Президент қанатын қатайтқандар

Президент қанатын қатайтқандар
Фото: photos.wikimapia.org

1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президентi күнi мерекесiнiң қарсаңында билiктегi, саясаттағы Президенттiң тәрбиелеп шығарған кадрлары туралы жазу жайлы ой келгенi. Бүгiнгi билiкте жүргендер түгелдей сол кiсiнiң қолдауымен биiкке қолы жеткен жандар болған соң, олардың бәрi жайлы бiр мақалада жазу мүмкiн болмаған соң, бiз әзiрге екi-үш азамат жайлы айтқанды жөн көрдiк.

Принципшiл премьер

Президент командасы жайлы айтыла қалса ең алдымен ауызға түсетiнi, әрине, Иманғали Тасмағамбетов. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйiнерге жарар ол» деп данышпан Абай атамыз айтқандай, Имекең шынында да қалай мақтауға да, мақтануға да тұратын жан. Президенттiң ең сенiмдi серiгi. Соғыс ардагерлерi «Сталиннiң Жуковы болған» деген сөздi жақсы көредi. Бiз «Назарбаевтың Тасмағамбетовы бар» десек артық кетпеспiз. Қандай қиынға салса да ол Елбасының сенiмiнен шықты, елдiң үмiтiн ақтады. Төрт жыл республика жастарына жетекшiлiк жасаған оны екi жыл көмекшiсi етiп үйретiп, баптап шығарған Президент сенiмдi кадрын Премьер-министрдiң орынбасары орынтағына апарып бiр-ақ отырғызды. Басқа бiр жас жiгiт болса ат үстiнен ауып қалар ма едi, Имекең өмiр бойы осы қызметте iстеп келе жатқандай үйiрiп әкеттi.

Осы кезде ұлы Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО шешiмiмен бүкiл әлемде атап өтiлдi. Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық, Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсiрепов пен Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойлары тойланды. «Өтпелi кезең» халыққа өте ауыр соққанмен, аңсаған азаттыққа қолы жеткен, «малымды алсаң ал, пейiлiмдi алма!» дейтiн қазақ үшiн сол уақыттағы қаптаған көп той халықты бiр тудың астына бiрiгудiң, қиындыққа қарсы тұра бiлудiң құралына айналды.

1999 жылы Иманғали Тасмағамбетов Атырауға әкiм болып тағайындалды. Мұнайдың бағасы рекордтық ең төмен көрсеткiшке — 1 баррелi 9 долларға дейiн құлдыраған кезең едi ол. Бiр жарым-ақ жылдың iшiнде ми-батпақ қала «конфетке» айналды.

Президент 2002 жылы оны Премьер-министр етiп тағайындады. Тасмағамбетов Үкiмет басқарып тұрған жылдар қазақстандықтардың әлеуетi көтерiле түскен жылдар болды. Иманғали Нұрғалиұлы кейiнiрек бiр жыл ҚР Мемлекеттiк хатшысы, бiр жыл Президент Әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi болып iстедi. Содан соң ол кезектi «жанып тұрған жерге» — басынан астаналық дәуренi кетiп, көшкен елдiң жұртында қалғандай шаруашылығы шайқала бастаған Алматыға әкiм болып аттанды.

Алматыда 3,5 жылда орасан зор жұмыстар атқарылды, үлкен көшелер тақтайдай тегiс болып асфальтталды, 8 бiрдей жолайрығы пайда болды, қала таза, сұлу қалпына қайта оралды, арықтармен қайтадан су ақты, ең ақыры қазаққа пайдасынан зияны көп «Азия даусы» ән фестивалi жабылды...

2008 жылы Астанаға әкiм болып қайта оралған Имекең мемлекеттiк мекемелердегi iс қағаздарын қазақ тiлiне көшiрдi, тұрғын үй құрылысындағы үлескерлер мәселесi шешiлдi.

Алты жыл абыройлы қызметiнен кейiн Президент оны Қорғаныс министрi етiп тағайындады. Сол күннiң ертесiне «Қазақ үнi» газетiнiң бiрiншi бетiне тұтас су жаңа министрдiң суретi салынып, оның астына ақын Қазбек Исаның бiр-ақ ауыз сөзi жазылды: «Ендi тыныш ұйықтап, алаңсыз оянатын болдым!» Шынында да, тәртiп пен тазалықтың үлгiсi болуға тиiс аса маңызды министрлiктiң жаман аты қайта-қайта шыға бастаған болатын, ол жерге де темiрдей тәртiп орнату қажеттiгi туып едi.

Биылғы қыркүйек айында бiлiм, мәдениет саласына жетекшiлiк жасау үшiн Премьер-министрдiң орынбасары қызметiне қайта оралған Иманғали Тасмағамбетовтiң елiне бергенiнен әлi де берерi көп екенi сөзсiз.

Асықпай жүрiп анық басқан

Әрбiр ауыл-аймақта, өлке-өңiрде ойлағаны тек iстiң қамы болатын азаматтар аз кездеспейдi. Олар тау суындай асып-тасымайды, Сырдариядай байыппен ағады, бiрақ елге берер пайдасы одан көбеймесе азаймайды. Қызметте де шапшаң көтерiлiп те, күрт төмендеп те жатпайды. Олар қолынан келмейтiнге ұмтылып, артық уәденi үйiп-төгiп, кейiн өзiн де, өзгенi де жерге қаратпайды, есесiне мойнына алған мiндетiн асқан жауапкершiлiкпен орындап отырады. Солардың санатынан саналатын, Президенттiң сенiмдi серiктерiнiң бiрi, жұмыс жолын 1974 жылы Алматы облысы Күртi ауданындағы Т.Бокин атындағы кеңшарда бригадирлiктен бастаған Серiк Үмбетов 11 жылда сол аудандағы «Желтораңғы» кеңшарының директорына, тағы 7 жылда сол ауданның әкiмiне дейiн көтерiледi. Бұдан соң 5 жыл сол облыста облыс әкiмiнiң орынбасары болса, 1999 жылдан 2004 жылға дейiн тағы 5 жыл Жамбыл облысының  әкiмi, тура 1 жыл Ауыл шаруашылығы министрi, 2005—2011 жылдар арасында Алматы облысының әкiмi, 1 жыл ҚР Президентiнiң Iс басқарушысы болады, 2012 жылдан берi Мәжiлiс депутаты. 

Осы аралықта Серiк Үмбетовтiң дау-дамайларда аты шыққан емес. Және қай жерге барса да еңбегi жемiсiн бермей қалған жоқ. Әйтпесе, Тараз секiлдi тым үлкен саналмайтын бiр ғана шаһары мен Жаңатастай кеңестiк бiржақты экономикалық саясаттың құрбаны болған моноқаласы, есесiне алып құмды-шөлдi аймағы бар Жамбыл облысын, бұрынғы екi облыстың басын бiрiктiрiп отырған Алматы облысын басқару айтуға ғана оңай.

Бiрақ бiз бұл жерде Серiк Үмбетовтiң өзгеше бiр қыры жайлы сөз қозғамақпыз. 2003 жылы мамыр айында Жамбыл облысының Құлан ауданында жер сiлкiнгенi белгiлi. Шығыс жақтағы тау сiлемiнiң Қырғызстанға қараған бөлiгiнде су қоймасы бар, оның суының басым бөлiгiн қазақ жағы пайдаланады. Сол маңайдағы қырғыз жағына қарайтын тауда Қарабура шыңы да бар екен. Сөз арасында әкiм Қарабура деген әулиенiң сүйегi Созақ жерiнде жатқандығы жайлы естiп қалады. Шымкенттегi әрiптестерiне хабарласқанда олар: «Бiзде әулиенiң басына кесене тұрғызған Құрал Ержанов есiмдi  кәсiпкер бар, сол кiсi Қарабура жайлы барлық мәлiметтi айтып бередi» деген соң кәсiпкерге телефон шалады. Сөйлесе келе жақын арада тiкұшақпен Сарысу ауданын аралауға баратынын, сол кезде Созаққа да соғатынын айтып, екеуi сол жерде кездесетiн болып келiседi. Уәделi күнi Созаққа келген Серiк Үмбетовке Құрал марқұм әулие жайлы әңгiмелеп бередi, кесенеде оның өзiмен бiрге қазақтың әйгiлi Хақ-Назар ханы бастаған қазақтың, өзбектiң, ұйғырдың 7 белгiлi тұлғасы жерленгенiн айтады. Әкiм кесене айналасына Мединеден адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбардың қабiрiнен бастап, бiрталай игi жақсының топырағы әкелiп қойылғанын, бұл жер халықтың өзiнiң қалауымен пантеонға айнала бастағанын көрiп, риза болады. Кейiнiрек өзi бастамашылық жасап, атақты Қарасай батыр мен өзге де аяулы жандардың топырағын әкелiп қояды...

Қазақ «өлi разы болмай, тiрi байымайды» дейдi. Әруақты сыйлап өскен халықпыз. Серiк Үмбетовтiң осы бiр кiшкентай игi iсi жастарға, ел басқарып жүрген әрiптестерiне үлгi болса, құба-құп.

Айтпақшы, Серiк Үмбетовтiң Ауыл шаруашылығы министрi болып тұрған кезде  күнгейге тиген көп шапағатының бiрi Шымкенттегi айрықша сұлу «Асар» шағын ауданына тиесiлi жер телiмiн бөлгiзуге ықпал еткенiн айтпай кеткенiмiз жарамас.

Барған жерi береке

Бердiбек Сапарбаев өзiнiң еңбек жолын 1977 жылы ҚазақКСР Қаржы министрлiгiнiң Мәдениеттi және денсаулық сақтауды қаржыландыру басқармасында қарапайым экономист болып бастап, 1986 жылы бөлiм бастығының орынбасарына көтерiлсе, 1988 жылы  Қазақ КСР Халыққа бiлiм беру министрлiгi жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы болып тағайындалады. Оның 1984 жылдан берi Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң Төрағасы болып iстеп келе жатқан Н.Назарбаевпен қызмет бабында танысып, араласуы  осы кезден басталса керек. 1990 жылы ҚР Бiлiм министрiнiң орынбасарына жоғарылаған Бекең 1994 жылы Үкiмет үйiне ауысады — ҚР Президентi және ҚР Министрлер Кабинетi аппаратының қаржы, еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары, ҚР Министрлер Кабинетiнiң Iс басқармасы қаржы, еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары, бөлiм меңгерушiсi, 1995 жылдың наурыз айынан ҚР Министрлер Кабинетi аппаратының жетекшiсi болып қызмет атқарады. 1995 жылдың қыркүйек айында Б.Сапарбаевтың саясаттағы ұзақ сапары басталады – Президент Н.Назарбаев оны Қызылорда облысының әкiмi етiп тағайындайды. Сенiмiн ақтаған серiгiн Президент 1999 жылы дағдарысқа тап болған, елiмiздегi халқы ең көп Оңтүстiк Қазақстан облысына басшы етiп жiбередi.

Қазақтың туабiттi табиғи қалпын бойында мейлiнше мол сақтап қалғандықтан дарыны, қабiлетi, еңбекқорлығы, бейiмделгiштiгi, икемдiлiгi, төзiмдiлiгi, алғырлығы жағынан алдына жан салмайтын, сол себептi өмiрдiң қай саласында болсын бiрiншi орыннан басқаны мiсе тұтпайтын күнгейдiң елi жекешелендiруде де оза шауып, соның салдарынан отынға, жылуға, жарыққа жарымай отырған кез едi ол. «Шаншар» театрының әртiстерi «қараңғыда байқамай басып кетпеңiздер, алдарыңызда Шымкент шаһары!» деп шымшылайтын. Көп қабатты үйлердiң халқы жаппай жерге түсiп, аулаға ошақ құрып, тамағын соған iстеп iшiп жүрген кез. Орысы да қазаққа айналып кеткен, даласындай кең шыдамды шымкенттiктер соның бәрiне төзiп келе жатқан. Бiрақ «төзiмдiлiк деген жақсы қасиет, бiрақ, шексiз төзе беруге ғұмыр қысқа» деп ұлы Мұхаң Әуезов айтқандай, халықты бұлайша қинай беруге болмайтынын Бекең сездi де, стратегиялық нысандарды мемлекет меншiгiне қайтаруға тырысты. Қайтарды да! Бiрақ бұл айтуға ғана оңай едi. …«Қазақстан-ШТВ» телеарнасының директоры Байдулла Қонысбековтiң «Бетпе-бет» тiкелей хабарында iстiң барысы жайлы қойған сұрағына әкiм:

— Бiз бұл жерде облыстық соттың шешiмiмен әлгi аталған нысандарды мемлекет меншiгiне қайтарып аламыз, ал, бiздiң ауылдың жiгiттерi Астанаға барады да, не апаратындарын қайдам, Жоғарғы соттан бұздырып келедi. Содан кейiн бәрiн қайтадан бастаймыз, — деп жауап берiп едi. Бұлай сөйлеу үшiн қандай батылдық керек болды десеңiзшi!

Күнгейден кейiн Б.Сапарбаевты сол кезде «бетiмен кеткен» кеден саласының жұмысы күтiп тұрды. «Бисмилла» деп кеден органын дамытудың үш жылдық бағдарламасы қабылданды, адам орнына техника молынан тартылып, бекеттегi тексерудi Астанада отырып қарау мүмкiндiгi пайда болды. Нәтижесiнде ТМД елдерi арасында теңдесi жоқ кедендiк бақылау жүйесiн қалыптастырды. Оңтүстiкте «Мәдениет жылын» пайдаланып, осы саланың мамандарына бiр жылда 224 пәтердiң кiлтiн табыстаған Б.Сапарбаев 2-3 жылдың iшiнде 40-тан астам кеден қызметкерiн мемлекеттiк наградамен марапаттап, шендерiн көтерумен бiрге, олардың абырой-беделiн де көтердi.

Бердiбек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысын басқарғанда да қамшы салдырған, соңынан жаман сөз ерткен жоқ. Алты жыл қызметiнiң алғашқы үш жылы табиғаттың ауыр сынағына қарсы күреспен өттi, халықпен бiрге болғаны себептi одан да абыроймен шықты. Орыстанған Алтай аймағын қазақыландыруда аянған жоқ.

Анализ жасауға мықты Бердiбек Сапарбаев былтыр Ақтөбе облысына барған бойда түгел аралап, саманнан, ағаштан және қамыстан салынған 67 мектепте оқушылар әлi күнге дейiн бiлiм алып жүргенiн, 20 мектеп 1945 жылға дейiн тұрғызылғанын, облыстық бiлiм басқармасы жағдайды мүлде бiлмейтiнiн, ал, бұл мәселенi әкiмдер дер кезiнде көтермегенiн қатты сынға алды. Сонымен Ақтөбе өңiрiнде мектеп ғимараттарын жаңарту жолындағы жұмыстар басталып кеттi.

Былтыр Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзге әкiмдердi Пайғамбар жасына келген Бердiбек Сапарбаевтан үлгi алуға шақырып қана қойған жоқ, оның жұмыс iстеу мерзiмiн 2020 жылға дейiн ұзартты...

Өмiрзақ АҚЖIГIТ

okg.kz

T. Кіршібаев