Ұлт бойындағы ұлы өнер – құсбегілік

Ұлт бойындағы ұлы өнер – құсбегілік

Қазақтың кең даласы жайында айтылған теңеулердің ең кереметі бабаларымыздың «о шетінен бұ шетіне дейін құс қанаты талатын мекен» деген сөзі болар. Иә, осы кең далада кербестіні ерттеп мініп, қолыңызға қаршығаны қондырып жүруден асқан рахат бар ма? Бұл бекзадалықтың, кербездіктің белгісі. Бұл кез келгенге беріле бермейтін ұлы өнер. Өзіңіз ойлап қараңызшы,сол қаршығаны қайырып, қолға қондырудың өзі қаншалықты күш-жігер еңбекті талап етеді.

Көшпелі халықтардың табиғатпен етене байланыста болуы шарт. Ал біздің халық - табиғаттың төл баласы. Жасында оның әрбір ой-шұңқырын кезіп, есейгенде шыңына ұмтылатыны да содан. Сол биік құз-шыңдарда құс біткеннің төрелері жайғасады. Ал көшпелі елдің ержүрек ұландары сол құстарды балапан шағынан ұстап, асырап, қолға үйретеді. Оларды құсбегі деп атайды.


Құс ұстаудың белгілі әдістері:
1. Ұядан алу. Ол үшін құс ұясының орналасқан орнын және оның тояттайтын, тынығатын уақытын біліп, арнайы киізден жасалған тор немесе қақпан құру арқылы қолға түсіру.
2. Аумен ұстау. Әлсіздеу бес не одан да көп талды жерге қадап, тормен қоршап, ортасына мықтап қазық қағады да, бүркітті қызықтыру үшін түлкі, қоян немесе тауықты тірідей байлап қояды. Қиядан құлдилап келетіндіктен, бүркіт тор үстінен тік көтеріліп ұша алмайды. Жүгіре көтеріліп ұшамын дегенінше торға оралып қалады.
3. Тор жаю. Қыс айларында қар түскен соң, қар түстес ақ торды қар үстіне бір метрге жуық биіктікте құрады да, астына тірі түлкі немесе қоян байлайды. Сорғалап түскен құс аяғын торға іліп алады да, кері ұша алмай қалады.
4. Қарға орану. Қар қатты бекігенде қолданылады. Екі адамның бірі құстың аңға шыққан уақытын аңдып, оның жемтігін алуына кедергі жасайды. Екіншісі, қарға көміліп, жемді төбесіне қойып жатады. Аш қыран құс кешікпей жемге қайтып келгенде, қар астында жатқан адам оны ұстап алады.
5. Шеңгелдестіру. Қолға үйретілген құстың аяғына түлкінің терісін немесе санын байлап, түз құсын көрген сәтте жібере қояды. Қолда өскен құс өзінің тектесімен жұптасып ұшуды аңсаса, түз құсы оның аяғындағы жемге қарай ұмтылады. Бұл жағдайда қос бүркіт шеңгелдесіп жерге түседі.
6. Тояттатып алып тұтқиылдан ұстау. Бұл әдіс өте көнеден келе жатқандықтан, сирек қолданылады. Әбден тояттап жемтігін жеп болған құсты аңдып отырып, оның жел жағынан шығып, ыққа қарай қуа жөнелу керек. Тойған құс ыққа жүгіргенімен бетегесін жерге соғып, ұша алмай қалады. Осы сәтте жүйрік атпен қуып жетіп, үстінен шапан жаба салу қажет.


Қазақ халқы бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи, тұйғын, тұрымтай, сұңқар, лашын, жағалтай деген құс түрлерін ұстаған. Құсты ұстаудан бөлек оны баптап қолға үйретудің өзі үлкен өнер есептеледі. Оны баптаудың әртүрлері тәсілдері бар:
1. Томаға кигізу. Түз құсы өзінің тағылығына салып бірден үйренісіп кетпейді. Сондықтан оны ырғаққа, яғни арнайы жасалған әткеншекке отырғызып, екі немесе үш күн ұйықтатпайды. Одан кейін өздігінен көндіге бастайды.
2. Сылап-сипау. Құс иесіне бауыр басуы үшін оған зейін салып қарау керек. Түн ортасында болсын тұрып, сылап-сипап тұру керек.
3. Жемге үйрету. Алдымен бір кесек етке қант бүркіп, аузына салып жіберу керек. Осылай үйренгеннен кейін ат үстінде тұрып етке шақыру қажет. Бұл оның адамға және атқа үйренуіне септігін тигізеді.
4. Шырғаға тарту. Шырға құстың қанат, құйрығының берік болуына септігін тигізеді. Оны құстың аяғына байлап қояды.
5. Далабайға түсіру. Аң терісінің бас жағына қант бүркілген ет тығындап, екі көзінен қызартып көрсетіп қою қажет. Құс оған бірден ұмтылса, бір-екі шоқуына мүмкіндік беріп, қолға қайта қондырып, далабайды сүйретіп жүріп осыны қайтадан жасай беру қажет.
6. Қайыру. Құсты әркезде әртүрлі бапта ұстау үшін берілетін жем түрлері:

  • Қансоқта - өлген аңның немесе малдың қаны сорғалаған, туралмаған кесек еті.
  • Қызыл – бүркіттің жеуіне ыңғайлы туралған, қанды ет.
  • Тартпа – құнарлы, аз сіңірлі ет.
  • Сарбөртпе – туралған соң шайып қан сөлінен айыру.
  • Ақжем – майдалап турап, суға салып, бар сөлінен айыру.
  • Тоят – құс өзі алған аңның етін жұлып жеуі.
  • Үрген өкпе немесе боз өкпе – өкпені кеңірдегімен пышақ тигізбей алып, үріп, бар маңызынан айыру.

Құсбегілік – қазақ салт-дәстүрінің ажырамас бір бөлігі. Ол тек біздің ұлтқа тән барлық асыл қасиеттердің көрінісі. Жер бетінде қазақ деген ұлт бар кезде бұл өнердің жойылып кетуі мүмкін емес, керісінше қарыштап дамып келе жатқандығына күн сайын куә болып отырмыз. Ұрпақтарымыздың да бұл дәстүрден ажырамасына сенеміз. Себебі қыран құстың асқақтығы мен тектілігі біздің халықтың бойына сіңген қасиет. Қыран - қазақ елі үшін еркіндіктің, тәуелсіздік пен бостандықтың символы. Осы тұғырынан түспегей.

 

Автор: Бекмырзаева Мөлдір

Дереккөз: mtdi.kz

Y. Almabek