- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Швейцарияның ірі инвесторлары...
Швейцарияның ірі инвесторлары Қазақстанға қызыға бастады
Елбасының “Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөнінде 100 нақты қадам” бағдарламасындағы 24-қадамға сәйкес Елбасы Астана қаласында AIFC Халықаралық Арбитраждық Орталығын құру жоспарланған. "Астана" қаржы орталығының жақында ғана ашылағанына (5-шілде) қарамастан, ірі инвесторлар қызығып, алғашқы салымдарын салуға адйын екендіктерін мәлімдеп жатыр.
9-12 шілде аралығында Швейцарияның Федералды басшылығы және ірі швейцариялық бизнесмендер Қазақстанға келді. Делегацияны Швейцарияның экономика бойынша Федералды департамент басшысы Йоханн Шнайдер Амманн бастап келді. Швейцариялықтардың келуінің бас себебі – "Нұрлы жол" және "Белдеу және жол" жобаларының мән-жайы мен инвестиция салу мәселесі.
11 шілдеде Астана Халықаралық Қаржы Орталығы делегация өкілдерімен кездесті. Швейцариялық серіктестер АХҚО-мен таныс екендіктерін, Astana Finance Days, 20 маусымдағы Орталықтың Женевадағы таныстырылымы сияқты ортақ іс-шараларға қатысқандықтарын айтты. Орталықтың потенциалы, мүмкіндіктері және басшылығының кәсібилігі инвесторлардың көңілінен шыққан сыңайлы.
Herculis Partners директорлар кеңесінің төрағасы Жан-Поль Периат АХҚО жұмысымен жақсы таныс екен. Ол Қазақстан мен Швейцария арасындағы экономикалық серіктестік екі елге де оң нәтижелер әкелетінін баса айтты:
– Швейцария үшін Қазақстан жекешелендіру мен қаржылық байланыс үшін өте оңтайлы ел. Біз мұнда компания ашуды көздеп отырмыз. Швейцариялық компаниялар алдымен елді тексеріп, олардың қалай жұмыс істейтінің көріп алады. Біз бұған дейін Ақтауда болдық, енді елдің қаржылық әлеуеті қандай деңгейде екенін білу үшін ертең Алматыға бармақпыз. Cіздердің орталықтың қызметкерлерінің кәсібилігі бізді қуантпай қоймайды, – деді Жан-Поль Периат.
Кездесу барсында швейцариялық өкілдер тек қаржы саласында ғана емес, өзге де бағыттарда жұмыс істегісі келетіндіктерін мәлімдеді. Swiss Medical Network басқармасының басшысы Раймонд Лоретан олардың жұмысы мен инвестициясының тағы бір маңызды бағыты медицина екендігін айтты:
– Біз қазір сіздердегі денсаулық сақтау саласының мүмкіндігі мен инвестиция потенциалын зерттеп жатырмыз. Мен АХҚО-ның жақында өткен таныстырылымын жоғары бағаладым. Менің ойымша, түрлі бағыттағы серіктестік үшін Орталықтың атқаратын рөлі маңызды, – деді Раймонд Лоретан.
Кездесу барысында AFSA қаржы орталығының қаржыны басқару бөлімінің директоры Мұхтар Бүбеев Astana Finance Days конференциясы АХҚО-ға шетелдік компаниялармен байланыс орнатуға жол ашқанын айтты.
– Astana Finance Day арқасында біз шетелдік серіктестер шеңберін кеңейттік. Соның нәтижесінде АХҚО өзінің заманауи қаржы технологияларын, сақтандыру, банк нарығын жетілдіріп жатыр, – деп мәлімдеді Мұхтар Бүбеев.
Швейцария тарабының серіктес атануға мүдделі екенін REYL Finance (MEA) атқарушы директоры Паша Бахтияр кездесу барысында растады.
– Біздің банк – Швейцариядағы орта деңгейлі банктердің бірі. REYL Finance активтерді басқару, кеңес беру қызметін атқарады. Қазір әлемнің біршама нүктесінде біздің кеңселер жұмыс істейді. Мысалы сіздердің Орталық негіз еткен Дубайдағы DIFC орталығына біз өз қызметтерімізді ұсынамыз. Енді сіздердің де Орталық біздің зор қызығушылығымызды тудырып отыр, – деді Паша Бахтияр.
Астанаға қонақ болып келген делегациямен Үкімет басшысы да кездесті. Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Швейцарияның федералдық кеңесшісі және экономика, білім беру және зерттеулер федералды департаментінің басшысы Йоханн Шнайдер-Амманмен келіссөз жүргізді.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайту, инвестициялық серіктестік және өңіраралық өзара байланыс мәселелері, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша бірлескен жобалардың даму мүмкіндігі, келешегі талқыланды. Бақытжан Сағынтаев еліміздің шағын және орта бизнес, энергетика, логистика салаларындағы тиімді ынтымақтастыққа, сондай-ақ жаңа технологиялар мен ноу-хау трансфертін реттеуге Қазақстан тарабы қызығушылық танытатынын айтты. Қазіргі таңда Қазақстанда швейцариялық компаниялардың ат салысуымен құрылыс, машина жасау, агроөнеркәсіп және тау-кен металлургия кешендері салаларында жобалар сәтті жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар Үкімет басшысы Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін айтулы салықтық және кедендік жеңілдіктермен қолайлы инвестициялық ахуал жасалғанын айтты. 2017 жылдың басынан бері Швейцария азаматтары үшін 30 күндік визасыз режим енгізілді. Қабылданған шаралар алдағы жылдары Қазақстан экономикасына инвестициялар салып, технологиялар трансфертін жүзеге асырушы Швейцария кәсіпорындарының санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, Бақытжан Сағынтаев Швейцарияның қаржы институттарын «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға шақырды және Швейцария мен Қазақстан халықаралық қаржы құрылымдарының аясында табысты ынтымақтасып, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жанындағы бір топтың құрамына кіретінін айтты.
Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 2017 жылы $3,2 млрд қаржыны құрады. Экспорт – $3,1 млрд. Былтырғы көрсеткіш 2016 жылға қарағанда 21%-ға артқан. Ал 2018 жылғы (қаңтар-мамыр) тауар айналымы $1,14 млрд құрады (өсім – 95%), экспорт — $1,09 млрд. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда швейцариялық орталықтар қатысуымен 436 заңды тұлға, өкілдіктер мен бөлімшелер тіркелген.