- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Республикада өсірілген қауын-қарбыздың...
Республикада өсірілген қауын-қарбыздың 65 пайызы Түркістан облысына тиесілі
Елбасы жолдауында: "5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығыөнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын", – деген еді. Осыған орай Мақтаарал ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен оларды экспорттау жылдан жылға өсіп келеді. Жыл сайын мақта өндіруден бөлек қауын-қарбыз өсіру де артып келеді. Республикада өсірілген қауын-қарбыздың 65 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Мақтаға қарағанда бақша өнімдерінен түскен табыс 5 есеге көп. Облыста өндірілген бақшаның 44 пайызы Мақтаарал мен Жетісай аудандарынының үлесінде.
Биыл түркістандық шаруалар жалпы 61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз еккен. Оның ішінде бақша дақылдарын жинаудан жыл сайын рекордтық көрсеткішке қол жеткізетін Мақтаарал және Жетісай аудандарында 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз егілген. Түркістан облысының диқандары осы жылдың 7 айында Ресей, Беларусь Республикасы, Латвия, Германия сынды елдерге 80 мың тоннадан астам қауын бен қарбыз экспорттады. Соның ішінде Ресей мемлекетінің нарығына 60 мың тоннадан астам бақша дақылы шығарылған.
Биыл Мырзашөл өңірінде алғаш рет "Қауын fest" облыстық фестивалі өтті. Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында тұңғыш рет өткізіліп отырға фестивальге облысымыздың аудандары мен қалаларынан және еліміздің өзге өңірлерінен де қонақтар келіп қатысқан.
Облыс диқандары өткен жылы 1250 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, биыл 1330 мың тонна өнім жиналған. Ол өткен жылмен салыстырғанда 80 мың тоннаға артқан. Оның 771, 4 мың тоннасы қауын болса, 558,6 мың тоннасы - қарбыз. Гектар түсімі 220 центнерді құраған.
Т. Раушанұлы