.

2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

nationalgeographic.kz

А. Оралқызы