Аруға жарасады шолпы, шашбау

Аруға жарасады шолпы, шашбау
Фото: Асылбек Имандосов, massaget.kz

Қазақ қыздары киімінің тұрақты элементі болып табылатын әшекей - шашқа тағатын бұйымдар. Олар екі түрге бөлінеді. Құрылымы жағынан шағын болып келетін бірінші түрі шолпы өзара біріктірілген қозғалмалы бөлшектер: құлпырма маржан тізбектерінен, Ресей тиындарынан (оның ішінде жалған теңгеліктерден), түрлі пішіндегі жартылай қуыс немесе жалпақ, селдір медальондардан, күміске орнатылған түрлі тастан құралады. Түрлі сәндік салпыншақ пен әсемделген құрылымы күрделі бөлшек күрделі пішіндегі жалпақ таспаға қондырылады. 

Шашқа арналған бұйымдардың үзбелі шашбау деп аталатын екінші бір түрі өзінің ұзындығымен ерекшеленеді, ол күміс шынжырлардан немесе жіптен, жібек баудан жасалып, маржан моншақтармен, сәндік әшекей бөлшектерімен безендірілген тасбаулардан тұрады. Бұл әшекейлер де шолпыға ұқсас бөлшектерден тұруы мүмкін. Егер шолпы шаштың ұшына ілінетін болса, үзбелі шашбау бұрымның түбіне ілінеді немесе шашпен бірге өріліп, бұрымға сән беріп тұрады. Кейде бұл әшекей қара баудан жасалып, шашты ұзын және қалың етіп көрсету үшін қолданылады. Бұйымның атауы қай материалдан жасалғанына қарай аталады. Мәселен, салпыншақты маржан моншақтар тізбегі маржан шашбау деп аталады. Үзбелі шашбаудың ерекшелігі - оның ұшында мөлдіреген шық, жаңбыр тамшылары, дәндер мен жемістер түріндегі жібек шашақтан, күмістен жасалған салпыншақтардың болуы. 

Шашқа тағатын әшекей сыйлағанда айтылатын: "Шашың ұзын әрі қалың болсын!" деген сөздің түп-төркінінен шаштың қалыңдығы мен ұзындығы әйел сұлулығының маңызды бір белгісі болып саналғанын байқауға болады. Ауыз әдебиетінде шолпы мен шашбау қыздың әсем келбетін сипаттағанда жиі қолданылады. Мәселен, "Қыз Жібек" дастанында бұрымдағы алтын шашбауға қыздардың артықшылығын білдіретін бұйым ретінде теңеу айтылған. 

Бұл әшекейдің құрамындағы металл бөлшектер мен шолпылардың мәндік-мағыналық пішіндері назар аудартады. Олар найзаның ұшы, конус, қоңырау пішінді және ұшы шашақталған сым (қорғаныс рөлінде), дән, жапырақ, ромб (ұрпақ әкелу символы), тиындар (байлық символы), күмбез, шар түрінде жасалады. Қазақтар Орта Азияның, Шығыстың басқа да халықтары сияқты қоңыраулы, сылдырмақты шолпыны бәле-жала, жын-шайтанды жолатпайды деген сеніммен ырымдап тағатын болған.

Әйел әшекейлерінің тағы бір түрі - шашқап. Ол шаштың екі өріміне арналған қап ретінде мақпал, барқыт, парша сияқты сәндік маталардан тігіліп, өң жақ беті күміс, алтындалған құймалармен әшекейленеді. 

Адам жанының бір бөлігі шаш арасында болады деген наным қалыптасқандықтан, бұрымды кесуге, тарағанда түскен шашты жерге тастауға болмайды деп саналатын. Біреудің шашын қолыңа түсірсең, оның өмірлік күшінің бір бөлігіне иелік ете аласың деген сенім қалыптасқан. Басқа ұлт өкілдерінің шашы бала туғанда, ауырғанда көмектеседі деген де сенім болған. Мысалы, қазақта орыстың шашы сырқаттан емделуге көмектеседі деген сенім болған. Шаш туралы осыған ұқсас наным-сенім әлемнің көптеген халқының түйсігінде орын алған. Қазақ пен өзбектің дәстүрінде баланың алғаш алынған қарын шашын күміс немесе матадан жасалған үшбұрышты тұмардың ішіне салып, баланың киіміне қадап қоятын болған. Қазақтың шаш өру дәстүрі осындай түсініктермен байланысты болуы мүмкін: күйеу жігіт жағынан қалыңдықтың үйіне келген бойжетіп отырған қайынсіңілілері немесе басқа қыздар шашын өріп беруді сұрап қалыңдыққа қолқа салады, содан кейін қалыңдық оларға қандай да бір зергерлік әшекейін сыйға тартуы тиіс. 

Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері. - Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011. - 384 бет, суретті. 

Қ. Бүйенбай