Елбасы рухани жаңғыру бағдарламасында: Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана, деген еді. Міне, бір жылдың жүзі болды еліміздің түрлі бұрышында Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша түрлі игі істер атқарылып жатыр.Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасында айтылған жарқын істер Қобда ауданында өткен Құт қонған Қобда атты ауқымды аудан күні аясында көрініс тапты. Игі шараға сол ауданға еңбегі сіңген құрметті азаматтар, зиялы қауым өкілдері және белгілі кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары қатысты.320 оқушысы Қобда мектеп-гимназиясы үш қабатты зәулім ғимарат барлық жаңа заман талаптарына сай салынған. Өткен оқу жылында мектепті бітірген 8 түлектің алтауы мемлекеттік грантқа ие болған. Сол мектепте салтанатты шараның ашылу рәсімі өтіп, шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев құттықтау сөз сөйлеп: Елбасының Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы аясында елімізде көптеген игі іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның айғағы ретінде бүгінгі Қобда ауданының күндерін атап өтуге болады. Бұл шараның келешек ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор. Бүгін Қобда орыс мектебіне Қобыланды батырдың есімі беріліп жатыр. Бұл мектеп маған да ерекше ыстық. Өйткені, 1974 жылы осы мектеп қабырғасында білім алдым. Бүгін осы жерде сабақ берген бірқатар мұғалімдерім отыр. Осы ұстаздардың арқасында біліммен сусындап, адам болдым. Қобда батырлар елі. Бұл жерден талай ғалымдар мен белгілі тұлғалар шыққан. Келешек ұрпаққа айтарым, осы батырларымызды қастерлеп, дәріптеп жүріңіздер. Бүгінгі шараға шақырған аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбетке ризашылығымды білдіремін, деп ыстық ықыласын білдірді. Ал игі іске қатысты аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет: Өткенді ұлықтау, батыр тұлғаларымызды мәңгі есте сақтау мақсатында көптеген игі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қазақтың бас батыры Қобыланды батыр мен Исатай Тайманұлы қазақ тарихында өшпестей із қалдырды. Өткен жылы күре жолдың бойына батырлардың еңселі ескеркіштері орнатылған болатын. Бүгінгі аудан күндері аясында қос батырдың бюсті тұрғызылып отыр. Қобда батырлар мекені болғандықтан, бабаларымызды жастарға үлгі ретінде көрсетіп, ұлықтап жүруіміз керек, деді. Мерекелік шаралар аясында жаңа ғимараттар ашылып, аудандағы қос мектепке Қобыланды батыр мен Исатай Тайманұлының есімі берілді. Сондай-ақ батырлардың ескерткіш-бюсті орнатылды. Ауылшаруашылық қызметкерлері күніне арналған мерекелік бағдарлама, спорттық жарыстар мен аламан бәйге, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін Ұлы дала дарабоздары атты этнофестиваль ұйымдастырылды.Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жиналғандар Қобда гиназиясының ішіндегі музеймен танысты. Мұнда XVII ғасырға жататын батырлардың сауыттары, қылыш, найза секілді қару-жарақтары мен тұрмыстық заттары, т.б жәдігерлер жинақталған.