Қонаққа қатысты ырым-тыйымдар

Қонаққа қатысты ырым-тыйымдар
Фото: vk.com

Қазақ босағасын аттаған қонағына сый-құрмет көрсеткен. Халқымыз үйіне келген қонақты құр қол жібермей, ас-суын беріп, құрметтеген. Ерекше айта кететін жайт, қазақ үйінен ешқашан қонақ үзілмеген. Бұл дәстүр ата-бабадан мирас боп бүгінге жетіп отыр.

1. Үйге кіріп келе жатқан қонақ абайсызда сүрініп кетсе, үй иесі марқайған түрмен төрінен сыйлы орын ұсынады. Мұның түп төркіні «үйге күтпеген жерден байлық келеді, бақ дариды» деген ырымды білдіреді.

2. Жолаушылап келе жатқан адам бір үйге сусын ішуге түсетін болса, сол үйдің есігіне тура беттеп келіп, аттан түспейді. Үй иесі сыртқа шыққанда, амандық-саулық сұрасқан оң, атының оң жағынан түседі және үйді айналмайды. Өйткені, жау адамдар бөгде үйдің жай-күйіне қарамайды, баса-көктеп кіреді және өлімнің суық хабарын естірткелі келген адам да күй таңдамастан бірден үйге кіреді. Сол себепті, бұл «жолаушының жүрісі жаман ырымға ұқсамасын» деген мағынаны білдіреді. Досжаран, ағайын-туыстар да оң тілеумен үйдің оң жағынан келіп, үйге оң аяқпен кіреді.

3. Үйде отырған қонақты саусақпен санамайды. Малды, қолға түскен тұтқындарды ғана саусақты шошайтып санайды.

4. Қыдырып, қонаққа келген жас баланы үйден құр қол қайтармайды. Бұл «сәбидің меселі қайтпасын, көңілі қалмасын, жүрегі суымасын, келер бақытының беті қайтпасын, үйде оттай ыстық ықыласы қалсын» деген ырымнан туған ежелгі салт. Егер сәби үй иелерінен суық рай көріп, кейіген кейіппен қайтса, «бұл шаңырақтан – бақ, төрден – бақыт, дәннен – ырыс кетеді» деп ырымдалады.

5. Қонақ қонған түні мал төлдесе, қонаққа киіт кигізіп, «ақжолтай қонақ» деп, құрметпен шығарып салады. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сөз осындайдан шықса керек.

6. Дастархан қос қабатталған болса, қонақ келгенде оның тұйық жағын төрге қаратып, оң бетін келтіріп жаяды. Бұл «дастархан оң болмай, ісіңде жол болмайды» дегенді білдіреді.

7. Сый табақпен екі кәрі жілік бірге тартылса, қонақ қуанады. «Оң жол болады, байлық келеді, бақ дариды» деп ырымдайды. Қонақ жіліктерді еттен тазалап, мүжіп, өзі алып кетеді де, үйінің босағасына іліп қояды.

8. Қазақта кетік, сынық ыдыспен қонаққа ас бермейді. «Ыдыстың кетігінен шайтан қосарлана ас ішеді, қонақ қорланады, қонақтың жебеуші иесі шамданып, кәрін төгеді» деп ырымдайды.

9. Қонақты сыйламас бұрын үй қожасының өзі астан ауыз тиюі керек. Бұл ырым арқылы астың адалдығы, үй иесінің қонақжайлығы танылады.

10. Халқымыз үйге келген кісіге астан дәм татырмай жібермейді. Ертеде қазақтар бар болса, ол болмаса, айран, ірімшік, құрт сияқты тағамдар ұсынатын болған. Асты қадірлейтін қазақ «дәм-тұзымды тат, расыңды айт» дейді. Қастандық қылған біреу жайлы «дәм-тұзыма тапсырдым» дейді. «Татқан дәмге қас қылған жігіт оңбас» деп өлеңдетеді.

Ж. Жұмағұлов