- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Рухани жаңғыру аясында...
Рухани жаңғыру аясында өткен "Тұлпар мініп, ту алған" байқауы мәресіне жетті
Қалалық Ішкі саясат басқармасының бастамасымен және "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылдың мамыр айында жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың 6-10 сынып оқушылары арасында тұңғыш рет кең көлемдегі "Тұлпар мініп, ту алған" байқауы басталған еді. Мыңнан астам оқушы өз бақтарын сынап көрген аталған байқаубүгін өз мәресіне жетті.
Игі шараға Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев келіп, жеңімпаздарды, мұғалімдер мен ата-аналарды, сондай-ақ барлық қатысушыларын құттықтады.
– Біз "Тұлпар мініп ту алған" жобасы қазақ жастарының рухын көтеретініне сенімдіміз. Байқау жас ұрпаққа қазақ халқының рухани мұрасына деген сүйіспеншілік, отансүйгіштік, батырлық пен батылдықты тәрбиелеуге бағыттау үшін жасалып отыр. Жоба басталғалы бері оқушыларымыз қаншма кезеңдерден өтті. Бұл жоба қазақтың талай баласының рухын көтеріп, ұлттық сезімін арттыра түскеніне сенімдіміз. Тек қазақ халқына ғана емес, барша түркі халықтарына ортақ "Алпамыс жырын" жаттатқызу арқылы біз жастарымыздың рухын шыңдадық және болашақта Елбасымыз айтқандай, бәсекеге қабілетті етуге бір қадам болса да алға жол аштық деп білемін . Байқауға қатысқан 1300 оқушыға алғыс білдіре отырып, қала әкімі атынан баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын, – деді Арман Қырықбаев.
Ел ішінде ерекше қолдауға ие болған жобаға Алматының 1300-ден астам оқушысы қатысты. Әкімдік бекітіп берген ереже мен медиажоспар бойынша, 10-19 қыркүйек аралығында өткен аудандық кезеңде әр ауданнан 3 жеңімпаз анықталып, 8 ауданнан жалпы 24 бала қалалық қорытынды кезеңге жолдама алды. Бұл жобанының ерекшелігі – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып миллионды қанжығасына байлаған жеңімпаз оқушының баптаған ұстазын Англияның Оксфорд қаласында үш ай тіл білімін жетілдіру орталығынан ағылшын тілін терең меңгеріп қайтаруға жіберіледі.
Ұлттық жобаны қолдап, ерте көктемнен бастап жыр жаттап жүзден жүйрік атанып келген талапты оқушылардың өнеріне академик Өмірзақ Айтбаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, профессор, әдебиет ші-ғалымдар Тынысбек Қоңыратбаев, Темірхан Тебегенов, Серік Қорабайұлы, "Алматы ақшамы газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай төрелік жасады.
Байқаудың үш жеңімпазы да Алматы қаласының бір ғана ауданынан – Алатау ауданынан шықты. Енді бір ауданнан үш бірдей ұстаз Оксфордтқа аттанады.
Жеңімпаз оқушылар мен ұстаздар: 1-орын Аружан Әбсаттар (тәлімгері Майра Айыпханқызы), 2-орын Бекзат Шардарбек (Фарида Сүлейменова), 3-орын Абылай Бердашев (Айжан Оспанбекова) биылғы байқаудың ең үздіктері болды. Ал ынталандыру сыйлығының иегерлері болып Шыңғысхан Армия, Мәншүк Арыстанбек, Санат Ғизатұлы танылды.
"Тұлпар мініп, ту алған" ұлттық байқауының марапаттау рәсіміне арнайы келген Алашұлы тобы, Сая Махамбет, Ерлан Рысқали, Өмірқұл Айниязов сынды өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.
Жоба жетекшісі, ақын Серік Сейтманның айтуынша, "Тұлпар мініп, ту алған" байқауы оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясы на, асыл мұраға деген сүйіспеншілік ке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеруді мақсат тұтады.
Байқау жеңімпазы Аружан: "Біз бұл байқауға 4 ай бойы дайындалдық. Сабақтан соң және мереке кезінде дайындалу қиындықтарын есепке алмағанның өзінде 110 беттік жырды жаттау оңайға соқпады. Бірақ еңбегіміз ақталды. Жеңімпаз атанудың сыры қазақ әдебиеті, әлем әдебиетіне деген шексіз сүйіспеншілігім. Және ақын атамнан мұра боп қалған талантымның арқасы деп білемін. Болашақта тележүргізуші боламын деген арманым бар", – деді.
Аружанның Жетекшісі Майра ұстаздың айтуынша, мұндай есте сақтау қабілеті бар оқушы аз. Аружан тіпті Абайдың 300 өлеңін жатқа айтумен де мақтана алады. "Біз 15 оқушыны дайындадық. Тек соның ішінен Аружан ғана үздік шықты. Мен Аружандай таланттыны көрмедім", – деп өз ойымен бөлісті.
Алғаш рет өткізілген байқау осылай салтанатты түрде өз мәресіне жетті. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараның қазақтың ұлттық кодын сақтап қалуда маңыздылығы орасан зор. Ендеше алдағы уақытта бұл игі шара жалғасын табады деген ойдамыз.
Т. Раушанұлы