Биыл Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 76 жыл толды. Елімізде осы қан майдан соғысқа қатысқан 665 ардагер бар. Солардың бірі, Мәскеуді қорғауда ерекше ерлік көрсеткен, әйгілі Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері – Жонқабаев Қайырлы Уатайұлы бүгін 100 жасқа толды.
Осы айтулы датаға байланысты Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Фатихұлы Жақсылықовтың тікелей нұсқауымен және Алматы қаласының әкімі Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлының тікелей қолдауымен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ардагерді құттықтады.
"Ардагерлерді мереке кезінде құттықтау біздің дәстүрімізге айналды. Біз өскелең ұрпақты Отанға жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісімен, жау шебіндегі әскери ерліктермен тәрбиелейміз! Өкінішке қарай, ардагерлер саны азайып келеді. Бүгінде Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының құрамында 3 тыл еңбеккері, соғыс ардагерлеріне теңестірілген 1 ардагер бар. Сондықтан, біз оларға әрдайым назар аударып, қамқорлық көрсетуге тырысамыз", - дейді ұлттық ұлан өкілі.
Қайырлы Уатайұлы өзін 100 жасқа толуы мерекесін құттықтай келгендерге алғысын білдірді.
"Ел Президетіне рахмет, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Жақсылықов Руслан Фатихұлына және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтайұлына рахмет. Пандемиядан аман болыңыздар. Қазақстанның қорғаны мығым болсын. Елімізді қорғайтын жауынгерлер көп көп болсын”, - деді ардагер.
Жиналған қауымға Қайырлы Жоңқабаев соғыстағы естеліктерін бөлісті.
“Мен соғысқа 20 жасымда аттандым. Біз жау әскерін Мәскеуге 30 шақырым қалғанда тоқтаттық. Қарашаның аяғы, желтоқсанның басында қайта қарсы шабуылға шықтық. Содан фашист армиясын Мәскеуден 150 шақырым қашаықтыққа апарып тастадық. Біздің жеңіске жетуге деген рухымыз күшті болды", - дейді ардагер.
100 жасын қарса алып отырған Ұлы Отан жауынгері өміріне риза екенін айтты.
"Ата-анам маған жақсы тәрбие берді. Спортпен айналыстым, жаман әдеттерден аулақ болдым. Үйленіп, 5 баланы тәрбиеледім. Барлығы жоғары білім алды. Қазір балаларымның, немерелерім мен шөберелерімнің арасында бақытты өмір сүріп жатырмын. Олар маған жақсы күтім жасайды. Сондықтан, бұдан да ұзақ өмір сүргім келеді! Кешеден бері Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, Алматы қаласының әкімдігі мені 100 жас мерейтойымен құттықтап жатыр. Мен бұған өте қуаныштымын! Барлығына көп рахмет!", - дейді Қайырлы Уатайұлы.
Осыдан соң Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді орындап, көптің ықыласына бөленді.
Қайырлы Жоңқабаев құрамында болған 316 атқыштар дивизиясы 1941 жылы Алматыда құрылды. Құрамындағы жауынгерлер оңтүстік өңір азаматтарынан алынды. Алдымен 1941 жылы 16-армия құрамында Мәскеуді қорғау соғысына қатысты. Дивизияны Панфилов басқарды. Соғыстағы ерлігі үшін дивизия кейіннен 8 атқыштар гвардиясы атағын алды. "Қызыл ту", "Ленин" ордендерімен марапатталды. Бұл дивизияның құрамынан 36 жауынгер “Кеңес Одағының Батыры” атағын алды. Оның ішінде әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы “1990 жылы), Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров сынды батырларымыз бар.
Іс-шара соңында жиналған қауым естелік үшін суретке түсті.
Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынды.
Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған, Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алды.
Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарында болған. 1970 - 1983 ж.ж. Алматыдағы общепит жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін “Қызыл Жұлдыз”, және ІІ дәрежелі “Отан соғысының” орденімен, “Ерлігі үшін”, “Мәскеуді қорғағаны үшін” медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.