- Негізгі бет
- Қолөнер
- Сәукеле сән береді...
Сәукеле сән береді сұлуларға
Ұзатылған қыз киетін аса қымбат, бағалы, кәделі де киелі, өте ертеден келе жатқан бас киім – сәукеле. Биіктігі 70 см-ге дейін жететін бұл бас киімнің пішіні ерекше.
Сәукеле мақпал, барқыт сияқты қымбат матадан тігіліп, бұлғын, құндыз терілермен жиектеліп, оқамен обланып, көркем жіптермен кестеленіп, алтын күміс теңгелермен безендіріліп, төбесіне үкі тағылып, түрлі түсті моншақтармен шашақтатылады. Құлақ тұсын маржан салпыншақ моншақтар толықтырып тұрады. Оларды жақтау, жақ моншақ, бет моншақ деп атайды. Бұл моншақтар күміс жапсырмамен, інжу, маржан, лағыл тастармен әшекейленген қызыл паршадан, барқыттан тігілген ұзын жолақ алақандарға қондырылады. Сәукелеге күмістен жасалған ауыр, кейде көп қатарлы сырға пішіндес арнайы салпыншақтар – сәукеленің сырғасы орнатылады. Сәукеленің төменгі жиегі маңдайға салбырап тұратын бірнеше бейнелі күміс жапсырмалар, торлы маржан немесе күміс жіппен өрнектеледі. Мұндай әшекейлер Орта Азия халықтары мен түріктерде кездеседі.
Баскиімнің арт жағына төмен салбыратылған кестелі ақ желек орнатылады. Сәукеленің ұрпақ жалғастырушы, береке-молшылық тәңірі, ана мен баланың, ошақ басының жебеуші піріне айналған Ұмай ананың бейнесі іспетті әйел мүсініне ұқсас түрлі әшекей ерекше көз тартады.
Баскиімнің айшықты түсі, алуан түрлі пішін, түр, ою-өрнекпен жарасымдық тауып тұрған зергерлік әшекейлер, жарыса құлпырған алтын, күміс және асыл тастардың сәулелері бас киімді одан сайын құлпырта түседі.
Сәукеле күннің сәулесіне теңелген пішіні, оған көрік беріп тұрған әшекей бұйымдардың көптігі арқылы киелі маңызға ие болған деуге болады. Бұл бас киім ерекше қастерленген, оны түсіріп алуға, қисайтып қоюға болмайды; келін болып түскеннен кейін қалыңдық сәукелені әдетте киіз үйдің сәнін келтіру үшін жүктің үстіне қояды. Түрлі нәубет, соғыс кезінде жылқы, мал айдап әкетілген, ал бағалы сәукеле тіпті құнды олжа саналған.
Сәукеленің түп төркіні бағзы заманнан бастау алады, мұны Есік қорғанына табылған Алтын адамның алтын жапсырмалармен көмкерілген бас киімнің пішініне ұқсастығы айғақтайды. Сәукеленің сондай-ақ Пвлодардың Ертіс жағалауындағы Жданов қорымынан табылған Х-ХІІ ғасырлардағы ауқатты әйелдердің үш бас киіміне де ұқсастығы бар. Конус пішінді бұл бас киімдердің біреуі күмістен жасалыпты.
Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері. - Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011. - 384 бет, суретті.
Қ. Бүйенбай