26 қараша күні Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы өтті. Отырыста күн тәртібіндегі мына мәселелер қаралды: Тарифтер мен әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағаларын төмендету шаралары; ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы; оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері.
Әлихан Смайылов: Үкімет мүшелері банкроттық рәсімдерді жетілдіруге бағытталған заң жобасын қолдады
Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндамасына сүйесек, оңалту және банкроттық рәсімдерді жетілдіруге бағытталған заң жобасы қолдау тапқан.
"Президент былтыр қыркүйек айында Парламенттің алтыншы шақырылымының үшінші сессиясының ашылуында оңалту және банкроттық рәсімдерді жетілдіру қажеттігі туралы айтқан еді. Тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Қаржы министрлігі тарапынан заң жобасы әзірленді. Бүгінде 4 мыңға жуық бизнес субъектісі банкроттық рәсімін, 400-ге жуық кәсіпорын оңалту рәсімін қолдануда. Негізінде ауыр қаржылық жағдайындағы бизнес субъектілері одан да көп. Қолданыстағы Заң кәсіпкерге тез арада сәтсіз бизнесін жабуға жол бермейді", - дейді министр.
Министрдің мәлімдемесі бойынша, әлі шамалары барларға оңалту процесіне жүгіну де қиынға соқпақ. Әр төртінші жағдайда сот борышкерді банкрот деп танудан бас тартады. Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беру қиын. Болмашы активтерінің бар болуы, сот үшін қарыздарды өтеуге мүмкіндік деп есептелінеді. Ұқсас жағдай оңалтуды қолдануда да байқалады. Әр үшінші арыз бойынша, борышкер төлемге қабілетті немесе төлем қабілетсіздігін қалпына келтіру үшін қаржы қорының бар екенін дәлелдемеді деген сылтауымен сот оңалту рәсімін қолданудан бас тартады.
"Заң жобасы осы мәселелерді шешуге ұмтылады. Оның үш негізгі бағыты – оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін шарттарды жеңілдету, рәсімдерді жүргізу мерзімін қысқарту және жұмыс істемейтін борышкерлерді жеңіл түрде тарату", - деді Әлихан Смайылов.
Данияр Ақышев: Банктердің тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады
"Ұлттық банк мұнай бағасы төмендеген кезде Қазақстан Республикасының 2019 - 2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына өзгерістерді қолдайды. Осы ретте, болжамдағы теңгенің айырбастау бағамының есеп айырысу мәні біз үшін бағдар емес. Ұлттық банкі құбылмалы айырбастау бағамының режимін сақтайды", - дейді министр Ақышев.
Ұлттық банктің инфляция бойынша ортамерзімді мақсаты 4%-дық деңгей болып қалады.
"Инфляцияның 2019 жылдың дәлізінен тыс 4-6% шығу тәуекелі сақталып қалды. Инфляцияның өсуін болдырмау үшін ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдатуға болады. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме нақты көрсетуде экономиканың ұзақ мерзімді өсу қарқынынан аспайды", - деді ҰБ төрағасы.
Қазақстан Ұлттық банкі банктерді қалыпқа келтіру және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыра береді. Бұл шаралар "7-20-25" бағдарламасын іске асыру және банктерге 600 миллиард теңге шегінде өтімділік беру банктердің кредиттік белсенділігінің өсуіне ықпал етеді", - дейді Данияр Ақышев.
Қанат Бозымбаев: Электр энергиясына төмендетілген жаңа шекті тариф бекітілетін болады
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, осы аптада электр энергиясына төмендетілген жаңа шекті тариф бекітілмек.
"Президент тапсырмасына сәйкес, электр энергиясының шекті тарифтерінің объектив деңгейін белгілейтін жұмыстар аяқталып қалды. Өткен аптада алдын ала нәтижелер Президент әкімшілігі, Бас прокуратура, мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен құрылған жұмыс тобында бұл мәселе талқыға салынды", - дейді Қанат Бозымбаев.
Бозымбаев айтуынша, онда электр энергиясы бағасының орташа өлшем деңгейін қазіргі шекті тарифтен төмендету тәсілі қолдау тауып, электр энергиясына шекті тарифтердің ұсынылған деңгейі қарастырылған.
"Бұдан басқа, түпкі тұтынушыларға электр энергиясы бағасын төмендету мақсатында қуатқа шекті тариф мөлшері 1 мегаВатт үшін 590 мың теңге бекітілетін болады. Нәтижесінде ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми ұстанымы алынып тасталып, бүгінгі күн соңына дейін тиісті бұйрық жобасын Әділет министрілігіне енгізу жоспарланды. Осы аптаның аяғына дейін қуатқа жаңа төменделтілген шекті тарифтің деңгейін бекіту мақұлданды", - деді ол.
Қанат Бозымбаевтың мәлімдемесіне сәйкес, бұл 1 желтоқсанда орталықтандырылған сауданы өткізуге мүмкіндік беріп отыр.
"Сауданың нәтижесіне сәйкес энергия өндірушілердің электр энергияға арналған шекті тарифтері бекітіледі. Сонымен бірге, энергетикалық кәсіпорындардың өтініштеріне байланысты, бірінші - кем дегенде электр станциялары үшін бүгінгі көмір бағасын сақтау және делдалдық жүйесін жою, көмір бағасын төмендету, екінші - 2019 жылы бірінші қаңтардан бастап, энергия беруші және энергия жабдықтаушылардың тарифтерін қазіргі деңгейден төмендету керек", -деді Энергетика министрі.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлық газдың көтерме бағасы да арзандамақ.
"Энергия өндірушілердің тарифтерін төмендету мақсатында Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, тауарлық газдың көтерме шекті бағасын төмендету бойынша бұйрық жобасы әзірленді. Біздің есебімізше, көтерме баға төмендесе, 2019 жылдың қаңтарынан бастап өңірлерге байланысты газ пайдаланатын электр стансалары үшін тауарлық газдың түпкілікті бағасы 12%-дан 22%-ға арзандайтын болады", - деді министр Бозымбаев .
Газдың көтерме бағасын министрліктің төмендетуі бойынша табиғи монополияларды реттеу комитеті тиісті бұйрықтарды бекітіп, электр станциялары үшін газ бағасын түсіруі керек екен. Электр энергиясы мен тауарлық газ бағалары электр станциялары үшін төмендейді. Бұл шара Ұлттық экономика министрлігі тиісті бұйырығын беру арқылы жүзеге асырылады. Бірақ бұл бұйрық 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілмек.
Жеңіс Қасымбек: Көмірдің тоннасы 3 мың теңгеге төмендейді
Елімізде көмір бағасын төмендету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның мән-жайын ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек түсіндірді.
"Әкімдіктердің берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл 1 мамыр мен 23 қараша аралығында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіктер үшін халыққа көмір қорын жинау жұмыстары жоспарлы режимде орындалған. Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстары керекті көмірмен толық қамтамасыз етілді. Жылдық жоспарға сәйкес, сегіз облысты және Алматы мен Шымкент қалаларын көмір қорымен қамту көрсеткіші 85 %-дан асады",- дейді министр Қасымбек.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сай, халыққа жеткізілетін көмірдің бағасы оның сапасы мен соңғы тұтынушыға дейінгі қашықтыққа байланысты орташа есеппен 15 мың теңге болмақ.
"Коммуналдық-тұрмыстық көмір тарифтерін және бағаларын төмендету мәселесі бойынша сіздің тапсырмаңызды орындау үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы жергілікті атқарушы органдар және қоймалардағы коммуналдық-тұрмыстық көмірді сатушылар арасында меморандум жобасын дайындады. Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарының жергілікті атқарушы органдары өңірлерде орналасқан қойма иелерімен меморандумдар жасады. Қалған өңірлер де осындай меморандум жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл процесс екі күн ішінде толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз", - деді Жеңіс Қасымбек. Бұған қатысты премьер-министр Бақытжан Сағынтаев былай дейді:
"Көмір бағасы теміржол тұйықтарында төмендеп кетті. Ал ары қарай көлікпен тасу сияқты жұмыстар жергілікті әкімдердің жұмысы. Қазір ол жұмыстар атқарылмайтын болса, онда көмір бағасының 17-20%-ға дейін төмендеуі тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің еншісіне кетеді. Бағаның төмендеуі тұтынушыға еш әсер етпейді. Үкімет, министрлік өз жұмысын жасады. Негізгі көмір өндірушілермен келісімшарттар жасалып, жұмыстың бәрі аяқталды. Енді, негізгі тұтынушыларға дейінгі жұмысты қолға алуды сұраймыз", - дейді Үкімет басшысы.
Тимур Сүлейменов: Жылумен, сумен және электр энергиясымен жабдықтау саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 миллиард теңгеге төмендету шешімі қабылданды
Тимур Сүлейменов монополистердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, электр, көмір, жылу, су, газбен жабдықтау, кәріз, телефон байланысы, интернет, лифттерге қызмет көрсету, қоқыс шығару саласындағы қызметтердегі тарифтерді төмендету негізігде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
"Біріншіден, қазір жылу, су және электр энергиясымен қамту саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 миллиард теңгеге, оның ішінде соңғы екі аптада 6 субъект бойынша 1,9 миллиард теңгеге төмендету туралы шешім қабылданды.
Екіншіден, монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында монополистерге жоспардан тыс 33 тексеру басталды. Жоспардан тыс тағы 24 тексеру басталатын болады.
Үшіншіден, Энергетика министрлігімен бірге электр энергиясына және газға арналған көтерме бағаларды төмендету жұмысы жүріп жатыр. Көтерме бағалар түсірілген кезде министрлік соңғы тұтынушылар үшін бөлшек бағаларды арзандату бойынша жұмысты жүргізетін болады»,- деді ол.
19 қарашада министрлікте облыстардың және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктерімен жылумен және сумен қамту, электр энергиясын тарату және жабдықтау, қоқысты шығару, пәтер иелерінің кооперативі, лифт қызметтеріне, сондай-ақ автобус, троллейбус және трамвай тасымалдары қызметтеріне әкімдіктердің бағаларды төмендету бойынша жұмыс жүргізу қажеттігі туралы селекторлық кеңес өткізілген екен.
Министр мәлімдемесіне сәйкес, қазір Жамбыл облысының әкімдігінен ғана бағаларды төмендету жөнінде жүргізілген жұмыс туралы ақпарат келіп түскен. Оған сәйкес облыста 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін пәтер иелерінің кооперативі қызметтеріне баға - 6,7% қоқыс шығару қызметтеріне - 5%, лифт қызметтеріне 7% арзандайды.