«Туған жер» деген кезде әрбір азаматтың, әрбір адамның жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Себебі адам өзінің туған жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі. Туған жерге деген сезім мен махаббатың өлшемі шектеулі болмайды. Ол шексіз. Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіріп, қандарына дарыту үшін, сөздің ұғымын кең мағынасында түсіну үшін, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішіне «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Ал бағдарламаның мәні неде?
Ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл бағдарламаның мәні деп үш ерекшелікті атап көрсетеді.
«Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді».
Иә, бірінші мәселе бойынша көптеген қалаларда тазарту жұмыстары мен қаланы таза ұстау акциялары жалғасын тауып кетті. Мәселен Алматы қаласы бұрыннан «Біз таза қала үшін» ұранына ту етіп келсе, еліміздегі ең таза қалалардың көшін Орал сынды қалалар бастап тұр. Бұл бағдарламаның тек қана айтылып емес, жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
«Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек».
Шет елде тарыдай шашырап жүрген қазақ азаматтарының басын бір Отанға жинау, олардың келуін қамтамасыз ету жұмыстары да басталып кетті. Көші қон жұмыстары оң шешімін беріп, елге оралып жатқан қандастарымыздың саны жыл сайын артпаса, азайған емес. Қазірдің өзінде шетте жүрсе де, ел үшін қам жеп, қазақтың атын шығарып, туын желбіретіп жүргендері қаншама?!
«Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс».
«Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет.
Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек».
«Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады».
Батырлар мен ақындар бірі найзамен, бірі жырмен қорғап қалған ұлан байтақ даланың қазіргі иесі ретінде, әрбір Қазақстан азаматы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқару керек. «Туға жер» бағдарламасының жаппай халық арасында үлкен күшке ие болуы, жастардың бойына патриоттық тәрбие ұялату үлкен міндет. Берілген тапсырманың үдесінен шығу ғана емес, оны бүгінгі күнмен өлшемей, ертеңгі ұрпаққа жету үшін еңбек ету – басты парыз.