- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Прокурорлардың азаматтық даулы...
Прокурорлардың азаматтық даулы істерге қатысуы қысқартылды
Елбасы ұсынған 100 нақты қадамның 26-қадамында сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жылдамдату үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту керектігі айтылды. Соған байланысты Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс.
Ірі қалаларда бір прокурорға 5 судья келсе, шағын қалаларда 3-4 судьядан келіп жатады. Сосын прокурор сол судьялардың арасында жүгіріп, іске байланысты ақпаратты толық зерттеуге, мәнді түсінуге және сот отырысына қатысуға үлгермей қалады. Мұндай уақыттың жетіспеушілігі жұмыстың сапасына өз әсерін тигізбей қоймайды. Сол себепті олар сынға да ұшырайды. Осыған байланысты 26-қадамда прокурорлардың соттарға қатысуын қысқарту қолға алынды.
Бұрын прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы бұл заңда көзделген, прокурордың осы іске қатысуы қажеттілігін сот таныған жағдайларда, сондай-ақ прокурордың бастамасы бойынша қозғалған, мемлекеттің мүдделерін қозғайтын, жұмысқа қайтадан алу, жалақыны өндіріп алу, азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша міндетті болатын.
Солардың ішінен мына санаттарды алып тастады:
1. Бұл заңда көзделген жағдайда. Азаматтық іс жүргізу кодексінің нақты дауларды қарау тәртібіндегі жеке баптарда олар бойынша прокурордың міндетті түрде қатысу керектігі айтылып кеткен. Сондықтан, оны екінші рет жазудың қажеті жоқ.
2. Жұмысқа қайтадан алу. Бұл талап бұрынғы жағдаймен қойылған. Себебі қазір барлық азаматтар бірдей мемлекетке жұмыс істемейді. Қазір жекеменшік қызметтерде жұмыс істеп жүрген азаматтар саны көп. Сондықтан, жеке тұлғалардың дауына прокурордың қатысуы міндетті болмауы керек.
3. Жалақыны өндіріп алу. Халықтық құқықтық сауаттылық жағдайы жылдан-жылға өсіп келеді. Яғни, кез келген азамат талап ету арқылы өз құқықтарын қорғай алады. Қолыңызда кәсіпорынның нақты берешегі туралы құжат болса, оны сот бұйрығын шығару туралы өтініш беру жолымен қайтарып алу оңайға түседі. Егер ондай құжат болмаса, іс қиындай түседі. Себебі, оны дәлелдеу керек болады.
4. Азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару. Бұл да бұрынғы жағдайға келтіріліп жасалған талап. Себебі, бұрын үйді мемлекеттің ықпалымен ғана ала алатын болды. Ал қазір барлығы жекеменшікке айналуда, тұрғын үйді кез келген адам еркін сатып ала алады. Яғни, азаматтар мемлекеттің қатысуынсыз шартқа отырады. Сондықтан, олардың арасындағы дауларға прокурордың қатысуы міндетті емес.
5. Өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу. Зиянды өтеу туралы дауларға бірден судья, прокурор және басқа да мемлекеттік қызметкерлердің қатысуы орынсыз. Сонымен қатар, ол істердің барлығына бірдей прокурор жетіспейді және олардың жұмысының сапасына әсер ететіні анық.
Сонымен осының барлығын талқылай келе, түзету енгізілген Азаматтық іс жүргізу кодексінің 54-бабы бойынша, прокурорлар мемлекет мүдделерін қозғайтын істер бойынша, қоғамдық мүдделерді немесе өздерін өз бетінше қорғай алмайтын азаматтарды қорғау талап етілгенде, сондай-ақ прокурордың қатысу қажеттігін сот танығанда азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуға міндетті болып табылады.
Прокурорлардың азаматтық істерге қатысуын қысқарту арқылы сот процесін жылдамдатуға, оңайлатуға және прокурор қатысатын істердің сапалы әрі әділ өтуіне мүмкіндік туады.
А. Жапатова