Кез келген тұлғаның өзіне тән жиі қолданатын сөздер тобы, тілдік арсеналы болады. Сол тәрізді Елбасының да өзіне тән сөздік қоры мен тілдік құрылымы бар. Оның үстіне, еліміздің саяси лексиканың тууына себеп болып отырған да Елбасының тілінде жиі қолданылатын сөздер десек болады.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы сөздердің жиі қолданылу ерекшелігін қарастырып көрейік. Мақалада барлығы 3875 сөз қолданылған. Жиі қолданылатын сөздердің қатарына, ұлт, тарих, халық, сана, жаңғыру, тіл, жер, ғасыр сынды тілдік бірліктер жатады.
«Ұлт» сөзі мақалада 59 рет, «біз» сөзі 45 рет, «жер» сөзі 41 рет, «тарих» сөзі 37 рет, «жаңғыру» сөзі 34 рет, «мәдениет» сөзі 31 рет, «тіл» сөзі 28 рет, «Қазақстан» сөзі 27 рет, «ғасыр» сөзі 26 рет, «білім» сөзі 24 рет, «сана» сөзі 21 рет, «халық» сөзі 21 рет, «жұмыс» сөзі 20 рет, «рухани» сөзі 13 рет, «болашақ» сөзі 11 рет, «мен» сөзі 10 рет қолданылған екен.
Елбасы мақаласында «мен» есімдігіне қарағанда ортақтықты, бірлікті білдіретін «біз» есімдігінің жиі қолданылуы халықты тұтастыққа шақырудың айнамас тәсілін пайдалануды білдіреді. Мақалада «біз» есімдігінен өзге «бұл» есімдігі де жиі қолданылып, 40 рет пайдаланылған. «Ол», «сол» сілтеу есімдіктері де жиі қолданылған. Яғни, сілтеу есімдігі жұртшылықтың назарын айтып отырған ойға бұрудың тиімді тәсілі саналады. Саяси мәтіндерде есімдіктердің жиі қолданылуының басты себебі осында. Саяси басшысының «мен» есімдігін қолдануы өз кезегінде, демонстрация құралы саналады.
Мақалада жиі қолданылған сөздердің қатарында «жұмыс» сөзінен өзге сөздердің барлығы ұлттық-патриоттық сипатты білдіретін сөздердің қатарына енеді.