2020-2025 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасында өзек болған екі мәселе бар: бірі – өңделген тауарлардың экспортын ұлғайту, екіншісі – қолданыстағы кәсіпорындардың санын арттыру. Үкімет отырысында белгілі болғандай, тұжырымдама жобасында "қарапайым заттар экономикасын" дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, өңдеу өнеркәсібіндегі экспорттаушыларды қолдау, шетелдік инвестицияларды қосқанда, жеке инвестицияларды тарту арқылы қомақты, үздік жобаларды іске асыру көзделген.
Санақ бойынша үшінші Индустрияландыру бағдарламасының қорытындылары бойынша 2026 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарда бар:
1.Негізгі капиталға салынған инвестицияның 2 есе өсуі;
2. Еңбек өнімділігінің 1,7 есе өсуі;
3. Өңделген тауарлар экспортының 2,3 есе өсуі;
4. Экономикалық күрделілік индексін 55-ші орынға дейін көтеру (Гарвард);
5. Экономикалық белсенді халықтың 1000 адамға шаққанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 2,3 есе ұлғайту.
Аталған жоспарды 2020-2025 жылдар кезеңінде орындау үшін қажетті институттар мен шаралар жүйесі құрылатын болады.
Қолданыстағы кәсіпорындардың санын арттыру және өңделген тауарлардың экспортын ұлғайту шаралары туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батанов пен ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәлімдеді.
Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне, оның стратегиялық дамуына үлкен назар аударылатындығын айтты.
"Біздің қазіргі уақыт – ерекше уақыт, себебі 2020-2025 жылдарға арналған жоспардағы бесжылдық заңнамалық және инфрақұрылымдық негізде жасалып отыр. Соған байланысты өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті институттар құрылды. Мұның барлығы мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Бізде үлкен нарық, бірыңғай экономикалық кеңістік бар, енді біздің өнімдеріміз еркін қозғалып, жаңа белестерді бағындырып, қосымша пайда таба алатын болады", — деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, бұл үшін барлық қосымша жағдай жасалатын болады. Экспорттық өнімдер шығаратын кәсіпорындар үшін жан-жақты көмек көрсетіледі.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батановтың мәлімдеуінше, Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіпті дамыту бойынша мақсаттары айқын. 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе артып, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі екі есе көбейеді деп жоспарлануда.
"Болашақта өңделген тауарлар экспорты мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 2,3 есе артады. Бұдан басқа, Гарвардтың экономикалық күрделілік индексі бойынша біз 84-ші орында тұрмыз. Болашақта 55-ші орынға көтерілуді жоспарлап отырмыз", – деді Алмас Батанов.