Қазақстан Республикасының Президенті бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам ұсынды. Оның 23-қадамында инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру көзделді. Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқаны ұйымдастыру керектігі айтылды. Инвестиция шаруашылықты дамыту үшін өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына және өндірістің басқа түріне мүліктей не ақшалай қаражат салу. Яғни, сол арқылы салған капиталыңыз шаруашылықтың дамуына кетіп, одан кейін пайыз түрінде немесе басқа да жолмен табыс табуға болады. Алайда табысқа жету үшін уақыт пен тәуекелділік керек. Сонымен қатар, инвестиция елдің экономикалық өсуіне, дамуына көмектеседі. Инвестицияның түрі көп. Бастысы, инвестицияның дамуымен бірге елдің жағдайы жақсаратынын, шаруашылық дамып, халықты жұмыспен қамтамасыз ету қолға алынатынын ескеру керек. Инвестор деп инвестицияларды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаны айтамыз.Инвестициялық дау дегеніміз инвесторлар (соның ішінде ірі инвесторлар) мен мемлекеттік органдар арасындағы инвестициялық қызметке байланысты шарттық міндеттемелерден туындайтын келіспеушілік.Ірі инвесторлардеп Қазақстан Республикасында айлық есептік көрсеткіштің кемінде екі миллион еселенген мөлшерінде инвестицияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаны айтады. Яғни, ірі инвестор болу үшін инвестиция көлемі шамамаен 4 миллиардтан астам болуы керек.Сол орайда, Елбасы инвестицияның пайдасын ескере отырып, оған 100 нақты қадамда және оның жалғасы болып табылатын Жолдауда терең тоқталып өтті. Елбасы Нұр Отан партиясының XVI съезінде былай деді: Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажет. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Жоғарғы сот Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сингапурға барып, инвестициялық дауларды шешудің шетелдік тәжірибесін зерттеп келген болатын. 2018 жылдың шілде айында өткізілген Жоғары Соттың 1 жартыжылдық қорытынды жиналысында мамандандырылған сот алқасының төрағасы А.Қыдырбаева былай деді: Есепті кезеңде келіп түскен және қаралған инвестициялық даулардың саны 2 есеге артқан, бұл инвестициялық қоғамдастықтың сотқа деген сенімі туралы куәландырады.Олардың көбісі, мемлекеттік кірістер және экология органдарының әрекеттеріне шағым жасау туралы істер болып келеді. Елбасы ұсынған 100 қадам бойынша, 2016 жылы Азаматтық процестік кодекстегі инвестициялық дауларға қатысты өзгерістер енгізілді. Яғни, инвестордың мәртебесіне қарай іс Астана қаласының сотында немесе Жоғарғы Сотта бірінші тараптағы сот ережелері бойынша қаралатын болды. Ол қабылданғанға дейін басқа істер секілді инвестициялық даулар аудандық соттарда қаралып, бұрынғы бес сатылы сот жүйесінен өту керек болатын. Ал ол өз кезегінде инвесторлардың уақытын алатын. Алайда, 100 нақты қадамда сот жүйесіне үлкен мән берілді. Жоғарғы Сот жанынан инвестициялық даулар бойынша сот алқасы құрылды. Оның құрамына мамандырылған 7 судья кіреді. Сонымен, қазіргі кезде ірі инвесторлардың ісін Жоғарғы сотта, ал басқа инвесторлардың ісі Астана қаласындағы сотта қаралады. Инвесторлар заңы түсінікті және оның күші бар елдерде ғана жұмыс істеуді жөн көреді. Бизнес өзінің құқықтарын сот арқылы қорғай алатындығына сенімді болмаса, ары қарай дамып кете алмайды. Сондықтан, инвестициялық дауларды бөлек қарау арқылы мемлекет олардың уақытын үнемдеуге, іс барысындағы қағазбастылықтан арылтуға және сот отырысының әділ өтетіндігіне кепілдік бере алады.