Бүркіт жабдықтары: Томаға

Бүркіт жабдықтары: Томаға
Фото: nurotan.kz, ulttyqsport.kz

Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулуды жанына серік еткен қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да қатар үйретіп отырған. Осы орайда көзі қарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.

Томаға. Бүркіттің екі көзін жауып тұратын, дулыға тәрізді, бүркіттің басына киілетін, теріден жасалған жабдық. Оны шымыр былғары немесе икемге келетін жұмсақтау көннен жасайды. Сондай-ақ, құстың басының үлкен-кішісіне назар аударып, арнайы былғарыдан дайындайды. Терінің майда келген, өң бетін ішіне, тігісін сыртына келтіріп тігеді. Көзге келетін тұсын сыртына қарай томпитып, қуыстап, көзіне тимейтін, қажамайтындай етіп келтіреді. Саңылаусыз болады. Алайда құстың тұмсығы шығатын жері ойылып алынып, астына, тамақ жағынан тамақбау тағылады. Томағаның жоғарғы жағына — шешкен кезде құсбегі саусағына іле салуға оңай болуы үшін, төбесіне ілмек айдар кигізеді. Төбе тұсына, милықтарына сәндік үшін алтын, күмістен құйылған кішігірім әшекейлі құйма орнатады. Ол да біздің қолөнеріміздің бір көрінісі. Құс «жалаңбас» (томағасыз) үйде отырғанда, түзде қолға алып жүргенде қимылдап, мазасыз болады. Кез келген қыбыр-жыбырға, жәндікке, желге талпынып, қанат құйрығын тоздырады. Жақын келген ит, бала, тіптен кейде иесін де шауып, шоқып алатындықтан, көзін осы құрылғымен жауып қояды.

Томағалы бүркіт тыныш отырады, мінез-құлқы бірқалыпты, әрнеге мазасызданып, жүйке жүйесін «тоздырмайды», қанат-шалғысын, саусақтарын жараламайды. Тек қана қайыру кезінде, жем бергенде, аңға қосарда бүркіттің басынан томағасын алады. Томағасы қысса, қажаса, құс «томағақашаған, басасауға» айналып кетеді. Құсбегі томаға тігу үшін қыран құстың басына лайықталған үлгі бойынша былғары дайындайды. Томағаның айдары (кейде оны қарқарасы деп те атай береді) мен тамақбауы бірге пішіледі. Оны тігер алдында өткір пышақтың ұшымен алдын-ала сәл-пәл сызат түсіре тіліп алса тіккен жіп немесе тарамыс сол тіліктің ішімен жымдасып, құстың денесіне батпайтын болады. Ал, күміс шытыралар, асыл тастар мен мәймеңкелер салғысы келсе, томаға тігілмей тұрып бекітіледі. Томаға құсқа салынбаса, айдарындағы көзі арқылы жібек жіптен бау тағылып, керегенің басына ілінеді. 

Дәстүр-салтымыз бойынша бас киім әрқашан жоғары тұратыны белгілі. Бүркітке туған баласындай қарап, "бас киімін" жерге тастамай, жоғары қою - қыранды қадір тұтқан қазақ баласының құралын да қастерлегенінің айқын көрінісі.

Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан.

Е. Жұмабайұлы