Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласында "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын қолға алуды тапсырған. "Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген" дей отырып, жоба жұмысы арқылы келешек ұрпақтың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті оятуға болатынын алға тартқан еді. "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын көпшілікке таныта түсу мақсатында бүгін Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан тарихи-мәдени киелі орындар мен мекендерді назарыңызға ұсынамыз.
Ботай қонысы
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Никольск ауылынан 1,5 км орналасқан.Хронологиялық мерзімі: энеолит (б.д.д. IV соңы – III мыңжылдықтар) дәуірі.
1980 жылдан бастап қонысты (30 жылдан артық) зерттеген археолог В.Ф.Зайберт, солтүстік қазақстандағы осыған ұқсас ескерткіштерді зерттеу негізінде Ботай мәдениетін бөлді.
Ескерткіштің маңыздылығы – жабайы жылқының жер бетінде тұңғыш рет қолға үйретілуі. Энеолит дәуірінде Орал-Қазақстан далалық аудандарда қалыптасқан шаруашылық-мәдени үлгіні отырықшылық, экономиканы дамытатын жылқы шаруашылығы басым, көп салалы болған деп айқындауға болады.
Қарасай және Ағынтай батырлар кесенелері
Батырлардың кесенелері Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Мәдениет ауылының жанындағы Құлшынбай төбесінде орналасқан.
Кесене XVII ғасырда өмір сүрген, Қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін жоңғар басқыншыларымен күрескен батырлар Қарасай Алтынайұлы (1589-1671) мен Ағынтай(шамамен1599-1672) жерленген жерге тұрғызылды.1999 жылыашылған мемориалдық ескерткіш екі әскери дулыға кесенеден және олардың арасында конус пішінді мешіттен тұрады. Оның жанында біріктірілген найзалар тұр. Кесенелер айналасында зират-қорым орналасқан.
Қарасай мен Ағынтай қаһарман батырлар, әйгілі қолбасшылар, аса көрнекті тарихи тұлғалар.
Сырымбет мекені
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Сырымбет ауылында орналасқан. XIX ғасырдың 20-жылдарына жататын Шоқан Уәлихановтың кіндік қаны тамған жері – Сырымбет мекені Орта жүз ханы Уәли Абылайханның әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесінің тұрақты қыстауы болған қоныс.
Тарихи құжаттар бұл кешеннің 1824 жылдан 1834 жылға дейін салынғандығын айғақтайды. Қазақ даласын зерттеген А.К. Гейнс Сырымбеттегі Айғаным ханшаның мекен-тұрағын суреттеп жазған. 1985 жылы қайта қалпына келтіріліп Шоқан Уәлихановтың республикалық тарихи-этнографиялық музейі ашылды.
Абылай хан резиденциясы кешені
Абылай хан резиденциясы Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында орналасқан. «Абылай хан резиденциясы» кешенінің Абылайдың үйі деп аталатыны туралы талас көп.
1765 жылы салынған үй «хан резиденциясы» болып табылмаған, өйткені осы кезде Абылай тек сұлтан атағына ие болып жүрген. Абылай ханның сұрауымен және патша үкіметінің рұқсатымен Есіл өзенінің қасында бір үй шын мәнінде салынған еді. Үй ағаштан салынған. Онда көптеген мемлекеттік, саяси мәселелер қаралған. Аңыз бойынша, бұл үй өртке ұшырап, кейін орнына 1829 жылы осы екі қабатты тас үй салынған.
2008 жылы ашылған Абылай хан резиденциясында XVIII ғасырдағы Қазақ Ордасының ханы, көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат тұлғасын ашып бейнелейтін жәдігерлер, диорама қойылған. Экспозиция орналасқанға дейін резиденция «Ақ үй», «Абылай ханның үйі», «Әскери лазарет» деп аталған.