"100 жаңа есім" жобасына кімдер қатыса алады?

"100 жаңа есім" жобасына кімдер қатыса алады?
Фото: 100janaesim.ruh.kz

1 қазаннан бастап 100janaesim.ruh.kz сайтында "Қазақстанның 2019 жылғы 100 жаңа есімі: жас қазақстандықтардың табыс тарихы" жобасына өтінімдер қабылдау басталды. Жоба биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған кімдер қатыса алады? Талаптары қандай?

Жобаға 39 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады. Ғылым, қоғам, медицина, бизнес, мәдениет және спорт саласындағы нақты жетістікке жеткендердің өтінімдері қаралады. Өтінім жіберу үшін 100janaesim.ruh.kz сайтындағы сауалнаманы толтыру қажет. Қатысушы сенімді әрі нақты ақпарат беруі тиіс. Барлық өтінім модерациядан өтіп, кейін сайтта жарияланып, желіде дауыс беруге рұқсат алады.

Сонымен қатар, белгілі қоғам, мәдениет қайраткерлері, спорт және бизнес өкілдерінен тұратын қазылар алқасының қарауына ұсынылады.

Кез келген адам жобаға өзін ұсына алады. Бұған дейін үміткерді екінші адам ұсынуы тиіс болған. Биыл бұл шарт алып тасталды. Сондай-ақ, жаңа есімдерді іздеуге алдыңғы маусым жеңімпаздары атсалысады. Бұл бастаманы жеңімпаздардың өздері көтеріп, Бюро100 қозғалысын құрған.

Өтінімдер 1 қазаннан 20 қазанға дейін қабылданады. Жобаның ресми сайтында үміткерге дауыс беру үшін онлайн тіркеліп, электронды пошта көрсетілуі керек. Жоба нәтижелері биыл желтоқсан айында Н.Назарбаевтың қатысуымен өтетін таныстырылымда жарияланады.

Massaget