Сәкен Сейфуллин 125 жаста

Қазақ елі мемлекет болып қалыптасқаннан соң да басынан қаншама нәубет өткізді. ХХ ғасырдағы ұлт азаттық көтерііліс, ашаршылық кезінде қаншама адамдар қаза тапты. Репрессия кезінде қазақ ұлтының қаймағы саналатын зиялы қауымдарымыз итжеккенге айдалды, атылды. Тіпті КСРО большевиктердің қатарында болғандарды да аямады. ХХ ғасыр басындағы осындай қиыншылықтардың басы-қасында жүрген, солай бола тұра қазақ әдебиетінің өркендеуіне бір адамдай атсалысқан атақты, "Тар жол тайғақ кешу" прозалық кітабының, тұңғыш "Өткен күндер" өлеңдер жинағынан бастап бірнеше, өлең, поэма, пьесалардың авторы, ақын-жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы Сәкен Сейфуллин еді. 

Жазушылар арасында алғаш болып "Еңбек Қызыл тумен" марапатталған да Сәкен Сейфуллин болатын. Достары Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровпен бірге 1937 жылы "ұлтшыл буржуа" деген айыппен ұсталып, 1938 жылы 28 ақпанда атылды. 1953 жылы Сталин қайтыс болғанға дейін оның шығармаларын жариялауға тиым салды. Тек Сталин қайтыс болғасын ғана ақталды. 

Енді міне еліміз тәуелсіздік алып ұрпақтарымыз санасында тарих толқынындағы ер есімдерін қайта жаңғыртуды қолға алдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында: "Ұлы дала Əл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Əз-Тəуке мен Абылай, Кенесары мен Абай жəне басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге əкелді. Сондықтан, біз мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі əдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы жəне бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар жəне ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет", – деп баса айтқан болатын. 

Биыл міне, сондай тұлғаларымыздың бірі Сәкен сейфуллинің 125 жылдық мерейтойы. Аталған мерейтойға байланысты 14 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин мұражайында С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің фарфордан құйылған мүсіндері қойылып, "Үш арыс" бұрышының салтанатты ашылуы өтті. 


Аталған іс-шара Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, осы мұражайдың директоры Несіпбек Айтұлының бастамасымен өтіп отыр. Жиынға елімізге белгілі адамдар: Филология ғылымдарының докторы, профессор, Серік Негимов ақын, жазушы, жыршы-жырау, мәдениет қайраткері Баянғали Әлімжанов, қоғам және мемлекет қайраткері - Оралбай Әбдікәрімов, сәкентанушы ғалым - Амантай Кәкен, филология ғылымының докторы, Күләш Ахмет, Сәкеннің музыкалық мұрасын зерттеуші – Серік Оспанов бастаған белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар, ақынның туыстары және жастар қатысты. 


Іс шара барысында арнайы келген ғалым, ақын-жазушылар баяндама жасады. Сахналанған қойылым қойылды. Әбділда Тәжібаевтің "Сәкеннің монологі" өлеңін Біржан Жүнісов оқыса, "Жамалдың әнін" ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева орындады. 

Мұражайдың Сырсандық сериясымен биыл "Үш бәйтерек" атты 5 томдық жинақтың тұсаукесері өтті. Іс-шара соңы "Сәкен мұрасы - халық қазынасы" атты ғылыми-практикалық конференцияға жалғасты. 

Айта, кету керек биыл Жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтың да 125 жылдық мерейтойы. Осыған орай Талдықорған қаласында жыр құлагері, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына арналған "Жансүгіров тағылымы" атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өткенін жазған едік.