Бүркіттің жасына қарай атаулары

Бүркіттің жасына қарай атаулары

Қазақ халқы ерекше қадірлейтін құстың бірі – бүркіт. Сан ғасыр бойы атадан мұра болып келе жатқан қыран құстың киесі мен қасиеті қашан да биік.

Бүркіттің мекені, жасы мен түр-тұлғасына қатысты атаулар көп-ақ. Туып өскен мекеніне қарай бүркітке тау құсы, құз құсы, ой құсы деп ат берілген. Бітімі кесек, кеуделі болып келсе, ол құз құсы болғаны. Ал денесі шағын, ықшамды, жинақы бітімді ол – ой құсы. Ой құсының екі иығындағы ақ теңбіліне қарап, ақсеңгір деп әспеттеген. Бүркіттердің сипатына қарап мұзбалақ, төртперен, төртсары деп те атайды. Ұрғашы бүркіттің тұрқы 110 сантиметрдің айналасында алғыр болғандықтан қыран десе, еркек бүркіттің денесі шағын – тұрқы 80 сантиметрдей, қуаты әлсіз, нашарлау келгендіктен шәулі немесе саршадеп те атайды.

Бүркіттің әр жасының атауы бар. Жұмыртқадан жарып шыққан бүркіт балапаны – ақүрпек. Қанат-қауырсыны шыққан кездегі атауы – темірқанат. Жүндері қошқылдана бастаған кезде – қарақанат дейді.

Бір жасар бүркіт – балапан құс.

Екінші жасқа аяқ басқанда – тірнек дейді.

Үш жаста – тастүлек әрі қантүбіт атаған.

Төрт жасқа толғанға дейін бұл жаста құйрығы мен қанатының астында ағы болады.

Төрт жасары – тастүлек ана бүркіт аталады.

Бес жасар бүркіт – мұзбалақ. Бұл жаста құйрығы мен қанатының астындағы ақтар жоғалып байқалмайды.

Алты жасар бүркіт – көктүбіт аталған.

Жеті жасар бүркіт – қана немесе құмтүлек деген атау алған.

Сегіз жасары – жаңа әрі қутүлек атанған.

Тоғыз жасар бүркіт – майтүбіт (сүмтүлек, қоңыртүлек).

Он жасында – барқын (кәрі түлек) атанған.

Он бір жасар бүркіт – баршын (ақтүлек) кәрі бүркітке жатады.

Он екі жасар бүркіт – шөгел (ақыр түлек) деген аттар алған.

Бап таңдамайтын бүркітті нағыз қыран десе, баулуға оңайлықпен көнбейтін, тез үйірлеспейтін, сылап-сипағанды жақтырмайтын бүркітті мінезді қыңыр, шәркез бүркіт деген.

Іс-әрекеттеріне қарап бүркітті батыр құс, қу құс деп бөледі. Батыр құс аңғал, албырт, қомағай, жүректі, күшті, аңға өршеленсе, қу құс адамға тез үйір болмайды, аң алғанда көп алыса қоймайды екен. Қу бүркіттің жүні жіңішке, сырты жылтыр қара, тұяғы иір, жылан бас, су көз келеді. Бұлар күшті аңдарға түспейді, қаршыға, сұңқар қатарлы құстардың жемін тартып жеуге әуес болғандықтан мырза құс атанған. Сондықтан да қу бүркіт – мырза құс күйшіл болатын көрінеді.

Бүркіт есейген сайын табиғи ақшылдарынан басқасы түр-түсін өзгертіп отырады. Ақшыл құстардың жемсау арасы, екі жақ қаптал жүндері қызғылт сары түске айналады. Әрі құйрық түбінің үстіңгі жапырақ жүндері мен балақ шудалары, санындағы ақ бұршақ жүндер қызғылт сары түске өзгереді. Мұндай түске өзгерген бүркітке құсбегілер қандыбалақ деп ат қойған.

Ал кеңсірігі, саусақ салалары түлеген сайын тотияйындай көкшілденген бүркітті – көк аяқтанған, көк тұмсықтанған бүркіт деген.

Есейгенде құйрық шалғыдағы ағы тарландай бастаған бүркітті – тарлан бүркіт деген.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар