Ет мүшелеу білесіз бе?

Ет мүшелеу білесіз бе?

Дана халқымыз әр заттың есебін білген. Баршамызға белгілі болғандай қазақтың негізгі асы – мал еті. Оның қалай сойып, қалай жарататынына дейін білген қазақ қонағының кім екендігіне қарай небір табақ түрлерін ұсынған. Әрбір салтымызға құрметпен қарайтын қазақ жұртшылығына арналған пайдалы кеңес. Біліп жүріңіз!

Ет мүшелеу дегеніміз - сойылған малдың етін жілік-жілігімен бөлшектеу. Малдың төрт аяғындағы 12 жіліктегі жамбас, ортан жілік, тоқпан жілік, кәрі жілік, жауырын сүйектеріне орай ет мүшелегенде осы жіліктерді буын-буыны бойынша ажыратып жіліктейді. 

Мәселен, қой етін жіліктегенде 13 мүшеге: жамбас - 2, ортан жілік - 2, асықты жілік - 2, бел омыртқа - 1, сүбе қабырға - 2 (сүбемен бірге бүйректен жоғары 5 қабырға кетеді), қабырға - 2, төс - 1, омыртқа - 1, жауырын - 2, тоқпан жілік - 2, кәрі жілік - 2, бұғана - 1, мойын - 1 етіп бөледі («Шаңырақ» энциклопедиясы, 194-бет)

Бас табақ, орта табақ, кіші табақ тартып қонағын құдайындай сыйлайтын қазақ ас ұсынғанда көрегендік танытқан. Қазақстанның әр аймағына тән ерекшеліктері болғанымен, қонақтың жасына, туыстық жақындығына қарай табақтардың көптеген түрі бар: 

Сый табаққа - бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, сүбе. 

Құда табаққа - бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, бауыр. 

Құдағи табаққа - жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік, сүбе. 

Жеңге табаққа - асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын омыртқа, құйрық, өкпе, ұлтабар. 

Беташар табаққа - сүбе, төс еті, қарын, ащы iшек, құйымшақ, мойын омыртқа. 

Күйеу табаққа - төс, асықты жілік, қабырға, омыртқа еті, қазы-қарта. 

Қыз табаққа - тоқпан жілік, бел омыртқа, құйрық, қабырға. 

Құрдас табаққа - тоқпан жілік, омыртқа, сүбе, қабырға, қазы, құйрық. 

Бала табақ - бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік 

Ж. Жұмағұлов