Қазақстан Республикасы Президенті 2015 жылы 20 мамырда бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам ұсынды. Оның 20-қадамында барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын енгізу міндеттелді. Қазір инновациялық технологиялардың дамыған заманында олардың пайдасын әр салаға қолдануымыз керек. Әрине, ол сот органдарын да тыс қалдырмады. Солардың бірі сот отырыстарын аудио-бейне жазба құралдарымен жабдықтау. Ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 347-1-ші бабымен енгізілді. Сот отырысы басталар алдында судья аудио-бейне жазба пайдаланатындығын хабарлайды. Сот отырысын аудио-бейнеге жазуды мемлекеттік қызметші, сот отырысының хатшысы жүзеге асырады. Қаралған іс аудио-бейне жазбаға жазылған кезде хатшы шағын хаттама жазады. Ол хаттама аудио-бейне жазбаға қосылып, бірге тапсырылады. Отырыста түсірілген аудио-бейне жазбаны өзгертуге немесе жоюға судьяның да, хатшының құқығы жоқ. Сот отырысы басталар алдында хатшы аудио-бейне құралдарын тексереді. Егер техникалық ақауларға байланысты аудио-бейне түсіру мүмкін болмаса, ол соттың жалғасуына еш кедергі келтірмейді. Ол туралы ақпараттық технологиялар маманына хабар беріледі. Оның барлығы сот хатшысының хабарламасында түсіндіріліп, баяндалуы керек. Сот процесін аудио-бейне жазбаға жазу енгізілгеннен бері сот отырысы хатшыларының уақыты үнемделіп, жұмыстары жеңілдегенмен, оларға бұрынғыдан да жоғары жауапкершілік артылады. Себебі, олар сот отырысының дұрыстығына, хаттаманың шындыққа сай екендігіне жауапты. Ал теріс мәлімет берілгендігі анықталса, хатшы жауаптылыққа тартылады. Сот отырысында түсірілген аудио-бейне жазбалар тек сот ісін жүргізу мақсаттарына, азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуге және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуге нақты деректерді анықтау үшін қолданылады. Бұл жазбалар 15 жылдан 75 жылға дейін сақталады. Сот отырысы шешілмесе немесе ондағы қандай бір жағдайға байланысты түсінбеушілік туындаса, сот процесіне қатысушыларда күмән туындаса, олар видео жазбаны қарауға мүмкіндік ала алады. Жаңа технологияларды сот отырысында пайдалану арқылы көптеген түсініспеушіліктің шешімін табуға және сот ісін сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде Қазақстандағы барлық дерлік соттар аудио-бейне жазба құралдарымен жабдықталып, өз нәтижесін беруде. Сот отырыстарын аудио-бейне жазба құралдарымен қамтамасыз етудің мақсаты сот жүйесінің ашық өтуі, қоғамның мемлекеттік қызметшілер мен судьяларға сенімін жоғарылату, қағазбастылықтан арылту және жемқорлықты азайту.