Көп кездеспейтін ұл-қыз есімдері және оның мағынасы #2

Көп кездеспейтін ұл-қыз есімдері және оның мағынасы #2
Фото: pixabay.com

Қазір кімнің ұлының атын сұрасаңыз да «Әлихан», «Әлинұр», «Нұрасыл», кімнің қызының атын сұрасаңыз да «Кәусар», «Айзере», «Раяна». Иә, әдемі есімдер, мағынасы да жақсы, алайда бұл Қазақстанда балаға ең көп қойылатын есімдер. Ал бүгінгі материал баласына көп кездеспейтін, ерекше есім қойғысы келетін ата-аналарға арналады.

Ұл бала есімдері

Абыз – аса білімді, ғалым.

Айжарық – айналасына айдай нұр шашып жүрсін деген мағына.

Аймағамбет – мақтаулы.

Айтақын – ойын ірікпей айтатын ақын болсын деген мәнде.

Айшуақ – айдың жарығы.

Аңсаған – әдетте көптен бала сүймей, ұзақ күтіп көрген баласына қойылатын есім.

Атығай – атына заты сай.

Әзілхан – әзілге жақын. Әзілхан Нұршайықовтай жазушы болсын деген ниетте қойылады.

Батырлан – ерлік көрсету деген мәнде.

Ералы – ең атаулы батыр.

Жәдігер – мұра, көненің көзі деген мағына.

Жиренше – өткір тілді шешен.

Игілік – жақсы, ізгі іс.

Керімхан – адал, кең жүректі адам.

Қасым, Қасымхан – тартымды, реңді. Қасым Аманжоловтай ақын болсын не Қасым хандай адал азамат болсын деген ниетте қойылады.

Қобыланды – ержүрек, батыр.

Мұнар – «сағым» сөзінің синонимі.

Расул – елші деген мағына.

Салауат – аман-есен жүрсін деген ниетпен қойылады.

Сафуан – таза, мықты.

Сүлеймен – мақсатына жетуші, табанды жан.

Тахауи – ұрпақ, Тахауи Ахтановтай білгір жазушы болсын деген ниетте қойылады.

Темірлан – мықты, табанды бол деген мәнде.

Тобанияз – сыйлы деген мағына.

Төле – Төле бидей қара қылды қақ жарған әділ болсын деген ниетте қойылады.

Хақназар – қолдау, қамқор болу.

Шайхы – ғалым, оқымысты.

Шахнияз – патшадай сыйлы.

Шәміл – шуақ шашқан.

Шернияз – аң патшасы арыстандай сыйлы. 

Қыз бала есімдері

Ажарлым – сұлуым, көріктім.

Айқаракөз – Мұхтар Әуезовтің кейіпкері. Айдай әдемі, қара көзді сұлу болсын деген мәнде.

Айтұмар – «ай» және «тұмар» сөздерінінің қосындысы. Мойындағы тұмардай серік болсын деген ниетте қойылады.

Ақұштап – Ақұштап Бақтыгереева сынды ақын болсын деген ниет.

Аяла – мәпелеу, қамқор болу.

Әзиза – қуатты, күшті.

Балауса – балғын, жас, пәк.

Балзада – тәтті бала деген мағынада.

Балсұлу – өзі тәтті, өзі әдемі.

Жасмин – гүлдей әдемі.

Марфуға – бәрінен биік.

Меңтай – көбіне денесінде меңі бар қыздарға қойылады.

Мұнтаз – таза, ұқыпты.

Перизат – періште.

Саруар – қамқоршы, қолдаушы («Көшпенділер» романында кездесетін есім).

Тоғжан – Абайдың ғашығының есімі.

Шырай – әдемі, келбетті.

Хорлан – сұлулан, хор қыздарындай сұлу бол деген ниетте қойылады.

Сізге қай есім ұнады?

Көп кездеспейтін ұл-қыз есімдері және оның мағынасы #1 бөлім

@. @assel_assanova