Халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы түзеуге және Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға ат салысып келе жатқан «Оңтүстік» Индустриалды аймағында бүгінде тіршілік қызу. Аймақ бойынша жалпы 95,1 миллиард теңге көлемінде 6 668 жұмыс орнымен 71 жоба жүзеге асуда, - деп хабарлайды "Алаш айнасы" rgmedia.kz порталына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда 71 жобаның жалпы сомасы 42,5 миллиард теңге болатын 39 жүзеге асып, 3 599 жұмыс орны ашылды. Осы жылы 27,2 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба жүзеге асып, жаңа 845 жұмыс орны ашылмақ. Аймақтағы ең ірі «Spirit-Казахстан», «HILL Corparation», «Евро Кристалл», «BayerGroup» сияқты тауарөндіруші кәсіпорындары Индустрияландыру картасы аясында қолдау алып, бүгінде өндірістік қуаттылығы артуда.
ҮИИД бағдарламасы аясында 2009 жылы Шымкентте іске қосылған «Hill Corporation» зауытына 300 адам жұмысқа тұрған Бұл елдегі әлемдік стандартқа сай мотор майын өндіретін жалғыз зауыт. Шымкенттік зауыт өнімінің сапасын «РД ҚазМұнайГаз» АҚ, «Интергаз Центральная Азия» АҚ, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Арселор Миттал» АҚ және т.б. ірі кәсіпорындар бағалап үлгерді.Бүгінде аталған кәсіпорындар ішкі сұранысты қамтып қана қоймай шетелге экспорттауды бастап кеткен. Нәтижесінде өңір экономикасының дамуына айтарлықтай өз үлестерін қоса бастады. Сонымен қатар, аталған кәсіпорындарда жергілікті тұрғындар қатарынан азаматтарды көптеп жұмыспен қамту деңгейі жоғарылап келеді.
Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама Мемлекет басшысының «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 2009 жылғы 15 мамырдағы кезектен тыс 12 съезінде берген тапсырмасын, Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін, сондай-ақ Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асырудың екінші кезеңі болып табылатын Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басты бағыттарына сәйкес әзірленген.
Бағдарлама экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы оның орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.